Экономика • 06 Наурыз, 2024

Тығырықтан шығарар жол табылса...

140 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Отандық өнеркәсіпте жетекші орын алатын 3 ірі және 30-дан астам шағын мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) жұмыс істейді. Мұнда бензин, авиациялық керосин, дизель отыны, мазут, битум, мұнай коксы және басқа да қажетті мұнай өнімдері өндіріледі.

Тығырықтан шығарар жол табылса...

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мұнай өнімдері ішкі нарықты жабады

Бізде жыл сайын 80 млн тоннадан астам мұнай өнді­ріледі. Басым бөлігі шикі мұнай күйінде экспортталады. Өңделген жекелеген мұнай өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етуге бағыттала­ды. Алайда кен орындарын­да­ғы түрлі жағдайға байланыс­ты кейінгі жылдары өндіріс дең­гейі құбылып, жоспардан тыс ауытқу жиі туындайтын бол­ды. Биыл мұнайдың 73–75 млн тон­насын экспортқа, 17–18 млн тоннасын ішкі нарыққа ба­ғыт­тау жоспарланып отыр. Былтыр Энергетика министрі 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге Қазақстаннан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері аумағынан тысқары жерлерге экспорт­тауға тыйым салынған мұнай өнімдерінің тізбесін бекіту туралы бұйрыққа қол қойды. Қазақстанның Ресейден дизель отынын баж салығынсыз сатып алуына, тиісінше дизельді және басқа да мұнай өнімдерін, оның ішінде жеңіл дистилляттарды, яғни нафтаны (тікелей айдалатын бензин) кері экспорттамауға міндеттеме қойған болатын.

Министрліктің бағам­дауы­н­ша, МӨЗ, мұнай базалары мен жолдардағы дизель оты­ны­ның жиынтық қоры – 626 мың тонна. 2023 жылғы 12 сәуірде на­рық­тағы жағдайды тұрақ­тан­ды­ру мақ­сатында Энергетика ми­нис­тр­лі­гі №140 бұйрығын жариялады. Онда мұнай өнімдерін бөл­шек саудада өткізуге, әсіре­се дизель отынына (жазғы, маусымаралық) шекті баға бойынша литріне 450 теңгені бекітті.

 

МӨЗ-ді бәсекеге ынталандыру мардымсыз

«ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ұлт­тық компаниясының жылдық есебіне көз жүгіртсек, онда жаң­ғыр­тудан кейін мұнай өңдеу жө­нін­дегі үш МӨЗ-дің жиын­тық қуаты 16,3%-ға, жылына 16,1 млн тоннаға дейін өскенін байқауға болады.

МӨЗ жаңғырту бағдарламасы өң­деу тереңдігін 90%-ға дейін арт­тыруға бағыт­талған. Қайта жаң­ғырту жүр­гізіл­ген­ге дейін­гі кезеңде еліміздегі отын нары­ғы­ның қажеттілігі Ресейден им­­порттық жеткізілімдер есебі­нен қам­тамасыз етіліп отырды. Біз­дің нарық­тың импортқа тәуел­ділігі – шамамен 30%, ал жекелеген позициялар бойынша – 40%. Сарапшылардың айтуынша, жаңғырту нәтижесі бензин импортын толыққанды шешуге мүмкіндік берген.

Дизель отыны мен авиакеросин импортына қажеттілік шамалы сақталып отыр – нарық­тағы жылдық тұтынудың шама­мен 5%-ын құрайды. Соны­мен қатар жанармай құю бекет­те­рін­де дизель отынына сұраныс өте жоғары. Кейінгі жылдары Қазақ­стан­да дизель отынын тұтыну негізінен Ресей, Өзбек­стан және Қырғызстанмен шектесетін об­лыс­тарда жоғары сұраныс есе­бі­нен өсіп жатқаны айтылады. Бұл осы елдерден келетін ауыр жүк көліктеріне транзиттік жа­нармай құю қажеттілігіне байланысты. Қажеттіліктің артқа­ны сонша, жа­нар­майды контра­бан­далық жолмен әкету де өріс алған.

Әйтпесе өзімізде өндірілген бензин ішкі қажеттілікті қамти алады. Алайда кейінгі жылдары саланың инвес­ти­ция­лық тар­тым­дылығының төмен­де­уіне бай­ланысты жеке сектордың ішкі инвестициясы ғана емес, тікелей шетел­дік инвестиция да құлдыраған. Геоло­гия­лық бар­лау жұмыстарының ауқымы қыс­қарды, жұмыс істеп тұрған кен орын­дарында өндіру азайды, ал жаңа­ла­­рында қорлардың өсуі іс жүзінде нөл­ге тең. Мұнай өнімдерін өндіру мен өткізудің негізгі нобайы ретінде толлинг сызбасының басым болуы мұнай өңдеу зауыттарын коммерциялық пайда тізбегінен шығаруға әкел­ген. Нәтижесінде, мұнай өңдеу орындарында бәсекеге қабілет­ті­лікті одан әрі дамытуға ынта­лан­дыру кеміп кетті. Қайта өң­деу­ге жеке инвестиция тарту мүмкіндігі төмендеп, МӨЗ қыз­ме­ті толығымен мемлекетке қа­рап қалған (мемлекеттік компа­ния­лар арқылы). Бұл қоғамның неғұрлым басым міндеттерін шешу үшін бюджет қаражатын босатуға мүмкіндік бермейді.

Бүгінде еліміздегі ірі мұнай өңдеу зауыттары іс жүзінде ква­зи­мемлекеттік сипатқа ие. Тү­гелге жуығы жобаларын Қазақ­стан даму банкі арқылы қар­жыландырады. Осы тізбектегі тәуе­кел­­дердің негізгі үлесі «ұлт­тан­­дырылса», пайданың негіз­гі үлесі «жеке­шелен­дірілген» болар еді.

 

Шағын зауыттың шынайы ахуалы

Дәл қазір шағын мұнай өңдеу зауыттары қиын жағдайда. Қуат­ты­лығы төмен мұнай өңдеу зауыт­тарының негізгі табыс көзі – мазут, пеш және кеме отыны, сондай-ақ нафта сияқты мұнай өнімдерінің түрлерін өндіру әрі экспортқа шығару. Сарапшылар бүкіл ел бойынша жиырмадан астам қуаты аз мұнай өңдеу зауы­тының біразы жабылудың сәл-ақ алдында тұр дейді. Өйткені мұнай өңдеу саласындағы жұ­мыс­шылардың жалпы саны онда­ған мың адамға жетеді. Әрбір зауыттың екінші деңгейлі банктер алдында бірнеше миллиард теңгеге жуық қарызын ес­кер­сек, жағдайдың расында мүшкіл екенін түсінуге болады. Мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы тоқтаса, ел экономикасына әсер етпей қоймайтындығы анық. Себебі бюджет салық түріндегі орасан зор ақшалай түсімдерден айы­рылады, ал екінші деңгейлі банктер өз қарызын қайтарып ала алмайды. Сонымен қатар жұмыс­сыздар санының да артып кетері белгілі.

ЕАЭО шеңберінде саудаға салынған шектеулер шағын мұнай өңдеу зауыт­та­рының жағ­дайын түзетпейді, себебі елі­мізде әлеуетті сатып алушылар өте аз. Нафта, пеш және кеме отыны ЕАЭО нарығында сұранысқа ие емес. Біздегі нафта өткен жылдың сәуір айынан бас­тап, Ақтау зауытында резервуарлық парк­те, сондай-ақ Маңғыстау облысының Баутино кентіндегі Теңіз мұнай құю терминалында жинақталып жатыр. Онда ол кемеге ауыстырып тиеу және экспорт үшін сақталады. Нафта өндірісінің үлесі басқа өнімдерімен қатар 2023 жылы – шамамен 20%, ал дизель отыны шамамен 25%-ды құраған.

«Mangystau Oil Refining» ЖШС мұнай өңдеу зауыты­ның өкілдері де барлық резервуардың нафтамен толты­рыл­ға­нын, бұдан әрі жинақ­тай­тын жер жоқ екендігін айтады.

«Біз үлкен шығынға ұшырай­мыз, көлемі бүгінде шамамен 8 млн долларды құрайды. Қаржы несие желілерін өтеуге, зауыт жұ­мысына, шикізат сатып алуға бағытталды. Несие желісін алу үшін біз барлық мүлкімізді, со­ның ішінде зауыттың өзін, кең­се­лерді, инфрақұрылымдарды кепілге қойдық. Бүгінде атом электр стансасынан тыс мұнай экспортына тыйым салудың қа­лып­тасқан жағдайына байланыс­ты біздің несие төлемдеріміз үзі­­ліссіз жүріп жатыр, зауыт тоқ­­тап қалайын деп тұр. Ең қиы­­ны – қызметкерлеріміздің жа­ла­қысын және салық міндет­те­мемізді уақтылы төлем жасай алмаймыз. Әрі шикізат үшін мұнай кен орындары алдын­да­ғы берешегіміз де бар. Бар­лық айналым қаражатымыз резер­вуар­лардағы нафтада жатыр. Сонымен қатар сыйымдылығы 60 тоннадан асатын бір цистернаны жалға алу үшін күніне шамамен 45 доллар төлейміз. Ал бізде 100-ге жуық цистерна бар», дейді «Mangystau Oil Refining» ЖШС директорының орынбасары Қуаныш Тайғұқов.

Біраз уақыт бұрын мемлекет тарапынан шағын мұнай өңдеу зауыттары шығаратын өнім­нің сапасын арттыру үшін тех­никалық реттеу талаптарын күшейту қажеттілігі мен ЕАЭО техникалық регламентіне сәйкес келмейтін аталған өнді­ріс­ке салықтық және кеден­дік жеңілдіктерді алып тас­тау жө­нінде ұсыныс айтылған еді. Одан өзге, жанар-жағармай жө­нелту кезінде теміржол қыз­ме­тін көрсету тұрғысынан баға­ның негізсіз өсуін, жекелеген ком­паниялардың бәсекесіз қыз­метіне жол бермеу үшін тариф­тер­ді төмендету тура­лы әңгіме қозғалды. Дегенмен әлі де болса мұнай өңдеуші шағын зауыттар толық қуаттылығында жұмыс істей алмай отыр. Сәйкесінше, елде жанармай тапшы әрі бағасы қымбат.

МӨЗ-дерге Энергетика ми­нистр­лігінен өз өнімдерін өндіру­ге, мұнай өнімдерін өңдеу мен айналымы туралы тұрақты есеп жасауға паспорт берілген. Мәлі­мет­терге қарағанда, шағын мұнай өңдеу зауыттары жыл сайын орта есеппен 750 мың тонна мұнай өнімін өндірсе, оның ішінде мазут орта есеппен 350 мың тоннадан кем емес немесе ірі мұнай өңдеу зауыттарында өңделген барлық мұнайдың 3 пайызынан аспайтын көрінеді. Қалған бөлігі 350-450 мың тонна мұнайдан, теңіз отынынан, мазуттан және дизельдік отыннан түзіледі.

 

Мамандар не дейді?

 «Маңғыстау мұнай өңдеу зауытында өндірілетін мұнай өнімдерінің жалпы көлемі 20-25%-ды құрайды. Нафтаны ЕАЭО елдерінде сатуға болмайды, Ресейдің өзінде бар, бірақ Қырғызстанда мұндай мөлшерде қажет емес. Облыста қазірдің өзінде жарты жылда 30 мың тон­надан астам дизель отыны түріндегі акцизделетін тауарларды шығаратын зауыт жұмыс істеп тұрған кезде дизель Ресейден өте жоғары бағамен әкелініп жатыр. Бірақ неге екені белгісіз, мемлекет бізді қолдамайды. Үкіметке көршілес елден импорттап, оның өндірушілерінің құқығын шек­­тейтін келісімге қол қоюы ың­ғайлырақ. Елімізде шағын мұнай өңдеу зауыттарының бар­лы­ғы осындай күйде тұр», дейді «Mangystau Oil Refining» ЖШС директорының орынбасары.

Аталған зауыттан шығатын өнімдер зертханалық сынақтан өткен, стандартқа сай. 2023 жыл­дың бірінші жарты жыл­дығында 125 мың тонна мұнай өнімі өндіріліп, оның 33 мың тоннадан астамын дизель отыны құраған. Өндірілген өнімнің түгелі өңірде сатылған.

«Жоғары күкіртті мұнайдан жасал­ған өнімдерге салынатын экспорттық баж салығы дизель­дік отынға қарағанда 2,5 есе жоғары – тоннасына шамамен 60 доллар. Мұндағы өнімнің құ­ра­мында су, тұз, қышқыл күкірт бар. Мұндай өнімдермен ша­ғын мұнай өңдеу зауытында К4-К5 сапалы дизельді шығару мүмкін емес. Бұл үшін ірі зауыттар қажет. Ал ірі зауыттар мұн­дай өнімдерді қабылдауға жаб­дықталмаған. Олар біздің өнім­дерді шикі мұнаймен араластыра алмайды», дейді Ақтөбедегі «Вернал Ойл Қазақстан» мұнай өңдеу зауытының өкілі Аманай Сембекұлы.

Еліміздегі барлық шағын мұ­най өңдеу зауыты мазут, дизель және наф­таны шығарады. Ішкі нарықтағы ірі ойыншылардың арқасында олар өз өнімдерінің басым бөлігін экспорттауға мәжбүр. Ал акцизделетін тауарлар ішкі нарыққа шығады. Жергілікті жер­де өндірілетін дизель көктем мен күзгі вегетациялық кезеңде аймақтық тап­шылықты өтейді.