Саясат • 06 Наурыз, 2024

Депутат Қазақстанда жаңа комитет құруды ұсынды

125 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат Қазақстанда жаңа комитет құруды ұсынды

Фото: Тұрар Қазанғапов

Гауһар Танашева Қазақстанның демографиясына алаңдаушылық білдіріп, бірқатар мәселе көтерді.

«Бір жыл ішінде Қазақстан халқының саны небәрі төрт миллионға өссе, көрші Өзбекстан халқы 15 миллионға өсті. Қазақстанда халық саны аз, тығыздық төмен. Әлемде тек 184-орындамыз, 100 гектар жерге тек 7 адам келеді», деді Мәжіліс депутаты.

Депутат атап өткендей, елдегі демографиялық мәселе халықтың табиғи өсімі мен миграциға келіп тіреледі. Оның пікірінше, табиғи өсуді қамтамасыз ету үшін ең алдымен отбасыларға қолдау көрсеткен абзал.

«Қазақстанда отбасы институтымен айналысатын бірден-бір мемлекеттік орган – Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Жастар және отбасы істері комитеті. Комитеттің отбасы саясаты бөлімінде небәрі 4 адам жұмыс істейді, ал аймақтарда комитет өкілдері мүлде жоқ. Өзбекстандағы демографиялық өсімнің оң динамикасын назарға ала отырып, өз елімізде Отбасы, әйелдер, балалар және демографиялық саясат жөніндегі мемлекеттік комитет құру тәжірибесін қабылдауды ұсынамыз», деді депутат.

Гауһар Танашеваның ойынша, жаңа комитет құрылған жағдайда ана мен бала құқықтары тиімді қорғалып, қазақ отбасыларының тұрмыс жағдайы жақсаруы мүмкін.