Білім • 06 Наурыз, 2024

Кім көрінген мұғалім бола ма?

548 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазіргі талап бойынша мұғалімдік мамандықты жаңа бітіргендер 4 жыл бойы оқығанына қарамастан, жұмысқа тұру үшін білік­­тілік тестін тапсырады. Осыған қоса бірнеше кезеңнен тұра­тын конкурстан өтуге тиіс. Бірақ жақында педагогикалық маман­дықта оқымағандарды жазғы курстан өткізіп қана жұмысқа жіберетін бағдарламаның барын білдік. Бұл қалай болғаны?

Кім көрінген мұғалім бола ма?

«Teach for Qazaqstan» деп аталатын бағдарламаға білім саласында тәжі­ри­бесі жоқ мұғалімдер мен осы маман­дық­ты бітіргелі жүрген студенттер ғана емес, педагог болғысы келетін басқа сала­ның мамандары да қатыса алады екен. Бағдарлама бойынша жалпы екі ай, соның ішінде бір ай онлайн, бір ай офлайн сер­ти­фикатталған университетте қайта даярлау курсынан өткізіп, жұмысқа тұруға жолдама бере­ді. Офлайн оқу кезінде курс оқу­шыларға 300 мың теңге стипендия тағайындалады. Осы стипендия жұмысқа тұрғаннан кейін де жалақыға қосымша беріледі. Ең қызығы, тәжірибесіз, мұғалім мамандығы туралы дипломсыз, екі айлық курспен ғана жұмысқа тұрғызатын бағдарлама педагог жетіспейтін шалғай аудандар мен ауылдарға жіберіледі.

Бұл онсыз да қаладағы құрдас­тарына қарағанда сапа жағынан төмен білім алып жатқан ауыл ба­лаларын, шалғайдағы мектеп оқушыларын кемсіту неме­се одан сайын жағдайды нашар­лату емес пе? Одан қалды, «Teach for Kazakhstan» жобасымен педагогикалық мамандықты бітірмегендер бірнеше айлық курс­пен мұғалім бола алса, мұға­лімдік маман­дықты бітіргендер төрт жыл бойы оқыға­нымен қой­май, мектепке тұру үшін арнайы сынақтан өтеді. Бұл әділетсіздік болып саналмай ма? Ең әрісі, мұндай мамандарды жұмысқа қабылдау қалай жүргізіледі? Олар да сынақ тапсыра ма?

Осы сұрақтың бәрін орта білім саласына жауапты Оқу-ағар­ту министрі Ғани Бейсем­баевқа қойдық. Аталған минис­трліктің Қоғаммен байланыс депар­таментінің директоры Н.Қа­лиева жұмысқа қа­былдау­ға қа­тыс­­ты сауалы­мызға ғана жауап беріпті. Жауа­бын сөзбе-сөз келтірейік: «Педа­гогтерді жұмысқа қабыл­дауда «Педагог лауазымдарының үл­гілік біліктілік сипаттамала­рын бекі­ту туралы» Білім және ғылым минис­трі­нің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұй­рығы басшылыққа алынады. Осы бұй­рықтың 66-тармағына сәйкес, бар­лық мамандықтың пән мұға­лімдеріне қойы­­латын талаптар: тиісті бейін бойын­ша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі педагогика­лық білім немесе тиісті бейін бойынша өзге де кәсіптік білім я жұмыс өтіліне талап қоймастан, педагогикалық қайта даярлығын растайтын құжаттың бар болуы. Қайта даярлау – басқа кәсіпті немесе мамандықты игеруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқы­ту нысаны».

Иә, қайта даярлау педагоги­калық ма­мандықты бітіргенімен, жұмыс істеп көрмегендерге нә­ти­желі көмектесе­тін секілді. Өйт­кені олар бәрібір педа­гогикалық әдіс-тәсілдерді, педагоги­ка­лық психологияны, жас ерекшелік психологиясын оқыған ғой, тек жұмысқа орналасу үшін қай­та жаңғыртуды қа­жет етуі мүм­кін. Ал педагогикалық маман­дықтан бейхабар адамды әке­ліп бірнеше айлық курспен қыз­мет­ке алу, оның үстіне онсыз да қалалық құрдастарынан үлгерімі қалып бара жатқан ауыл балаларына сабақ беруге рұқсат беру алдымен балаға, одан кейін жылдарын сарп етіп оқыған, оған қоса біліктілік тес­тін және сынақ тапсырып жұ­мыс­қа тұратын әріптестеріне қиянат секілді қабылданады. Тағы бір мәселе, басқа маман­дық игерудің қалыптасқан, заңды және айлық курсқа қарағанда тиімді, қай жағынан да әділетті деп қабылданатын жолы бар, бұл – екінші жоғары білімді екі жыл немесе колледжден кейін үш жыл қысқартылған жоғары білім алу. Бі­рақ министрліктің жауабынан ұққаны­мыздай, бірнеше айлық курс жылдар бойғы оқумен тең бола алатын сыңайлы.

«Teach for Qazaqstan» қоғам­дық қорының директоры Гүлнар Салмен аталған жобамен бірнеше айлық курстан өткендердің төрт жыл оқып бітірген­дермен бірдей жұмысқа тұруын әділетсіз­дікке жатқызбайтынын жеткізді.

– Жоқ, біз мұны әділетсіз деп санамаймыз. Біріншіден, «Пе­дагог мәртебесі туралы» заң­ға сәйкес, бағдарламаның бар­лық қатысушысы жоғары білім­ге ие және педагогикалық қайта даярлаудан өтеді. Жоға­рыда аталған заңға сай лингвис­тика, ағылшын филология­сы, аударма бағытындағы маман­дықтарды бітірген адамдар ағыл­шын тілі мұғалімі болу үшін пе­дагогикалық қайта даяр­лаудан өтуі керек. Біздің жобаға қаты­­сушылар Сүлеймен Демирель атын­да­ғы университетте қайта даяр­лау бағдарламасынан өте­ді, онда педагогикалық қай­та даярлау­дың білім беру бағдар­ламасы Боллон орта­лығын­да мемлекеттік стандартпен аккре­диттелген, арнайы педаго­ги­ка­лық мамандандыру бойын­ша оқыту әдістері мен тәсіл­дері, сондай-ақ қайта даярлау үдерісінде тәрбиелік-дамыту психологиясын зерттейді. Оқуды сәтті аяқтаған соң, диплом алып, мектептерде сабақ беру құқы­ғына ие болады. Екіншіден, оқу орындарына жұмысқа қа­был­дау кезінде олар барлық қажет­ті құжатты ұсынады және мем­лекеттік оқу орындарында қолданылатын тәжірибеге сай басқа үміткерлермен тең шарт­­тарда конкурстық іріктеу­ден өте­ді. Егер бос орынға үміт­кер­лер­дің арасында біз­дің қа­тысу­шыларымыздың қасиет­тері­нен асатын адамдар болса, он­да мектеп әрқашан ең қолай­лы үміткерді таңдайды, – деді Г.Салмен.

Қор директорының айтуынша, бағ­дар­ламаға қатысушылар көпсатылы (мотивациялық эссе жазу және кейс­терді шешу, бей­не­сұхбат, бетпе-бет ірік­теу және пәнді білу емтиханы) кон­курс­тық іріктеуден өтеді. Былтыр бірін­ші лекке аймақтарда мұғалім бол­ғысы келетіндерден 3 мыңнан аса өтініш түс­кен, яғни сұраныс бар. Іріктел­ген­дер­дің 49-ы қайта даярлаудан өтуге жол­дама алған. Кейбір елді мекендерде мұғалімдік орынға он үміткердің біреуін таңдаса, «Teach for Qazaqstan» бағдарламасында ұйымдастырушылар мыңнан бір үміткерді таңдапты. Осы­ған қоса міндетті талаптардың бірі – педагогтің білімін бақылау тес­тiн тапсыру болып тұр. Атал­ған бағ­дарламаның барлық қаты­су­шысы былтыр мұғалімнің кәсі­би құзыреттілік деңгейін анық­тайтын сол тестіні сәтті тапсырған.

Тағы бір мәселе, бағдарла­маны ұйым­дастырушылар жобаны ауыл мен қала мектептерінің білім сапасындағы алшақ­тықты жою мақсатында қолға алға­нын көрсетіпті. Білім сапасы нашар өңірлерге, шалғай елді мекендерге, ауылдарға, керісін­ше, тәжірибесі бар, өзін салада мықты маман ретінде мойын­датқан кадрларды тарту керек емес пе еді? Оның үстіне «Teach for Kazakhstan» бағдарламасы бойынша ауыл­дарға мұғалім болып барған адаммен тек екі жылға келісім жасалады. Екі жыл адамның бір орынға тұрақтауына немесе барған ұйымын сапалық жағынан көтеруіне жете ме?

– Бұл кемсітушілік болуы мүмкін емес. «Teach for Qazaqstan» бағдарламасының мис­сиясы білім берудегі тең­сіздіктерді азайтуға бағыттал­ған. Өңірлерде мұғалім жеткілік­сіздігіне байланысты көптеген бос жұмыс орны ашық қала­ды. Ал біздің бағдарлама, керісін­­­ше, осы бос жұ­мыс орындарын толтыру арқылы атал­ған мәселені шешеді. Жоғарыда ай­тыл­­ғандай, қатысушылар өз сала­ларын­да пәндік білім бойын­ша іріктеуден өтеді. Сонымен қатар олар халықаралық дең­гей­дегі мұғалімдерден екі жылдық әдіс­темелік қолдау алады. Әри­не, екі жыл айтарлықтай өзге­рістер енгізуге аздық етеді. Сон­дықтан да біздің мектептермен серіктестік жұмысымыз кем де­генде 5 жылдық ынты­мақ­­тас­тықты қамтиды. Бағдар­лама­ның жалғастыру жүйесі бойын­ша жұмысын аяқтаған қаты­сушы өзінің тәжірибесін, әзірлеген жобалары мен әдісте­рін келесі қатысушылар легіне беріп, студенттердің ұзақмер­зімді дамуын қамтамасыз етеді. «Teach for All» желісіндегі серік­тестеріміздің ха­лық­аралық тәжірибесі бойынша қатысу­шыларының 70%-ы екі жылдық қатысу кезеңі аяқталғаннан кейін білім беру саласында қала­ты­нын растайды, бұл біздің көз­қара­сымыздың тиімділігін көрсетеді, – деді жоғарыдағы сауалымызға жауап берген қор басшысы.

Негізі бізде мұғалім тапшы­лы­ғын жоюға бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарла­ма бар. Оны Оқу-ағарту минис­тр­лігі Мемлекет басшысы­ның мәселеге қатысты тапсыр­масына орай әзірлеп, іске қос­қан. Еліміздегі кадр тапшы өңір­лерге жай емес, үздік мұғалімдерді тар­туды көздейтін арнайы бағдарлама нақты әрі кешенді шараларды қамтиды. Мысалы, осы бағдарламамен байқаудан өтіп, кадр жетіспейтін жаққа жұмысқа барған мұғалімге өз жалақысының 250% мөл­шерінде ынталандыру төлемі тағайындалады, тұрғын үйді жалдау ақы­сы және коммуналдық төлемдер шығы­ны өтеледі. Ар­найы бағдарлама қаты­сушыла­рына да қойылатын талап­тар айтар­лықтай жоғары. Мәселен, бұл бағдарлама бойынша байқау­ға тиiстi бейiндер бойынша жоға­ры педа­го­гикалық, жоғары кәсiптiк бiлiмi бар, «педагог-сарапшы», «педагог-зерт­теу­ші», «педагог-шебер» бiлiктiлiк сана­ты бар мұғалімдер, сондай-ақ жоға­ры оқу орындарының педагогика маман­дық­тарының оқу үлгерiмi жақсы түлек­терi қатыса алады. Ең маңыздысы, мұ­ға­лім тапшылығы бар өңірлерге үздік пе­дагогтерді тартуға бағытталған мемле­кеттік арнайы бағдарламамен жұмысқа тұрғандар 5 жылға келісімге отырады. Яғни 5 жыл бойы сол өңірдің білім саласын жақсарту жолында табан алдырмай жұмыс істеуге міндеттеледі.

Айтып-айтпай не керек, кадр тапшы­лығын жоюға бағытталған мемлекеттік бағдарлама болса да, мәселе түбегейлі шешілмей тұр. Соның себебінен де «Teach for Qazaqstan» секілді бағдар­лама пайда болған болар. Оның бола­ша­ғы (арнайы заң, мемлекеттік бағдар­лама, жалақыны көтеру, мұғалім маманды­ғындағы сти­пен­­дияны көбейту сынды) ке­шенді шаралар арқылы сапа­лық тұр­ғыдан енді ғана «аяққа тұрып» келе жатқан білім жүйесін қайтадан шатқаяқ­татып жібермей ме? Балалардың ғана емес, олар арқылы елдің келешек дамуы­на әсер ететін салаға алаңдаудан ту­ған бұл сұрақтың басы ашық күйінде қалғандай...