“Егемен Қазақстан” газетінің 2010 жылғы 5 мамырдағы №170-172 санында Н.Темірбаеваның “Барар жер, басар тауым қалмады” деген хаты жарияланған болатын. Осы хатқа байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің төрағасы Г.Кимнен төмендегідей мәтінде жауап хат келді.
Онда: “2010 жылғы 7 мамырдағы Жамбыл облысы, Шу аудандық сотының борышкер С.Доскеевті іздестіру жөніндегі ұйғарымына сәйкес, Жамбыл облыстық көші-қон полициясы борышкер С.Доскеевті іздестіруде. Осы ұйғарымның орындалуы Шу аудандық ішкі істер басқармасына жүктелген. Комитет тарапынан борышкер С.Доскеевтің тұрғылықты мекен-жайы анықталған жағдайда Жамбыл облысының соттар әкімшісі тіркеу мекемелерінен жылжитын және жылжымайтын мүліктері мен екінші дәрежелік банктерде есеп-шотының бар-жоғы тексеріліп, мемлекеттік зейнетақы қорынан анықтама алу арқылы сот шешімін орындау жөнінде тапсырма берілді. Бұған байланысты іс-шаралар 21 жұмыс күнінің ішінде жүзеге асырылу міндеттелді.
Сонымен қатар, талапкер Н.Темірбаеваға осы мәселеге қатысты қабылданған шаралар бойынша және мән-жайдың толық анықталып, сот шешімінің нақты орындалуына ықпал етуі үшін төрағаның қабылдауына келуі туралы хат жолданды” делінген.
ЕЛДІК, ЕГЕМЕНДІК БЕЛГІСІ ӨЗ ОРНЫН ТАПТЫ
Фарида БЫҚАЙ.
Газетіміздің бұдан бұрынғы сандарының бірінде біз облыс көлемінде шығатын облыстық және аудандық газеттердің егемен елдің тірлігіне сай басылым беттерінде төл белгілерін анықтай алмай “адасыңқырап” отырғандығын жазған болатынбыз. Екі облыстық басылым – бірі “Сарыарқа самалы”, екіншісі “Звезда Прииртышья” газеттері маңдайша бетіне СССР деген жазуы бар “Құрмет белгісі” орденін “тағып қойып” бірнеше жыл бойы шығып келіп еді. Былай қарағанда, көрген көзге біртүрлі ерсі көрінетін.
Өткен өтті. Бұралаңды тарих жолдары кімге өкпелейтіндей енді. Біздің еліміздің де өзінің төл марапат белгілері өмірге келді. Тіпті, “Известия” газетінің өзі сол бір жылдары алған СССР деген жазуы бар бес-алты орденін жай ғана елеусіз ғып, соңғы беттің мекен-жайы жазылатын жеріне титтей етіп қоя салғанын да жазған едік. Жуырда біздің облыстық газеттегі бұл “марапат” төменге түсіп, алғашқы беттен еліміздің Елтаңбасы орын алды. Енді аудандық газеттер де тың игеру кезіндегі “Заря”, “Трибуна”, “Нива” сияқты атауларын елдік, егемендік мақсатқа сай өзгертіп бір жөнге келтірер деп ойлаймыз.
ПАВЛОДАР.
ЛАУРЕАТ ҰСТАЗҒА АРНАЛҒАН КЕШ
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, атақты ұстаз, Өскемендегі Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Қанипа Бітібаеваға арналған оқушылардың республикалық жарысына Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарынан дарынды балалар қатысты.
Осымен бесінші рет өткізілген талантты шәкірттер жарысында оқушылар Абай әлемі, жалпы қазақ әдебиеті, тіл білімін жетілдіру жөніндегі білімдерін сарапқа салды. Жарыс жеңімпаздарына Қанипа Омарханқызы өз қолымен марапат жасап, оларға сәт сапар тіледі.
ӨСКЕМЕН.