Қоғам • 05 Наурыз, 2024

Тағылымды бағдарлама

121 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Наурыз айынан бастап «Qazaqstan» телеарнасынан «Технократтар талқысы» бағдарламасы көрерменге жол тартады.

Тағылымды бағдарлама

Заманауи форматта жарық көре­тін бағдарлама корпорацияның Ал­маты филиалында түсіріліп жа­тыр. Сонымен қатар хабарға ұлт­тық арнаның Бельгия, Ресей, Ұлы­британиядағы меншікті тілшілері белсенді атсалысып отыр.

«Qazaqstan» телерадиокорпора­циясының бас редакторы әрі бағдар­лама жүргізушісі Болат Мүрсәлімнің айтуынша, «Технократтар талқысы» циклінде бұрын айтылмаған тақы­рыптар ғалымдар талқысына түседі.

«Корпорация басшысы Ләззат Танысбай биыл ғылым мен технология бағытындағы бағдарламаларға ерекше мән беріп отыр. Жаңа жоба – осы ба­ғыттағы ізденістің бірі. Бағ­дар­ламаға Ұлттық ғылым академия­сы­ның ғалымдары, Жоғары оқу орын­дарында дәріс беретін оқытушы­лар мен профессорлар, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен ғалымдары қатысады. АҚШ, Канада, Франция, Ұлыбритания, Ре­сей, Жа­пония, Оңтүстік Корея, Қы­тай ел­дерінде оқып, зерттеумен ай­на­­­лысып жүрген қазақ ғалым­да­рын онлайн-сұхбатқа шақыра­мыз. Со­нымен бірге ғылым саласын­да жаңа есімдерді танытуды көз­деп отыр­ған жоба аясында «Бола­шақ» бағдарламасымен оқы­ған ғалымдар­дың ғылыми жаңалық­-
та­ры туралы естиміз. Бүгінде кө­кейкесті болып отырған ауаны тазарту технологиясы, электрмобильдер өндірісі, энергияның жаңа көздері, құрылыс саласындағы 3Д принтер тәрізді заманауи құрылғылар, ақыл­ды қа­лалар, гендік инженерия, жа­сан­ды ағза, роботтехника, жер­ден тыс өмір, жасанды интеллект, ки­бер­қауіпсіздік, блокчейн және криптовалюта, наноөнімдерге қа­тыс­ты әлемдік жаңалықтардың, ғалым­дардың сараптамасының осы салаларда тыңнан түрен салуға, елі­мізде тың жобаларға түрткі бола­тынына сенімім мол», дейді ол.

Осы орайда бағдарлама барысында талқыланатын тақырып­тың бірі – электр көлігі өндірісіне тоқталып өткен Б.Мүрсәлім ғалым­дар­дың көлікті қуаттауға қатысты шеші­мінің маңызына назар аудар­ды. Мұндай көліктің бензинмен қозғалатын автомобильдерден ар­тық­шылығы қоршаған ортаны ластамайды. Энергияға да үнем. Бүгінде елі­мізде 5 мыңға жуық электрмо­биль бар десек, оларды қуаттау не­гізгі мәселенің біріне айналып отыр. Мұндай көліктерді қуаттау бе­кет­тері елімізде ғана емес, әлемде аз. Ба­сым жағдайда литий-ионды ба­тареялар қолданылады. Осы орай­да Назарбаев университетінің про­фессоры Жұмабай Бәкенов литий-күкіртті батарея ойлап тауып, жоба­ның энергия үнемділігін дәлел­деп отыр. Қысқасы, аталған бағ­дарлама осындай тақырып ауқым­дылығымен ерекшеленеді.

 

АЛМАТЫ