Сенат • 05 Наурыз, 2024

Мәулен Әшімбаев Моңғолияның Қазақстандағы Елшісімен кездесті

149 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Моңғолияның Қазақстандағы Елшісі Дорж Баярхуумен кездесті. Сұхбат барысында тараптар парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және екі ел арасындағы серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәулен Әшімбаев Моңғолияның Қазақстандағы Елшісімен кездесті

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Палата Спикері Елшіге ілтипат білдіре отырып, жоғары деңгейдегі өзара сенімге негізделген диалог Қазақстан мен Моңғолия ынтымақтастығын әрі қарай нығайтудың негізгі кепілі екенін атап өтті.

Осыған байланысты ол қазіргі уақытта халықаралық ұйымдар аясында белсенді дамып келе жатқан екі елдің парламентаралық қарым-қатынасын арттыра түсудің маңызы зор екеніне назар аударды.

«Қазақстан мен Моңғолия байланысының маңызды бағыттарының бірі – парламентаралық диалог. Біз алдағы уақытта Моңғолия Мемлекеттік Ұлы Хуралымен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақстан Парламентінің Сенатында Моңғолия Парламентімен ынтымақтастық жөніндегі топ құрылды. Мемлекеттік Ұлы Хуралда да «Моңғолия-Қазақстан» деп аталатын парламенттік достық тобы жұмыс істейді. Алдағы уақытта осы бағыттағы белсенді байланыс Парламенттер арасындағы қарым-қатынасты арттыруға мүмкіндік береді және заң шығару қызметінде тәжірибе алмасуға жол ашады», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы екі ел арасында түрлі саладағы байланыстар тиімді дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық мәселелері де талқыланды.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда іске асырылған ауқымды саяси жаңғыртулардың нәтижелеріне тоқталып өтті.

Кездесу барысында Палата Спикері рухани дипломатияны дамытудың маңызы жөнінде де сөз қозғады. Сондай-ақ ол моңғол дін көшбасшылары Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттарына қол жеткізуге елеулі үлес қосып, белсенді қолдау көрсетіп келе жатқанын айтып, сол үшін Дорж Баярхууге алғыс білдірді. Осы ретте Моңғолия буддистік храмдарының басшылары Форумның мазмұнын арттыруға және Съездің қорытынды құжаттарын дайындауға айтарлықтай үлес қосқанын атап өткен жөн.

Өз кезегінде Елші біздің елде жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси жаңғыртуларды жоғары бағалап, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.