15 Маусым, 2010

“ЖИЫРМА БІР КҮН ІШІНДЕ ОРЫНДАЛАДЫ”

513 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
“Егемен Қазақстан” газетінің 2010 жылғы 5 мамырдағы №170-172 санында Н.Темірбаеваның “Барар жер, басар тауым қалмады” деген хаты жарияланған болатын. Осы хатқа байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанын­дағы Сот әкімшілігі комитетінің төрағасы Г.Ким­нен төмендегідей мәтінде жауап хат келді. Онда: “2010 жылғы 7 мамырдағы Жамбыл облысы, Шу аудандық сотының борышкер С.Доскеевті іздестіру жөніндегі ұйғарымына сәйкес, Жамбыл облыстық көші-қон полициясы борышкер С.Доскеевті іздестіруде. Осы ұйғарымның орындалуы Шу аудандық ішкі істер басқармасына жүктелген. Комитет тара­пынан борышкер С.Доскеевтің тұрғылықты мекен-жайы анықталған жағдайда Жамбыл облысының соттар әкімшісі тіркеу мекемелерінен жылжитын және жылжымайтын мүліктері мен екінші дәрежелік банктерде есеп-шотының бар-жоғы тексеріліп, мемлекеттік зейнетақы қорынан анықтама алу арқылы сот шешімін орындау жөнінде тапсырма берілді. Бұған байланысты іс-шаралар 21 жұмыс күнінің ішінде жүзеге асырылу міндеттелді. Сонымен қатар, талапкер Н.Темірбаеваға осы мәселеге қатысты қабылданған шаралар бойынша және мән-жайдың толық анықталып, сот шешімінің нақты орындалуына ықпал етуі үшін төрағаның қа­был­дауына келуі туралы хат жолданды” делінген. ЕЛДІК, ЕГЕМЕНДІК БЕЛГІСІ ӨЗ ОРНЫН ТАПТЫ Фарида БЫҚАЙ. Газетіміздің бұдан бұрынғы сан­дарының бірінде біз облыс көле­мін­де шығатын облыстық және аудан­дық газеттердің егемен елдің тірлі­гіне сай басылым беттерінде төл бел­гілерін анықтай алмай “ада­сыңқырап” отыр­ғандығын жазған болатынбыз. Екі облыстық басылым – бірі “Сарыарқа самалы”, екіншісі “Звезда Приир­ты­шья” газеттері маңдайша бетіне СССР деген жазуы бар “Құрмет белгісі” ор­денін “тағып қойып” бірнеше жыл бойы шығып келіп еді. Былай қара­ған­да, көрген көзге біртүрлі ерсі көрінетін. Өткен өтті. Бұралаңды тарих жол­дары кімге өкпелейтіндей енді. Біз­дің еліміздің де өзінің төл мара­пат бел­гілері өмірге келді. Тіпті, “Известия” газе­тінің өзі сол бір жылдары алған СССР деген жазуы бар бес-алты орденін жай ғана елеу­сіз ғып, соңғы беттің мекен-жайы жазылатын жеріне титтей етіп қоя салғанын да жазған едік. Жуырда біздің облыстық газеттегі бұл “ма­рапат” төменге түсіп, алғашқы беттен еліміздің Елтаңбасы орын алды. Енді аудандық газеттер де тың игеру кезіндегі “Заря”, “Трибуна”, “Нива” сияқты атауларын елдік, егемендік мақсатқа сай өзгертіп бір жөнге келтірер деп ойлаймыз. ПАВЛОДАР. ЛАУРЕАТ ҰСТАЗҒА АРНАЛҒАН КЕШ Оңдасын ЕЛУБАЙ. КСРО Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты, атақты ұстаз, Өскемендегі Жамбыл атындағы дарынды балаларға ар­­нал­ған мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Қа­нипа Бітібаеваға арналған оқушы­лар­дың рес­публикалық жарысына Алма­ты, Павло­дар, Шығыс Қазақстан, Ақ­мо­ла облыс­тарынан дарынды балалар қатысты. Осымен бесінші рет өткізілген та­лантты шәкірттер жарысында оқу­шы­лар Абай әлемі, жалпы қазақ әдебиеті, тіл білімін жетілдіру жөніндегі білім­дерін сарапқа салды. Жарыс жеңім­паздарына Қанипа Омарханқызы өз қолымен марапат жасап, оларға сәт сапар тіледі. ӨСКЕМЕН.