Жаңа жедел хабарлау жүйесі енгізіледі
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ТЖ-ның бірінші минуттарынан бастап барлық қызмет бекітілген алгоритмдерге сәйкес жұмысты дереу бастағанын айтты. Іс-қимылды үйлестіру үшін республикалық және облыстық штабтар ұйымдастырылды. Азаматтарды жер сілкінісі және одан әрі іс-әрекеттер туралы хабардар ету теле және радиоарналар арқылы, сондай-ақ сөйлеу дабылы мен басқа да құралдардың көмегімен жүзеге асырылды. Сондай-ақ 384 азаматтарды қабылдау пункті ашылды. Тәулік бойы жұмыс істейтін «жедел желі» іске қосылды. Қазір Алматының тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің барлық нысаны штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Елдегі сейсмикалық жағдай – тұрақты. ТЖМ ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын және жер сілкінісі кезінде азаматтарды іс-қимылға дайындауды жалғастырады.
Алматы әкімі Ерболат Досаев қаладағы қазіргі ахуал және қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Ол азаматтарды жинау пункттерінің жұмысын ұйымдастыруға аудан әкімдіктері мен құтқару қызметі жұмылдырылған. Адамдар төсек-орынмен, сумен және тамақпен қамтылды. Барлық қабылдау пунктінде полиция және ТЖ қызметкерлері кезекшілік атқаруда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы мамыр айының соңына дейін Cell Broadcast технологиясын пайдаланып, «Mass Alert» қағидаты бойынша мобильді құрылғылар арқылы халықты жедел хабардар ету жүйесін енгізу жоспарланған. Бұл жұмысты қазір Алматы әкімдігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, ТЖ министрліктері бірлесіп жүргізіп жатыр.
«Қазір болған жағдайды есептеу-бағалау жұмыстары жалғасуда. ТЖ министрлігі елдегі сейсмологиялық ахуалға тұрақты мониторингті қамтамасыз етуі керек. Күштер мен құралдар сақадай сай болуға тиіс. Сондай-ақ ТЖ министрлігі еліміздің таулы аймақтарында сел және лай көшкіні жүру қаупіне қатысты тиісті мониторингті қамтамасыз етуі керек. Төтенше жағдай қаупі туындаған кезде шұғыл әрекет ету шараларын қабылдау ләзім», деді Олжас Бектенов жағдайға қатысты.
Инвестициялық жобаларды іске қосу жеңілдейді
Үкімет отырысында инвестицияны қолдау және ынталандыру шараларының тиімділігі туралы мәселе көтерілді. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2024 жылы негізгі капиталға 22,1 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланғанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға артық екенін айтты. Бұл ретте инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы шеңберінде құны 2,3 трлн теңгені құрайтын 234 жобаны іске асыру көзделген.
Республикада жеке капиталды ынталандырудың бірқатар тиімді құралдары жұмыс істеп келеді. Осылайша, ірі инвесторларды тарту үшін инвестициялар туралы келісім жасау тетігі жетілдірілді. Сонымен қатар салық заңнамасының тұрақтылығына 10 жылға кепілдік беретін инвестициялық міндеттемелер туралы келісім енгізілді. Бұл тауар өндірушілерге қаржылық ағындарды ұзақ мерзімге жоспарлауға, инвестициялардың қайтарымдылығын болжауға мүмкіндік береді. Ал Инвестициялық саясат тұжырымдамасын 2029 жылға дейін өзектендіру үдерісі белсенді жүріп жатыр. Сонымен қатар бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп қолданыстағы қолдау шараларын жақсарту бойынша жұмыстар қолға алынған.
Премьер-министр жаһандық бәсекелестік жағдайында мемлекеттік қолдау шаралары инвестиция тартудың маңызды факторы екенін атап өтті. Мұнда Үкіметтің негізгі басымдықтары – жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығару, технологиялар трансферті және өндірістерді локализациялау. Қазір елімізде инвесторларға салықтық жеңілдіктер, кедендік баждардан босату, заттай гранттар беру, кепілдендірілген тапсырысты қамтамасыз ету және тағы басқа да түрлі преференциялар беріліп отыр. «Мәселен, арнайы экономикалық аймақтар институты әлі күнге дейін тиісті деңгейде дамымай отыр. Ал озық елдердің көпшілігі арнайы экономикалық аймақтарды инвестиция тартудың тиімді құралына айналдырған», деді ол.
Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, тартымдылығы жағынан салық және кедендік жеңілдіктер тек үшінші және төртінші орындарда тұр. Ал бірінші позицияда қолайлы әкімшілендіру, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету құралдары орналасқан. «Біздің арнайы экономикалық аймақтарды реформалау әрекетіміз олардың тиімділігін арттыра алмай келеді. Сондай-ақ біз басқарушы компанияларды қамтамасыз етуге қомақты бюджет қаражатын жұмсап отырмыз. Бірақ олардың тарапынан инвестиция түрінде тиісті қайтарым жоқ», деген Үкімет басшысы тағы бір маңызды мәселе – жергілікті қамту үлесін ұлғайту екенін атап өтті. Оның айтуынша, инвесторлардың, квазимемлекеттік сектордың сатып алу рәсімдерінде отандық тауарлар мен қызметтердің үлесін барынша ұлғайту қажет.
«Мемлекет қолдау шараларына орасан көп қаражат бөліп отырғанымен, жеке капиталды тарту мүлдем жеткіліксіз. Бұл іске отандық банктер мен халықаралық қаржы институттарының қатысуы да мардымсыз. Осыған байланысты қосымша қаржыландыру көздерін тарту бойынша пәрменді шаралар қабылдау керек», деген Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен даму институттары арасында өзара үйлесімді іс-қимылдың жоқтығынан инвесторлар мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты біле бермейтінін айтты. Сөйтіп, мемлекеттік органдарға қысқа мерзімде қолдау шараларының тиімділігіне кешенді талдау жүргізуді, оларды жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді, ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның толыққанды іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Үкімет басшысы үндеуінің көкейкестілігі
Премьер-министр кезекті Үкімет отырысында барлық инвесторларға үндеу жолдады. «Бүгінде әлемнің көптеген елдері инвестиция тартуға барынша мән беріп отыр. Қазақстанның да мақсаты – сол! Біз отандық және шетелдік бизнеспен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Біз ұзақмерзімді инвестициялар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ұдайы ұмтылып келеміз. Қазақстан Үкіметі жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығаруға, ақпараттық технологияларды озық қарқынмен дамытуға, еліміздің серпінді дамуына ықпал ететін инновациялық кәсіпорындар құруға бағытталған әрбір ірі инвестициялық жобаға қолдау көрсетуге кепілдік береді деп сендіргім келеді. Үкімет инвесторларға ресурстарға кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндік жасайды, инфрақұрылымдық, консультативтік қолдау көрсетеді, өнімдерін өткізуге көмектеседі. Сіздер мемлекеттік және құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай қысым көрмейсіздер. Оған ешқандай күмән болмасын. Керісінше, Үкімет сіздерге сенімді әрі ашық әріптес болады. Бұл мәселелерді шешу үшін Инвестициялық штаб жұмыс істейді. Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған Штабқа ерекше өкілеттіктер берді. Біз отандық және шетелдік инвестициялар ағынын арттыру үшін басқа да бастамаларды іске асыруға ниеттіміз», деді Олжас Бектенов.
Абаттандыру туралы тапсырма берілді
Сонымен қатар Үкімет отырысында қалаларды абаттандыру және көгалдандыру шаралары қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбеков Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дұрыс жүйеленген құрылысты енгізу және тартымды, жайлы қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру бойынша нұсқаулық болатын «Қалаларды кешенді салу стандарты» әзірленгенін айтты. Оны қалалар аумағын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында пайдалану үшін барлық жергілікті атқарушы органға жіберілген. Бұл ретте ауытқуларды болдырмау үшін 2024 жылғы қаңтардан бастап бірыңғай қала құрылысы сараптамасы енгізілді. Ол жоспарлау кезінде сәулет-құрылыс нормаларының бұзылуын болдырмауға мүмкіндік береді.
Премьер-министрдің айтуынша, жасалған стандарт тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартумен қатар, туристік саланы дамытуға да ерекше серпін береді. Бұл ретте ол азаматтардың әлі де болса тротуарлар мен жарықтың жоқтығын, жасыл желектің аздығын айтып, жиі шағымданатынына тоқталды. «Әкімдіктер тарапынан жүйелі жұмыстың болмауы – абаттандыру мен көгалдандырудың негізгі проблемасы. Ағаштар мен өсімдіктер отырғызылады, бірақ кейін ешқандай күтім жасалмайды. Көпшілік жиналатын қоғамдық орындар мен үй маңындағы аумақтардың ұсқынсыз жағдайы үлкен проблемаға айналған. Саябақтар мен скверлер көбінесе иесіз қалғандай күй кешеді. Оларды жыл сайын жаңартып отыру, көркейту жұмысы жүргізілмейді. Кейде тіпті саябақтарда нысан салу фактілері де кездеседі», деді ол.
Елорда әкімдігі демалуға жайлы аймақтар құру, көгалдандырудың кешенді жүйесін іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастыруы қажет. Бұл қаланың ірі тұрғын аудандарының «жаңа тынысын» ашуға мүмкіндік беретінін айтқан Премьер-министр осыған ұқсас жағдай Алматы қаласында да қалыптасып отырғанына тоқталды.
Отырыста Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров инвестицияны қолдау мен ынталандырудың қолданыстағы шарасы және оларды жақсарту жөніндегі жоспар туралы баяндады. Инвестициялық белсенділік серпінді экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін үлкен маңызға ие. Биыл жоспар бойынша негізгі капиталға 22,1 трлн теңге инвестицияланады, бұл өткен жылдың қорытындысынан 22%-ға артық. Инвестициялық жобалардың Бірыңғай пулы аясында биыл жалпы құны 2,3 трлн теңге болатын 234 жобаны іске асыру жоспарланған. Өңірлердің әрбір әкімі мен салалық мемлекеттік органдардың министріне KPI бекітілген. Инвестициялық штаб шеңберінде инвесторлардың мәселесін жедел реттеу бойынша шара қабылданып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық өңірлердегі прокурорлар пулда тұрған жобаларды сүйемелдеуге тырысты. 37 компанияны орналастыру жұмыстары жалғасын тауып отыр. Қазір инвестиция тарту бойынша бірқатар тиімді құралдар қолданылады.
Бүгінгі таңда әзірленіп жатқан жаңа Ұлттық даму жоспарын ескере отырып, Инвестициялық саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Еңбек өнімділігінің өсуіне және экспорттық себеттің күрделенуіне бағдарланған сапалы инвестицияларды кейіннен таргеттеу үшін инвестицияларға өңірлік және салалық қажеттіліктер қалыптастырылады. Халықаралық рейтингтерді ескеретін инвестициялық климат бойынша жаңа KPI белгілеу қаралып жатыр.