Құқық • 06 Наурыз, 2024

Кәсіподақ: Еңбеккер құқы ескерілсе игі

126 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Нәсіпке ортақ болғанымен, еңбеккерлердің құқығын қорғауға келгенде енжарлық танытатын кәсіподақ жұмысының көлеңкелі тұсы көп. Бұлай деуіміздің себебі де жоқ емес. Өйткені еңбек ұжымдарында болған наразылықтар мен жалақысы жылдар бойы көтерілмеген мекемелер бар. Кейінгі жылдары талай жұмысшы қайғылы оқиғаға ұшырап, жазым болды.Алайда тағдыры тәлкекке түскен осындай сәттерде олар құқығымды қорғайды деген кәсіподақты неге таппай қалады?

Кәсіподақ: Еңбеккер құқы ескерілсе игі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Дайын асқа тік қасық» ұйым

Қолданыстағы заңға салсақ, ұйым жұмысы ерікті түрде жүзеге асады. Бұдан соң кәсіподақ жұмыс беруші мен жұмысшылардың ортасындағы дау-дамайларды әділ түрде шешуге жұмыс істеуге тиіс. Мекеменің кем-кетігін түгендеп, қызметкерлердің құқығы бұзыла қалса, адвокаттың рөлін атқаруы қажет. Теориясына салсақ, солай. Бірақ біздегі кәсіподақтың қазіргі жұмысына көз салсақ, қарын ашады.

Осыдан екі жыл бұрын мұғалімдер арасында кәсіподақ жұмысына шағым айтқандар шыға бастады. Сөйтсе, кейбір ұйымдар ұстаз пікірімен санас­пай, одаққа тіркеп, жазбаша келісімсіз жалақыдан жарна ұстап отырған. Бір-екі пайыз жарнаға жылап отырған олар жоқ. Тек қоғамда нәсіпке ортақ кәсіподақ еңбеккерлердің құқықтарын қорғауға келгенде шорқақ болып шыққан. Мәселен, сол жылы Күршім ауданында тұратын мұғалім Аяужан Нұрланқызынан жұмысқа кіргенде бастауыш кәсіподақ ұйымы жарна алу жөнінде жазбаша өтініш сұрамаған. Мұғалім мүддесін қорғайтын ұйым «басшылықпен ауыз жаласып әрекет ететінін» алға тарт­қан ол «Біздің түсінігімізде кәсіп­одақ жарна ұстайтын ұйым ғана», дейді. Тү­сінікті тілде айтқанда, біреудің қалта­сын­дағы ақшаға қол сұғатын ұйым десек, әлдеқайда дұрыс секілді. Айталық, жылдар бойы техникасының тоз-тозы шығып, жыртығын жамап, өлместің күнін көріп отырған мемлекеттік мекемелерде орны толмас қайғылы оқиғалар орын алып, жұмысшылары қаза таппаған болар еді. Мысалы, бір ғана «Семей орманы» резерваты, Костенко атындағы және «Қазақстан» шахталарында болған қайғылы оқиғалардың дені елдегі еңбек құқығының дұрыс қорғалмайтынын көрсетіп берді. Бірақ біздегі кәсіподақ ұйымдары еңбек адамдарының өмірінен гөрі өз бастарының қамын қаттырақ күйттейтін тәрізді.

 

Өндірісте 250 адам көз жұмған

Хош, мәселенің мәнісін білместен бұрын кәсіподақ ұйымының атқарған жұмысына зер салған дұрыс болар. Осы орайда елдегі Кәсіподақтар федера­ция­сы­ның жылдық қорытындысы мен алда атқарар жұмысын сұрап білдік. Федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, қауіпсіз еңбек жылы аясында жарақаттану деңгейі мен өндірістегі жа­затайым оқиғаларды төмендету, қыз­мет­керлердің денсаулығын қорғауға басымдық берілген. Тоқетері, күнкөріс қамымен жүрген адам жұмыс орнында қаза болмауға тиіс.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестік­те­рі­нің ақпараты бойынша, былтыр елдегі кәсіпорындарда 1 236 жазатайым оқиға тіркеліп, салдарынан 1 437 адам зардап шекті. Оның 250-і өліммен аяқталды. Бұл былтыр елдегі өндірістік жарақаттанудың статис­тикасы өскенін көрсетеді. «Ал 66%-ында жазатайым жағдай кәсіподақтары жоқ кәсіпорындарда орын алса, бұл ретте кәсіподақтар қатысатын кәсіпорындарда былтыр жазатайым оқиғалардың саны 1,4%-ға төмендеген», дейді С.Дәулеталин. Осы жазатайым оқиғалардың 57%-ында жұмыс берушінің кінәсі дәлелденсе, кәсіподақтар жоқ кәсіпорындарда оның үлесі 62%-ды құрайды.

Кәсіподақтар федерациясының мәлі­ме­тінше, бүгінде 13 мыңға жуық өндіріс­тік кеңес жұмыс істейді. Бұл оның саны арғы жылмен салыстырғанда 3,1%-ға өс­кенін көрсетеді. Дегенмен Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріп­тестер арасын­дағы үшжақты салалық және өңірлік келі­сімдер нашар орындалатынын айтады. Басқару құрылымдары келісімдерді әлі де заңды күшіне енген акт ретінде қабылдамайтын көрінеді.

 

Кәсіподақ тәуелсіз болуға тиіс

Қоғам белсендісі әрі осы саланың жілігін шағып, майын ішкен маман Мұхтар Үмбетов шетелдерде кәсіподақ жұмысы бүге-шігесіне дейін ойластырылған жұ­мыс екенін жеткізді. Оның айтуынша, ұлт­тық және еуропарламентте де өз өкілдігі бар әбден жүйеленген құры­лым. Сондықтан дамыған елдерде кә­сіптік салалық ұйымдар Үкіметтің әлеу­меттік-экономикалық саясаты саласында шешім қабылдауға көп әсер етеді. Батыс елдерінде ұйым – демократиялық құрылымының негізгі элементтерінің бірі.

«Бүкіл әлемде кәсіподақ ұйымының мүшелері жұмысшылардың өзі және жарна есебінен жұмыс істейді. Сол арқылы олар еңбек адамдарының мүдделерін қор­ғайды. Біздегі кәсіподақ бұрынғы кеңес­тік жүйені еске салады және көш­бас­­шы­лары сайланбайды, әрқашан тағайын­далатын демократиялық емес ұйым. Бір сөзбен айтқанда, басшылары бұ­рынғы шенеуніктер: облыс әкімі, экс-ми­нистр, қысқасы, олар қарапайым адам­дар­дың мүдделерінен алыс. Бұл әрқашан адам­дар­ға сенімсіздік тудырады», дейді М.Үмбетов.

Ал бұл еңбек ұжымдарындағы наразы­лық акцияларын тұтатып отыр. Себебі жұмысшы белсенділері мен ұйымның ерік-жігері ортақ мүддеге жұмыс істе­мейді. Ең қызығы, кәсіподақтар бұл қақтығыстарды шешуде ешқандай рөл атқармайды. Мұны маман «Атамекеннің» мысалында да көрініс бергенін, бұл кәсіподақ іс жүзінде кәсіпкерлерден мүшелік жарналар жинайтын ұлттық буржуазия болғанын алға тартты. Бар болғаны ірі бизнестің мүд­десін қорғап келген ұйым барлық демо­кратиялық қағидатты бұза отырып, мемлекеттің артықшылықтарына ие болып отыр.

Сол үшін қоғам белсендісі «кәсіподақ еңбек адамдарының мүдделерін лайықты қорғау үшін мықты, тәуелсіз болуы қажет», дейді. Қалыпты дамыған елдер­де­гі кәсіподақ көшбасшылары нақты кәсіп­орын­дарда, ұйымдарда әділ сайлау­да ашық­тық қағидаттары бойынша сайланады. Бұл ауыстырылатын лауазымға кез келген кәсіподақ мүшесі таңдалуы мүмкін. Дәлірек айтсақ, біздегідей тағайындалған емес, сайланған лауазым. Егер ол өзіне жүктелген міндеттерді орындамаса, орнынан алынып тасталады.

 

Бүйрегі кімдерге бұрып тұр?

Жұмыс берушілердің ұжымдық шарт жасауы дұрыс-ақ. Бірақ ашықтық қағидаттары қатаң сақталмайтын жүйе саны бар да сапасы жоқ шарттарды саңырауқұлақтай қаптатып отыр. Себебі әлгінде айтқандай, мұндай шарт­тар­ға әдетте кәсіподақ емес, іс жүзін­де жұмыс беруші «сайлап» қойған жұмыс­шы­лар өкілі қол қояды. Түптеп келген­де, бұл құжат тек Еңбек кодексі нор­­ма­­ларының көшірмесіне айналады. Бұдан соң еңбек инспекция­сы құжатты қарап жатпай-ақ, тіркей салады екен. Шала­ғай істің соңы еңбек ұжымдарында жұмыс­шы­лардың қарсылық көрсетуіне және жұмыс орнындағы жазатайым оқи­ға­ның артуы­на әкеледі. Осындай өздеріне оңтайлы жүйемен жұмыс істеп жатқан ұйым әлі күнге дейін тәуелсіз институт ретінде қалыптаса алған жоқ. Бұған бірін­ші кезекте ірі бизнес пен олигархтар мүд­де­лі болды. Сондықтан 2015 жылы анти­кәсіподақтық, антиеңбеккерлік заң қабыл­данып, еліміздегі кәсіподақ ұйым­дарының барлығы қайта тіркеуден өтуге міндеттелді. «Сүзгіден» сәтті өткендер бүгінде жұмысшылардың мүдде­сіне, жұмыс берушіге бүйрегі бұрып тұратын болды.

Экономист Марат Толыбаев дамы­ған елдерде кәсіподақ ұйымы мықты күш ретінде саяси партиялармен дең­гей­лес екенін алға тартады. Мүдделес адамдардың басын біріктіретін ұйымдар жұ­мысшылардың пікірін Үкіметке жет­кізіп, қоғамға үлкен үлес қосып жатыр. Мысалы, қазір Францияда фермерлердің басын қосқан кәсіподақтар жолдарды тракторларымен жауып, Үкіметтің назарын жұмысшылардың жағдайына аударуға жұмылып кірісіп кетті. Екін­ші­ден, шетелде кәсіподақ ұйымы тек қана ұйым мүшелерінің жарнасына жұмыс істейді, мемлекет немесе басқа ұйымдардан ақша алмайды. Ал ашықтыққа негіз­дел­ген ше­телдің жүйесі бізде жемісін берсе, қоғам­дық күш Үкіметтің орнынан кетуіне мәжбүр етуі мүмкін. Сондықтан егемен емес, жергілікті биліктің бақы­лауы­нан шықпайтын кәсіподақ қажетке жарап тұрғаны жақсы. Шетелде кәсіподақ жұмысына билік араласса, бірден айқай-шуға ұласады. Ықпал еткендер бірден жұ­мыстан кетеді. Келесі сайлауға өте алмайды. «Меніңше, жұмысшылар өздері жиналып, партия секілді сайлау өткізгенде ғана шынайы бәсекелес болады. Тек сонда жұмысшылардың құқығын қорғайтын адамдар басшылыққа өте алады», дейді экономист.

 

Үй ішінен үй тіккен

Бұл салада біраз тәжірибесі бар журналист Нұрлан Оразғалиев «кәсіподақтар өз міндетін атқара алмай отыр және атқарады деп айтуға әлі ерте», дейді. Себебі қысым көп, өзі құрған ұйымға жұмыс берушінің талабы әрқашан дұрыс. Сондықтан қол астынан шыға алмайды. «Сол үшін кәсіподақты сырттан құрып, тарту керек. Ал мекемені өз ішінен құрып, жарнаны мәжбүрлі түрде аудартып, үй ішінен үй тігетін қазіргі жүйедегі кәсіподақ жұмысын мың жерден өзгертсе де, жұмыс берушіге тәуелді», дейді журналист.

Экс-депутат әрі кәсіподақ орталығын басқарған Берік Бекжановтың айтары басқа. Оның айтуынша, кәсіподақ ұйымы – ерікті ұйым. Ал ерікті түрде құрылған ұйымда кәсіподақ мүшелерінің белсенділігі төмен болса, дәрменсіздік көрсетіп жатқан ұйымдағы қызметкерлер жария түрде айтуы қажет. Бұл орайда ең­бек­керлер де өз жарнасының есебін сұрап, жұмыс істей алмай жатқан ұйымның бас­шы­лығын ауыстыруға ықпал ете білгені дұрыс.

«Қазақмыс» корпорациясы жанын­да­ғы ардагерлер кеңесіне қарасты Сәтбаев филиалының басшысы, мәслихат депутаты Абулаис Мулаков та «Аты бар, заты жоқ ұйымдар бас-басына би болған өңкей қиқым», деп ашынады. Айтуынша, кәсіподақтар тек металлургтер мен кен­шілер күнінде бой көрсетіп, қалған уақытта бір-бір кабинетке тығылып отырумен шектеледі. «Ардагерлер кеңесінің қата­рын­да 14 мың зейнеткер бар. Оларға аты дардай ұйым қолұшын беріп көрген емес. Зейнеткерлерге қамқор болу тек «Кәсіпқорған» кәсіподақ ұйымының қолынан ғана келіп тұр. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегендей, бас-басына бөлініп кеткен бүгінгі кәсіподақтар жұмысшыларды жадынан шығарып тастады», дейді ол.

Кәсіподақ ұйымының негізгі жұмысы – жұмысшылардың мүддесіне жұмыс істеу. Әйткенмен әлі күнге дейін бастапқы міндетінен жаңылып, еңбек қатынас­та­рының әлеуметтік-құқықтық институты болып қалыптаса алмаған саны бар сапасы жоқ ұйымдардың жұмысын рет­тейтін уақыт келген секілді. Бұл – біздің емес, жұмысшылардың жанайқайы, ма­мандардың ортақ пікірі. Олай болмаса, атқарып отырған жұмысы аса ауыр болмаса да, еңбеккерлердің тап­қан табысынан айлап жарна алатын, тіпті белгілі һәм белгісіз себептермен бюд­жет­тің қомақты қаражаттарына жұмыс істейтін ұйымдардың ұпайы түгел, ал жұмысшылардың құқығы бұзыла берері анық.