Саясат • 05 Наурыз, 2024

Ерлан Қошанов Татарстан Раисымен кездесті

152 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ресей Федерациясына ресми сапары аясында Қазан қаласына барып, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановпен және Татарстан Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Фарид Мухаметшинмен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ерлан Қошанов Татарстан Раисымен кездесті

Кездесуде Ерлан Қошанов Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановқа жуырда ғана Қазанда өткен «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің салтанатты ашылуына қатысқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді.  

«Бұл – шын мәнінде спортты, ғылымды және технологияны біріктіретін өте креативті шешім. Осы тәжірибені әртүрлі салада іс жүзінде қолдану зор мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан Президентіміз келесі «Болашақтың ойындарын» Қазақстанда өткізуді ұсынды», деді Мәжіліс спикері.

э

Ерлан Қошанов өңіраралық өзара іс-әрекет туралы айта келе, Татарстан Ресейдің жетекші өнеркәсіптік аймақтарының бірі және біздің еліміз үшін маңызды серіктес екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда «Татнефть» (шина зауыты, бутадиен өндірісі), «ТЭМПО» (үлкен диаметрлі тік тігісті құбырлар өндірісі), «КАМАЗ» (жүк көліктерін құрастыру) және басқа да ірі компаниялар өз өндірістерін іске қосты.

Тараптар ынтымақтастықты, әсіресе, жоғары технологиялар саласындағы серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Мәжіліс спикері осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды «IT-мемлекетке» айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойғанын айтты.

Өз кезегінде Рустам Минниханов Қазақстан Президентімен кездесуді ерекше ықыласпен еске алып, қазақ және татар халықтарының тарихи-мәдени деңгейдегі жақындығын атап өтіп, Қазақстан мен Татарстан IT-парктерінің әлеуетін біріктіруді ұсынды.

в

Кездесу соңында Татарстан Раисы Қазақстан басшылығының биыл Астанада «Ұлы Дала Дүбірі» ұранымен өтетін Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақыруын ризашылықпен қабылдады.

Сапар барысында Мәжіліс төрағасы Татарстан Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Фарид Мухаметшинмен кездесіп, Қазақстан депутаттарының заң шығару жұмысы туралы айтып берді. Әсіресе, жаңа салық, бюджет, құрылыс және су кодекстеріне, халықтың шамадан тыс несие алуын төмендету, лудоманиямен күрес, әйелдер мен балаларды қорғау жөніндегі заң жобаларына тоқталды.

Сондай-ақ ол әріптестерін Мемлекеттік Кеңестің 30 жылдығымен құттықтап, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруда толағай табыс тіледі.

«Бізге парламентаралық байланысты дамытып, жиған тәжірибемен алмасу өте маңызды. Депутаттар жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асуына жан-жақты атсалысуға тиіс. Бүгінгі таңда Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының негізін өңіраралық ынтымақтастық құрайды. Қазақстан мен Ресей Федерациясының 89 субъектісінің 76-сымен тікелей сауда-экономикалық байланыс белсенді түрде дамып келеді. Олардың ішінде Татарстан көш бастап тұр», деді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдениет пен білім саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

«Біздің ортақ құндылықтарымыз көп – дініміз, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыз бір, тіліміз де ұқсас. Мұхтар Әуезовтің шығармалары татар тіліне аударылған. Биыл татар тілінде қазақ халық ертегілерінің жинағы шығарылады. Біздің елімізде Ұлы татар ақындары Ғабдолла Тоқай мен Мұса Жәлелге ескерткіштер орнатылды. Қазақстанда жыл сайын Сабантой кеңінен атап өтіледі. Татарстан университеттерінде оқитын қазақстандық студенттер – біздің халықтар арасындағы алтын көпіріміз», деді Ерлан Қошанов.

Өз кезегінде Фарид Мухаметшин өзара мәдени және туристік байланысты нығайтуға шақырды. Ол сондай-ақ мәселелерді шешу және нақты жобаларды жүзеге асырудағы парламентшілердің тұрақты диалогының маңыздылығын атап өтті.

Ресми сапар аясында Мәжіліс делегациясы Қазан Кремлінде болды, Б.Рамеев атындағы IT-парк жобаларымен, сондай-ақ IT мамандар даярлайтын «21 мектеп» жұмысымен және Ресейдегі химия өнеркәсібінің көшбасшыларының бірі – «Технополис Химград» инновациялық индустриялық паркінің өндірістік алаңдарымен танысты.