Тұлға • 06 Наурыз, 2024

Қаныш Сәтбаев және ел өнеркәсібі

1150 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстандағы ғылыми жетістіктердің көпшілігі, әсіресе біздің жеріміздегі ғасырлар бойы тұнып жатқан мол қазба байлықтарды зерттеп, игеру әлемге әйгілі тұлға – Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың есімімен, еңбегімен тікелей байланысты.

Қаныш Сәтбаев және ел өнеркәсібі

Қаныш Имантайұлының ғылымға деген талабы, таңдаған мамандығы­на деген құлшынысы ХХ ғасырдың 20-жылдарының басында Том тех­но­логия институтында оқып жүрген кезінде байқалды. Ғалымның ұстазы, үлкен оқымысты профессор М.А.Усов қаршадай қазақ баласының ерек­ше қабілетін ерте байқайды. Академик М.В.Мельников естелігінде: «Усовқа өзінің оқушысына геология деген сүйіс­пеншілікті үйретудің қажеті болған жоқ, ол оны одан әрі дамытты», деп жазды. Қаныштың ерен еңбексүйгіштігін, ғылым жолындағы үздіксіз ізденісін онымен бірге оқыған академик М.П.Русаков та жоғары бағалайды. Институтты сәтті аяқтаған, қазақтан шыққан тұңғыш инженер-геолог Қаныш Сәтбаев ҚазКСР Халық шаруашылығы кеңесінің жолдамасымен Қарсақбай зауытын қал­пы­на келтіріп, мыс өндірісін жолға қою мақсатында 1925 жылдың 10 маусымында КСРО еңбек және Қорғаныс кеңесі­нің Қаулысымен «Атбасар түстіме­талл» тресінің қарауында қызметке жібе­ріл­ді. 1926-1929 жылдары трестің геология­лық тобының жетекшісі, ал 1929 жылы трест Қарсақбайға көшірілгеннен бас­тап комбинаттың геологиялық бар­­лау бөлімінің бас геологі, бастығы, ке­йін­нен Жезқазған геологиялық барлау партиясының бастығы болып 1941 жыл­дың шілде айына дейін Қарсақбайда ты­нымсыз еңбек етті. Үлкен Жезқазған деп аталатын алып мыс комбинаты­ның дүниеге келуі мысты өлкенің жан-жақ­ты зерттеліп, оның мол байлығының игеріле бастауы Қаныш Сәтбаевтың есі­мі­мен тікелей байланысты.

Жезқазған жерінде еңбек еткен ал­ғашқы кездің өзінде-ақ ғалым оны «гео­логиялық Эльдорадо» деп атады. Қаныш Имантайұлының пікірінше, Жезқазған қойнауында жүз мыңдаған емес, жүз миллиондаған кен байлығы жатыр және мұнда осы уақытқа дейін не Америка, не Еуропа білмеген деңгейде мыс өндіруге болады деп есептеді.

«Қарсақбай ауданы және оның бо­ла­шағы» атты мақаласында Қаныш Сәт­баев: «Жезқазған мүмкіндігі жағынан дүниежүзінің бай мыс аймақтарына жатады және болашақта Америка­ның белгілі мыс орындарын басып озады», деп жазды. Алайда сол кезеңде Кеңес одағының өнеркәсіп сая­сатын жүргізген кейбір теріс пиғыл­дағы шенеуніктер Қаныш Сәтбаевтың бол­жамын теріске шығаруға тырысты. Бұл пікір Үлкен Жезқазған өнеркәсібін дамытуға қажетті теміржол құрылысын салу кезінде де көрінді. Міне, осы уақыт­та Қаныш Имантайұлының табанды­лы­ғы, ғылыми тұжырымдарының негізі, ұйымдастырушылық қабілеті айқын байқалды.

Үлкен Жезқазғанның қазына бай­лығының молдығы, болашағы жөніндегі Қаныш Сәтбаевтың көзқарасын Орта­лық Қазақстанның пайдалы қазбала­рын анықтауда үлкен үлес қосқан бел­гілі геолог-ғалымдар М.П.Русаков пен И.С.Яговкин қолдады. 1934 жылы жа­рық көрген Қ.Сәтбаев пен М.П.Русаков­тың «Жезқазған екінші бесжылдық­та» атты кітабы Жезқазғанның сирек кез­десетін мол байлығы жөнінде ғылыми негізделген тұжырымдаманы жариялап, мысты өлкеге деген ынталылық­ты бұрынғыдан да күшейтті. Ғалымдар Үлкен Жезқазғанның болашағын КСРО Ғылым академиясының арнаулы сессиясында талқылауды талап етті.

1934 жылы Мәскеуде КСРО Ғы­лым академиясының, КСРО Жос­пар­лау комитетінің, Түстіметалл Бас бас­қармасының, ҚазКСР Халық комис­сарлары кеңесінің шешімдерімен Үлкен Жез­қазғанның өзекті мәселелеріне ар­нал­ған Ғылым академиясының арнаулы сессиясы болды. Оның жұмысына 57 мекеменің өкілдері, көрнекті ға­лым­дар, инженер-геологтер қатысты. Бес күнге созылған сессия мәжілістерінде Қаныш Сәтбаев Жезқазған өндірісінің болашағы жөніндегі өзекті мәселелерге бес ғылыми баяндама жасады. Сессия­ға қатысқан ғалымдар бұл күнге дейін ғылыми орта көп біле қоймаған және қазақ инженерінің Жезқазған жерінде тұнып жатқан мол қазына байлығы туралы ғылыми зерттеулер мен дәйекті тұжырымдарға сүйенген хабарламаларын үлкен ықыласпен тыңдады. Есім­і дүниежүзіне мәшһүр ғалымдар – А.О.Архангельский, В.А.Обручев, И.М.Губкин, Б.Е.Веденеев және бас­қа­лары Қаныш Сәтбаевты толық қолдады. Бұл – Қаныш Имантайұлының ғылым шыңындағы алғашқы үлкен жеңісі.

1934 жылдың қараша айында большевиктер партиясы Қазақстан өлкелік комитетіне, ҚазКСР Халық комиссар­лар кеңесіне жазған хатында Қаныш Сәт­баев салынуға тиісті теміржолдың тек Үлкен Жезқазғанды Қарағанды кө­мірімен қамтамасыз ету ғана емес, Жез­қазған жерінде ашылған бай темір-марганец кенін Қарағандыда салыну­­ға тиісті металлургия зауытына жеткізу­де де үлкен маңызы бар екенін айт­­ты. Ғалым Жезқазған марганецін бола­­шақ­та Оралға, Магнитогор металлур­гия зауытына жетуге болатыны туралы да пікір айтты. Ол кісінің көргендігі Екін­ші дүниежүзілік соғыс кезінде дәлелден­ді. 1942 жылы қорғаныс ісіне аса қажеті марганец кенін Жездіде өндіру басталып, теміржол арқылы Оралға, Магнитогор металлургия зауытына жеткізілді.

Жоғарыда айтылған хатта Қаныш Сәтбаев теміржол құрылысының тез арада салынуы тек өнеркәсіп үшін ғана тиімді емес, сонымен қатар Сарысу өзе­нінің ауыл шаруашылығы үшін қо­лайлы, бай сағасын өркендетуге мүм­кіндік беретінін көрсетті. «Орталық Қа­зақ­станды қақ бөліп өтетін теміржол салынса, табиғи өндіргіш күштері мол, бірақ осы уақытқа дейін игерілмеген өлкенің экономикалық, мәдени өмірінің күрт өркендеуіне әкелер еді», деп жазды. Қаныш Сәтбаевтың бұл көзқарасының дұрыстығын өмір дәлелдеді. 1937 жылы салынып біткен теміржолмен алғашқы қозғалыс басталды.

«Түстіметалдар» бас басқармасы бас­шыларының кертартпа саясаты те­мір­­жол құрылысы аяқталғаннан кейін де тоқ­­таған жоқ. Соның нәтижесінде құ­ры­­лысқа үшінші бесжылдықта бөлінген қар­жының көлемі бұрынғы жобадан екі есе аз, яғни 350 миллион сом болды. Ал комбинаттың жылдық өнімі 50 мың тонна мыс болатын өндірістің тек бірінші кезеңін ғана аяқтау көзделді.

Бірақ 1936 жылы қайта жандана бас­­таған жобалау, басқа дайындық жұ­мыс­­тары тағы да тоқтап қалды. Мем­­ле­кеттік басқару ұйымдарындағы шен­­ді қызметкерлердің сыңаржақ теріс әре­­­кеттері тағы да бел алды. Ескі сыл­­тау­­ларды алға тартып, мемлекет, ха­лық қа­мын ойлағансып, олар тағы да үл­кен құ­­ры­лыстың жандануына зиянын тигізді.

Қаныш Имантайұлы, оның сенімді серіктері шенеуніктердің кертартпа көз­қарастарына қарсы талмай күресе отырып, жаңа ғылыми мәліметтер­мен Үлкен Жезқазғанның болаша­ғын көрсете білді. Егер де 1935 жылы Қаныш Сәтбаев бас­қарған геологтер Жез­қазған кен ор­нын­дағы мыс қорын 3 млн тонна деп анық­таса, 1938 жылы 4 млн тоннадан асып кетті. Жезқаз­ған мыс қорының көлемі жағынан Кеңес одағы бойынша бі­рін­ші орынға, ал дүниежүзі бойынша төр­тінші орын­ға шықты. Ақыры 1938 жылдың 10 ақ­панында Ауыр өнеркәсіп халық ко­мис­сариатының жаңа №50 бұйры­ғы жаңа Жезқазған комбинатының бірін­ші кезеңін 1941 жылдың басында іске қосуға міндеттеді, ал жалпы комбинат құрылысы 1943 жылы аяқталуға тиіс болды. Құрылыстың жалпы құны – 520,1 миллион сом, оның ішінде бірінші ке­зегі 371,9 миллион сомға бағаланды.

Міне, түсті металлургияның алы­бы атанған Жезқазған комбинатының құ­­рылысы осылай басталды. Үлкен Жез­­қазған құрылысы ондаған жыл­ды қамтиды. Ол Екінші дүниежүзілік со­ғы­стың от­­ты жылдарында да, соғыс­тан кейін­гі шаруашылықты қалпына келтіру жыл­дарында да толастаған жоқ. Оның тарихында білікті жұмысшы­лар мен инженер-техник мамандары­ның ерен еңбегінен басқа, кешегі кеңес­тік дә­уірдің төлтуындысындай бол­ған ГУЛАГ жүйесінде торығып, қамау­да бол­ған ондаған мың тұтқынның да қол­таң­басы бар.

Тәуелсіз Қазақстанның өнеркәсібін өркендетуге үлес қосып жатқан мыс­ты өңірдің бүгінгі еңбеккерлері, оның бо­лашағы – жастар осындай қиындық­пен дү­ниеге келген өндіріс алыбы­ның алғаш­қы ұйымдастырушысы ретінде Қаныш Имантайұлын зор мақтанышпен есте­ріне алады. Бұл сезім асыл тұлғаның есі­мін ардақтайтын әрбір азаматтың жүре­гінен табылары хақ.

 

Тілеген Садықов,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы