Химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Амангелді Әбілхайыровтың айтуынша, жаңа реагентті қыс мезгілінде мұз қатырмау үшін қолдануға болады. Мәселен, автокөлік пен жаяу жүргіншілер жолын, ұшақтың қанаты мен корпусын мұздан қорғайды.
«Осы кезге дейін натрий формиатын өндіру палладий катализаторы және төрт хлорлы көміртекті сутегімен гидрохлорлау әдісі арқылы алынып келді. Бұл процесс 90-100°С температурада, 12-19 атмосфералық қысымда сілтілік ортада жүргізіледі. Оның басты кемшілігі қысым 12 атмосфераға дейін төмендейді. Сол кезде натрий формиатының шығымы да күрт төмендейді. Ал жоғарылаған кезде технологиялық жабдықтарға жұмсалатын металл шығыны артады. Мұндай өндіру үдерісін бәсекеге қабілетсіз етіп, бағасын қымбаттатады», дейді А.Әбілхайыров.
Ғалымның түсіндіруінше, университет зертханасында әртүрлі концентрациядағы күйдіргіш натрийдің сулы ерітіндісіне сутегінің асқын тотығы араластырылған. Кейін формалин қосу арқылы натрий формиаты алыныпты.
«Бұл – ерекше ғылыми жоба. Біріншіден, технологиялық жабдықтар қарапайым түрде жасалады. Екіншіден, сол арқылы өнімнің арзандауына септігін тигізеді. Үшіншіден, қыс мезгілінде мұз қатуға қарсы пайдаланғанда, жолдың цемент-бетон жабындысына, көлік шинасына зақым келмейді. Төртіншіден, көлік корпусында коррозия тудырмайды. Ең бастысы, алынған құмырсқа қышқыл натрийді қолдану адамдарға да, жол төсеміне де залалсыз екені дәлелденді. Ауа температурасы -15-тен -25°С-қа дейін төмендеген кезде де жол төсемін тазалауға мүмкіндік береді», дейді Амангелді Әбілхайыров.
Атырау облысы