Спорт • 07 Наурыз, 2024

Кейбір спорттан киберспорт озық

151 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Компьютер ойындарына халықтың қызығушылығы күннен-күнге артып келеді. «Newzoo» аналитикалық компаниясының мәліметінше, 2025 жылы киберспорттың жалпы аудитория­сы 640 миллион адамды құрамақ. Отандық спортшыларымыз олимпиададан олжалы бола бермесе де, кибер бәсекеден бәйгенің алдын бермей келеді.

Кейбір спорттан киберспорт озық

Фото: tengrinews.kz

Киберспорт – жекелей немесе командамен ойналатын виртуалды жарыс түрі. Басқа спорт түрлері секілді мұнда да тұрақты жаттығу міндеттеледі. Оған қоса спортшылардың демеушілері мен арнайы бапкерлері де жоқ емес. Ал қаржылық тұрғыдан есептегенде, киберспорт – футбол мен покерден кейін екінші орында.

Ойын тарихы кейінгі он жыл­дықтан ғана басталады деп топ­шыласаңыз, қателесесіз. 1972 жылдың қазан айында Стэнфорд университеті ғалымдары арасында «Space war», қазақшаласақ «Ға­рыштық ғазауат» ойыны бойын­ша алғашқы турнир өткізілді. Турнирге барлығы 24 ойыншы қа­ты­сып, жеңімпазға «Rolling Stone» мәдени журналына бір жыл­дық жазылым сыйға тартылды.

Виртуалды ойын әлемі кең өріс ала бастағаны сонша, ендігі жерде жеңімпазға журнал емес, жүлдеге 300 мың доллар табыстайтын деңгейге жетті. Алғашқы ресми турнир 2001 жылы Корея астанасы Сеулде өтті. Ал биыл 13-25 ақпан аралығында Бразилияның Сан-Паулу қаласында «Six Invitational 2024» турнирі өтті. Онда 20 команда 3 млн доллар жүлде қоры үшін таласқа түсті.

Қазақстанда киберспорт федерациясы 2017 жылы құрылды. Осы уақытқа дейін федерацияға 8 мың команда тіркеліп үлгерген. Ал еліміздегі жанкүйерлер саны 3,5 миллионнан асып жығылады. Киберспортсмен әрі федерация менеджері Ержан Шәкеевтің айтуынша, алда атқарылатын жұ­мыс көп.

«2020-2025 жыл аралығына негізделген даму стратегиялық жос­пары бар. Соған орай заң­на­малық құжаттарды ретке кел- т­іре отырып, өңірлердегі фи­лиал жұмыстарын іске қосу ойымыз­да бар. Халықаралық немесе рес­публикалық турнирлерде жеңіске жеткен киберспортшыларға атақ және разряд түрін белгілеуіміз керек. Сонымен қатар төрешілердің біліктілігін арттырып, жаттық­ты­ру­шылар штабын құру – ісі­мізді ілгерілететін маңызды қа­дамдардың бірі», дейді ол.

Жақында ғана Татарстанның Қазан қаласында «Болашақтың ойындары» атты халықаралық муль­тиспорт турнирі өтті. «Фид­житал-концепцияға» негіздел­ген турнирдің форматы физикалық белсенділікті, заманауи техно­логия мен цифрлық ортаны ұш­тастырады. Бірінші бөлімде жа­рысқа шынайы атлеттер түссе, екінші бөлімде киберспортшы­лар ойынды экран бетінде жалғас­тырды. Жеңімпаз ортақ ұпай саны бойынша анықталды.

Турнирдің ашылу салтанатына Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып, спортшыларға сәт­тілік тіледі. Сөзінің аяғында Мемле­кет басшысы виртуалды до­даның келесі кезеңін Қазақ­станда өткізуге ықылас білдірді. Олай болатын болса, отандық кибер­спорт­шылардың бабы келісіп-ақ тұр.