Аймақтар • 07 Наурыз, 2024

Батыр аналарға құрмет

183 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көктемнің шуақты мерекесі де өзінің сән-салтанатымен келіп қалды. Нәзікжандылардың бір мезгіл құшағы гүлге, жаны нұрға бөленеді. Күні кеше аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев сан салада еңбек етіп жүрген әйелдер қауымымен кездесіп, ашық әңгіме өрбітті. Халықаралық Әйелдер күніне орай өткен мерекелік жиында облыс әкімі көпбалалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» тақты.

Батыр аналарға құрмет

Шуақты мерекенің құрметі­не орай Президент Жарлығы­мен аймағымыздағы 8 көпбалалы ана «Алтын алқа», 39 ана «Күміс алқа» иегері атанып отыр. Бұл басқосуда аймақ басшысының ­қо­лынан «Алтын алқаны» алу ­ба­қы­ты Закира Мұқымбекқызы мен Ғалия Қашаубаеваға бұйырды. Ал «Күміс алқамен» Светлана ­Жұма­ділова мен Венера Кентаева марапатталды.

Аймақ басшысы Президент жол­даған құттықтаухатты филология ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері Нұр­сұлу Букетоваға табыстады. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының аға оқы­тушысы, әлеуметтану ма­гистрі, әйелдер істері және отба­сы­лық-демографиялық саясат жө­нін­дегі облыстық комиссияның мү­шесі Татьяна Резвушкинаны Ұлттық комиссияның Алғысхатымен марапаттады.

– Аналардың мерекесі – өмір­дегі ең ізгі мерекенің бірі. Себебі ана – әрбір адам үшін ең аяулы, ең ардақты жан. Дүниеде анадан қымбат, анадан асыл жан жоқ. Бар жылуын бала тәрбиесіне арнайтын да, отбасылық дәстүрді сақтайтын да аяулы аналарымыз бен асыл әжелеріміз. Сондықтан аналар мерекесі – біздің барлығымыз үлкен қуанышпен қарсы алатын жақсы бір мерекеміз. Болашағын ойлаған ел, ең алдымен, әйелдерге құрмет көрсетеді. Бұл – өмірдің бұлжымас заңы, – деді өзінің құт­тықтау сөзінде Е.Қабдулаұлы.

Мемлекеттік марапаттарды табыстаған соң әкім жиынға қа­тысушы жандармен ашық әңгі­ме­лесті. Президенттің құттық­тауын алған профессор Нұрсұлу Букетова алғыс білдіріп, әйел­дердің қоғамдағы орны мен беделі жөнінде сөз қозғай өтті.

Балқаш қаласы Аналар кеңе­сінің төрағасы Альмира Мусина бала тәрбиесі туралы айтса, бес баланың анасы, оның ішінде үш қызы спорт шеберлігіне үміт­кер Мария Оспанова отбасы құн­дылығы жөнінде әңгімеледі.

«Batyl Jurek» қоғамдық қо­рының Саран қаласындағы фи­лиа­лының басшысы Бибігүл Стецко қордың атқарып жатқан жұмыс­тарына тоқталды.

Қазақстанның жүзу спорты бойынша еңбек сіңірген жат­тықтырушы Евгения Влади­ми­ров­на қазіргі уақытта параспорт­шыларды дайындап жатыр. Был­тыр Азия ойынынан жүлделі орын алған Роман Потаповты жат­тықтырған. Жүзу спортына көр­сетіліп жүрген мемлекет қам­қор­лығына ризашылығын жеткізді.

Қарқаралыдағы «Арман» ша­руа қожалығының басшысы, кәсіп­кер Наталья Александровна да жиында сөз алды. Мемлекеттік тілде еркін көсілген бес баланың анасы ауыл тіршілігіндегі ананың атқарар рөлін сөз етті.

Елу жылға жуық Осакаров аудандық ауруханасында дерма­то-венерологиялық кабинетінің медбикесі болып қызмет еткен Раиса Ильваниди ауыл меди­цинасына айрықша назар ауда­рыл­ғанын айтып, алғысын білдірді. Қарағанды университеті морфология кафедрасының профессоры Майда Түсіпбекова да медицина төңірегінде сөз қозғады.

«Тазалық Эксперт» ЖШС қыз­меткері Дидар Әбдікәрімова да ме­рекелік кездесуге шақырту алғанына алғысын білдіріп, «кө­ше тазалығымен қоғам болып күре­суі­міз қажет», деді.

Шет ауданы Жоғарғы Қай­рақ­тыға қарасты Майбас қыстағында жолдасына қолғабыс етіп, трактор айдап, шөп шабатын Арайлым Байдашова шаруашылықтарының алдағы жоспарларын айтып берді.

Мерекелік кездесу соңында Осакаров аудандық мәдени-де­малыс орталығының музыкалық жетекшісі Анаргүл Наурызхан «Абзал ана» әнін шырқады. Жаны жадыраған меймандар Кеншілер сарайында өтетін мерекелік концертке жол тартты.