«Jastar Talks» – 2020 жылы іске қосылған жоба. Алғаш қала әкімімен кездесуден басталған алаң бүгінде елордадағы жастар мәдениеті мен өмірін жақсартуға қатысты сауалдарды талқылайтын, идея ұсынатын ортаға айналған.
– Біздің көздеген мақсатымыз – жастардың жеке және әлеуметтік дамуына ықпал ету, олардың бос уақытын ұйымдастыру, шығармашылық түрде өзін дамытуы үшін жағдай жасау. Кездесуге жастарды ынталандыратындай, өз салаларында белгілі бір тәжірибесі бар спортшылар, блогерлер, медиа тұлғалар және тағы басқаларды тартамыз. Бірі өзіне деген сенімсіздікті қалай жеңгенін айтса, енді бірі мамандық таңдау сынды өзге де түйткілді мәселелерге тоқталады, – деді «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығы Жастар бастамаларын қолдау бөлімінің маманы Айсұлу Қайыр.
Жыл басынан бері жастарға арналған платформада алты кездесу өткен. Спикер ретінде ММА бойынша әлем чемпионы Аманжол Өтеуов пен ММА бойынша Қазақстан чемпионы Руслан Шаносов, шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Абзал Әжғалиев, 24KZ арнасының жүргізушісі, «President» арнайы жобасының авторы және жүргізушісі Әділ Балтабаев пен Хабар телеарнасының журналисі, блогер Мөлдір Доспаева арнайы шақырылыпты. Таяуда ғана бокстан жастар халықаралық дәрежедегі спорт шебері және жаттықтырушы Мұхит Амантаевпен жүздескен. Спортшы өз тәжірибесімен бөлісіп, жас буын алдында мамандық таңдаудың маңызына тоқталды.
– Әр мамандықтың өз ерекшелігі болады. Кей жасөспірімдер отбасындағы ата-аналарына, аға-әпкелеріне қызығып, дәрігер, құқық қорғау органдарының қызметкері, спорт шебері болып жатады. Десек те, ең алдымен, белгілі бір кәсіпті меңгерер алдында «Бұл менің қолымнан келе ме?» деген сауал қойыңыз. Салалардың қайсысы жанға жақын, ал қайсы салада жұмыс істегіңіз келмейді, осыны анықтап алу керек. Тіпті шешім қабылдау қиын болса, қазір интернетте кәсіби қабілетіңізді анықтап беретін неше түрлі тест бар, осы тест көмегімен қандай қабілетіңіздің жетік екенін анықтау қиын емес, – деді Мұхит Амантаев.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, бүгінде мұндай алаңдарды іздейтін жастардың қатары көп. Бір кездесудің өзінде орташа есеппен 50-ден аса азамат қатысады екен.