Қаржы • 05 Наурыз, 2024

Зейнетақы жинағы тиімді басқарыла ма?

115 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кейінгі бірер жылда «жеке басқарушы компаниялар зейнетақы жинақтарын қалай басқарады?» деген мәселе күн тәртібінен түскен емес. Үкімет пен Ұлттық банк (ҰБ) үшін де бұл тақырып өзекті. Ақпан айының екінші онкүндігінде Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Үкіметтің әлеуметтік блогі (БЖЗҚ) қаражатты алудың табыстылығын қамтамасыз етуді қатаң қадағалайтынын айтқан.

Зейнетақы жинағы тиімді басқарыла ма?

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Бұл ретте Үкімет пен Ұлт­тық банк жеке басқарушы компания­лардың мүмкіндігінен үміт күтеті­нін жиі айтады. Ел ішінде зейнетақы жүйесіне реформа керек деген пікір де бар.

Апта басынан бері тәуелсіз сарапшылар Ұлттық банк бас­қаруындағы БЖЗҚ салымдарының инвестицияның табыстылығы инфляцияны жаба алмағанын айтып жатыр. Осының алдында ғана БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаратын компаниялардың табыстылығын жариялады. Зейнетақы активтерін қабылдайтын барлық басқарушы компания 2023 жылы Ұлттық банкпен салыстырғанда жоғары кірістілік көрсеткен. Зейнетақы активтерінің инвестициялық табысы 1,6 трлн теңгеге жетіпті. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 685,4 млрд теңгеге немесе 77,7%-ға артық. Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің жылдық кірістілігі 10,1 пайызды құраған. 2023 жылы жылдық инфляция деңгейі 9,8 пайызды құрағанын ескерсек, таза табыс деңгейі 0,31 пайыз болып шығады.

«2023 жыл үшін салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кіріс­ті­лігі инфляция 9,80% болғанда 10,11%-ды құрады», делінген активтерді ин­вес­­тициялық басқару бойынша ақ­па­ратта.

2024 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша, Ұлттық Банк сенімгерлік басқаруындағы актив көлемі 17,8 трлн теңгені құраса, ал инвестициялық порт­фельді басқарушыларға (ИПБ) 26,8 млрд теңге берілген. Қазіргі кезде зей­нетақы қоры қаражатын Ұлт­тық банктен бөлек, 5 жеке ойыншы басқарады:

  • Halyk Finance ( 13,8 млрд теңге);
  • Jusan Invest (5,9 млрд теңге);
  • Halyk Global Markets (3,2млрд теңге),
  • BCC Invest (2,9 млрд теңге);
  • Centras Securities (1,02 млрд теңге).

13,8 млрд теңге активті басқаратын Halyk Finance компаниясындағы активтердің инвестициялық кірістілігі 328,02 млн теңге болған. 2023 жылға зейнетақы активтерінің кірістілігі 17,2%-ды құраған. Инфляцияны есепке алғандағы түзетілген табыс деңгейі – 7,4 пайыз. «Инвестициялық қызмет нәтижесінде 2023 жылдың басынан бері есептелген инвестициялық табыс мөлшері 328,02 млн теңге болды. 2023 жылға зейнетақы активтерінің кірістілігі – 17,20%» делінген есепте.

328 млн теңге инвесттабыстың 211 млн теңгесі – бағалы қағаздар бойынша, оның ішінде орналастырылған салымдар және «кері РЕПО» операциялары бойынша сыйақы түрінде түскен табыс.

Jusan Invest халықтың 5,9 млрд теңге зейнетақы жинағын басқарады. Компания басқаратын активтерге былтыр 606,58 млн теңге табыс есептелген. Зейнетақы активтерінің кірістілігі 13,48%-ды құрады. Инфляция деңгейін ескерсек, таза табыс 3,68% болған. «Инвестициялық қызметтің, сондай-ақ шетелдік валюталар бағамының құ­былмалылығы салдарынан және қар­жы құралдарының нарықтық құ­нының өзгеруі нәтижесінде 2023 жыл үшін есептелген инвестициялық табыс көлемі 606,58 млн теңгені құ­рады. Зейнетақы активтерінің кіріс­тілігі – 13,48%» делінген компания есебінде.

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Halyk Global Markets» АҚ сенімгерлік басқаруындағы «БЖЗҚ» АҚ зейнетақы активтері 3,2 млрд теңге болыпты. Осы қаражатқа былтыр 403,99 млн теңге табыс есептелген. Кірістілігі 15,55%-ды құраған. Ал инфляция деңгейін есепке алсақ, таза табыс көлемі – 5,5%. «2023 жылға есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 403,99 млн теңгені құрады. Зейнетақы активтерінің кірістілігі қыз­мет басталған 2021 жылдан бері 30,52% және 2023 жылы 15,55%-ды құ­ра­ды» делінген ақпаратта.

BCC Invest сенімгерлік басқаруын­да­ғы 2,9 млрд теңге зейнетақы активіне 2023 жылы 230,23 млн теңге инвесттабыс түскен. Компания активтердің кірістілігі 13,05% болғанын атап өтеді. Инфляциямен түзетілген табыс деңгейі 3,25% болады. «Инвестициялық қыз­меттің нәтижесінде есептелген ин­вес­тициялық кіріс мөлшері 230,23 млн теңгені құрады. Зейнетақы актив­те­рі­нің кірістілігі – 13,05%. Есеп­телген инвестициялық кірістің үлкен бөлігі кері репо операциялары бойынша сыйақыға және бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түсетін кірістерге келді», делінген хабарламада.

Centras Securities 1,02 млрд теңге зейнетақы активін басқарады. Ком­пания басқаруындағы активтер аса қомақты табыс таппаған. Был­тыр 1,02 млрд теңгеге 105,27 млн теңге табыс есептелген. 2023 жылғы кірістілігі 10,67% болған. «Ин­вес­ти­циялық қызметтің және қар­жы құралдарының нарықтық құны­ның өзгеруі нәтижесінде 2023 жыл басынан бері есептелген ин­вес­ти­циялық табыс мөлшері 105,27 млн теңге болды. 2023 жыл басынан бергі зейнетақы активтерінің кірістілігі 10,67% болып отыр» деп жазылған ақпаратта.

Ұлттық банктің басқаруындағы активтерге қатысты жылдық мәндегі табысы жарияланса, жеке басқарушы компаниялардың айлық қызметінің көрсеткіштері ұсынылған болатын. Сарапшылардың айтуынша, жыл­дық мәндегі кірістілік пен айлық көрсеткішті салыстыру қиын. Содан кейін ҰБ басқаруындағы капиталды басқарушы компаниялар жетекшілік ететін капиталмен салыстыруға кел­мейді. БЖЗҚ салымдары триллион­дар­мен өлшенсе, басқарушы ком­па­ниялардың капиталы миллиардтармен өлшенеді. Инвестициялық кірістіліктің де табиғаты құбылмалы. Бір немесе бірнеше ай бойы теріс көрсеткішті көрсетсе, келесі жарты жылдықта бұл көрсеткіш керісінше болуы бек мүмкін. Сондықтан нақты табыстылықтың деңгейі бір жылдық көрсеткішпен ғана бағаланады. Ал инвестициямен БЖЗҚ емес, Ұлттық банк айналысады.

Тәуелсіз сарапшы Айбар Олжаев та осы пікірді қолдайды. Оның ай­туын­ша 2024 жылдың көрсеткішін ал­ғашқы екі айдағы өлшемдермен бағалауға болмайды. Мысалы, алдағы 10 айда біз БЖЗҚ салымдарының инвес­тициялық кірістілігі мен оған инфляцияның әсерінің қандай дең­гейде болатынын білмейміз. Қазір­гі жағдайды сарапшы адам ағзасында ет пен терінің арасында жүгіріп жүретін желге теңейді. Сарапшының айтуынша, 1998-2024 жылдар аралығында зейнетақы қорындағы салымдар шамамен 9,4 трлн теңге инвестициялық табыс жинаған. Бүкіл кезеңдегі жи­нақ­талған инвестициялық кіріс 816,4% болса, жи­нақталған инфляция – 754,3%.

Осылайша, жинақталған инвести­ция­лық табыс ұзақмерзімді перспективада инфляциядан асып түседі. Ал Ұлттық банк жүргізетін үйлесімді инвестициялық саясат бірнеше жылдан бері тұрақты табыс көрсеткішін қам­тамасыз етіп келеді. Зейнетақы активтерінің басым бөлігін Ұлттық банк басқарғандықтан, бас банк пен инвестициялық компаниялар қызметін салыстырып, олардың арасында бәсе­ке туындайды деп айтуға әлі ерте болар. Өйткені екі жақтың портфель көлемін де, құрылымын да, инвестициялау кезеңін де, әртараптандыру деңгейін де салыстыруға мүлдем кел­мейді.

«Қазақстан Миноритарлық Ак­цио­нер­лер Қауымдастығының» (QAMS) атқарушы директоры Данияр Темірбаев журналистермен кездес­кен кезде елімізде басқарушы ком­па­нияларға зейнетақы активтерін инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейту өкілеттігін беру керектігін айтты. Темірбаев бірінші кезекте кәсіби қа­ты­сушыларды икемді бақылауға ша­қырады. Себебі қолданыстағы реттеу тетіктері зейнетақы активтерін басқарушының барлығының бір­дей инвестициялық стратегияға ие болуына әкеледі: Басқаша айтқанда, зей­нетақы активтерін басқару­шы­лар­дың тәуекел деңгейін ескермейді. Бұл олардың бәсекелестік мүмкіндігін шектеп тастауы мүмкін.

Жинақталған зейнетақы қаража­ты­ның 50 пайызын жеке компания­ларға басқару үшін аударуға рұқсат бергеннен кейін жағдай өзгерді дейді сарапшы. Дегенмен жеке компа­ния­лар­дың табыстылығы Ұлттық банк басқаратын активтерден жоғары бол­ған жағдайда анықталады. Басқару­шы компаниялардың 2023 жылдағы көрсеткіші жаман емес. Демек ҰБ мен Үкіметтің зейнетақы салымдарын жеке басқарушы компанияларға өткізу туралы шешімі өзін өзі ақтады деуге болады.

 

АЛМАТЫ