Жас ғалымның айтуынша, бактериялардың жасушаішілік локализациясы бар кейбір инфекцияларды антибиотиктермен емдеу қиын. Мұның бірнеше себебі бар. Антибиотиктер жасушалық ортаға жақсы сіңбейді, айтарлықтай әсері болмай, тез жойылады немесе жұмысын тоқтатады.
«Бұл мәселені шешудің сәтті әрекеті – тасымалдау жүйелері арқылы жасушаларға антибиотиктерді жеткізетін полимер нанобөлшектерімен немесе липосомалармен байланысты. Қазір біз бие сүтінен алынған экзосомалар, микровезикулалар арқылы антибиотиктерді жасушаларға жеткізу мүмкіндігін зерттеп жатырмыз (экзосомалар – жасушалардың қоршаған ортаға бөлетін жасушадан тыс көпіршіктері) Сүттен экзосомаларды бөліп алу – оқшауланған зерттеулер жүргізіліп жатқан жаңа сала. Сиыр сүтінің құрамында көп мөлшерде казеин бар. Ол ұзақ сақталатындықтан, мұқият тазартуды қажет етеді. Бие сүті ана сүті сияқты, казеинді көп қамтымайды және экзосомалар жасау үшін әлі пайдаланылмаған», деді ол.
Бұл зерттеуде бие сүтінің экзосомасының қасиеті мол екенін байқадық. Біріншіден, эксосомаларды антибиотиктерді тікелей жұқтырған жасушаларға жеткізу үшін тасымалдаушылар ретінде пайдалану емдеудің тиімділігін арттыруға және антибиотиктердің сау жасушаларға әсері мен бактерияның төзімділігін дамыту ықтималын азайтуға болады. Екіншіден, экзосомалар иммундық жауапқа әсер ететін молекулаларды алып жүреді. Олар ағзаның инфекциялармен, әсіресе антибиотиктерге төзімді бактериялардан туындаған инфекциялармен күресуін арттырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен басқа да денсаулық сақтау агенттіктерінің мәліметінше, антибиотиктерге төзімділік емдеу уақытының ұзақ болуына, медициналық шығындардың жоғарылауына, өлім-жітімнің көбеюіне әкеледі.
«Жалпы, статистикаға сүйенсек, жыл сайын миллиондаған аурудың антибиотиктерге төзімділігіне байланысты емдеу болып отыр. Бұл үрдіс өсіп барады. Антибиотиктерге төзімді инфекциялар әдетте кейбір бактериялар мен паразиттер сияқты қабылдаушы жасушаларының ішінде өмір сүріп, көбейе алатын микроорганизмдерден туатын ауруларды қамтиды. Мұндай инфекциялар, мысалы: туберкулез, легионеллез, пневмонияның бір түрі және хламидиоз. Антибиотиктерге төзімділік денсаулық сақтау саласының өзекті проблемасына айналды», деді жас ғалым.
Бұл жоба былтыр басталған. Қазір жасуша желілеріне тәжірибе жүргізіліп жатыр. Ол аяқталғаннан кейін зерттеулер зертханалық жануарлардың қатысуымен жүргізіледі. Осы зерттеулер сәтті өткеннен кейін клиникалық сынаққа көшу жоспарланған. Nazarbayev University жаңа дәрі-дәрмектерді іздеу және зерттеу зертханасын Медицина мектебінің профессоры, доктор Мохамад Альжофан басқарады.
«Қазір бізде бірнеше жоба бар. Сондай-ақ өз жобама қосымша бір мезгілде оксидативтік күйзелісін азайтуға және қарқынды физикалық белсенділік кезінде денсаулықты сақтауға көмектесетін мамандандырылған тамақтанудың әзірлемесін коммерцияландырып жатырмын. Бүгінге дейін сарапшылар мен тұтынушылардың жоғары бағасына ие болған «Қайнар» тағамдық қоспасын нарыққа шығардық. Осы зерттеу шамамен 10 жыл бойы жүргізілді. Бұл – жүрек-қан тамыры ауруларының дамуы мен асқынуын болдырмайтын жүзім полифенолдарының концентратына негізделген биологиялық белсенді қоспа. Зауыт жылына 20 мың бірлік өнім шығарады. Енді біз тағы бір зерттеуіміздің нәтижесін нарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге Ғылым қорының қаржыландыруы аясында іске асқан спортшыларға және денсаулыққа зиян тигізетін салада еңбек етіп жүрген қызметкерлерге арналған мамандандырылған диеталық өнімді шығарамыз», деді Шыңғыс өзінің ғылыми жобаларымен бөлісіп.
Енді кейіпкеріміз туралы бірер сөз. Ш.Серғазы ғылымдағы алғашқы қадамын дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінен бастаған. Сонда оқып жүріп, биологияға қызығушылығы артып, осы пәннен өткен бірқатар республикалық олимпиаданың жүлдегері болған. Кейін «Болашақ» бағдарламасымен шетелде молекулалық биология және фармакология саласында білім алған.