Туризм • 07 Наурыз, 2024

«Байтақ жер» – байыпты жоба

165 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Баурайында сексен көлі толқыған, исі жұпар аңқыған сұлу Көкшенің көркем табиғатын бір көруге көбі құмбыл. Ақмола өңірі саяхат саласына таптырмайтын саңлақ өлке. Онда экотуризм, этнотуризм, агротуризм ғана емес, тарихи әрі киелі жерлер де жетерлік. Мәселен, Шабақты көлінің жағасында Абылай хан 48 жыл орда тіккен Ханның қызыл ағашы деп аталатын жер және Кенесары үңгірі аймақтың шежірелі тарихынан сыр шертетін орындар.

«Байтақ жер» – байыпты жоба

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Осынау сұлу өлкеге саяхатшылар тартуды 2022 жылдан бастап «Байтақ жер» жобасы қолға алған. Осыған орай, елордада Орталық Азияның Еуразия қоры (ОАЕҚ), «Шеврон», «Kazakh Tourism» компаниялары бірлескен дөңгелек үстел өткізді. Оған ел аумағында туризм саласын дамытумен айналысатын кәсіпкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен сарапшы мамандар қатысып, ой бөлісті.

«2022 жылы ОАЕҚ серіктес «Шеврон» компаниясымен бірге «Байтақ жер» жобасын əзірлеген еді. Мамандармен кеңесе келе экотуризм, этнотуризмді дамытуға қолайлы ауылдарды көпшілікке танытуды жоспарлаған едік. Оның бір бағыты бизнес жобасын іске асыра алмай жүрген ауыл тұрғындарын қолдау арқылы ішкі туризмнің көкжиегін кеңейтуге орайластырылып отыр», дейді жобаның ұйымдастырушысы Әлия Еспаева.

Оның айтуынша, жоба 2022 жылдың күзінде Ақмола өңіріндегі Зеренді, Сандықтау, Қорғалжын аудандарында жұмысын бастаған.

– Біздің басты мақсат – туризм саласында жұмыс істейтін Ақмола облысындағы ауыл­дық кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйым­дарды қолдау. Мұның аймақтағы туристік ин­фрақұрылымды дамытуға және экономи­калық жағдайды жетілдіруге септігі зор», дейді «Шеврон» компаниясының әлеумет­тік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Лейла Айтмұханова.

Жиынға қатысқан сарапшылар мен кә­сіпкерлер Ақмола облысындағы ауылдық жер­лердің экономикалық белсенділігін, мәселелерін талқылады. Сондай-ақ жоба жетекші­лерінің елегінен екшелген 22 кәсіп­кердің 10-ы жеңімпаз атанып, оларға арнайы сертификат табыстады. Яғни 10 кәсіпкерге 4-6 миллионға дейін мөлшеріндегі 2 жылға өсімсіз несие берілді.

«Олар бұл нәтижеге екі айға созылған қарқынды оқыту бағдарламасы арқылы қол жеткізді. Сонымен қатар жобаның білім берудегі серігі «MOST» бизнес-акселераторы үшін бір күндік оқытуда кәсіпкерлердің жос­парлау, ұйымдастыру сапалы қарым-қатынас жасау дағдыларын жетілдірді. Инкубацияның ІІ кезеңіне дейін кәсіпкерлер өздерінің білігін тәжірибелі тәлімгерлермен бірлесіп жұмыс істеу арқасында едәуір жақсартты», дейді Ә.Еспаева.

Қаржыландыратын жобалар арасында спорттық балық аулау, киіз үй жасау, демалыс орындарын ашу және салт атты саяхат, т.б. бар. «Байтақ жер» жобасына былтыр Ақмола облысынан 60-қа жуық кәсіпкер өтініш беріп, оқыту бағдарламасынан өткен 6 қатысушысы өсімсіз қарызбен өз жобаларын жүзеге асырыпты.

Сондай-ақ жиында кәсіпкерлер саяхат саласын дамытуға қатысты өз ойларын ортаға салды. Мәселен, кәсіпкер Ләззат Батыр­қожа­ның айтуынша, бұл жоба ауылдық жер­лер­дің экономикалық әлеуетін арттырады, бірақ оған да біраз экономикалық сауаттылық қажет.

«Байтақ жер» жобасы біраз нәрсеге көзімді ашқаны рас. Мәселен, бизнесті интуициямен жүргізіп те көрдік. Алайда онымыздан көп шикілік шықты. Оқу барысында біз бизнес жүргізуге арналған құралдар туралы мол мағлұмат алдық. Бұл жоба арқылы ауылдық жер­лерге туристер барып, олардың да, өзіміздің де экономикалық жағдаймызды еселесек дейміз», дейді кәсіпкер Елдос Оспанов.

Ал кәсіпкер Жұма Нұрғалиева кейбір шалғай ауылдарға қатынайтын жол мәселесі саяхат саласын дамытуға біршама кедергі келтіріп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ кәсіпкер Қанат Төкесбай, Эльвира Мұқашева жоба аясында бизнестерінің ауқымын кеңейтіп жатқанын айтты.

«Мен жобаның қатысушы ретінде қысқа тізімге кірдім. Бұл біз үшін «Michelin» жұл­дызды сапа белгісін алғанмен бірдей болды. Ақмола өңірі ежелден аргарлық аймақ. Мәселен, жылқы жануары алғаш қолға үйретілген жер де осы Ақмола екені белгілі. Яғни Ботай мәдениетінің мұраларын да әлемге танытуға мүмкіндік мол. Меніңше, жалпы Ақмола өңіріндегі ең ғажап жерлерді таныстыратын бірегей жол картасын жасап, әртүрлі саяхат ұйымдастыру арқылы да өңірге туристерді тартуға болады деп есептеймін», дейді Фарида Елеусізова.

Қазіргі сұраныста тұрған саяхаттың бір түрі – этнотуризм. Ол халықтың тұрмыс-тір­шілігін, салт-дәстүрі мен мәдениетінен сыр шертетін сала. Туризмнің бұл түріне қызығушылық танытатын саяхатшылар үшін де Ақмола таптырмас өлке.

«Бұл өңірде ұлттық қаймағы бұзылмаған ауылдардың дәстүрін, тұрмыс-салтын көрсе­тетін этнотуризмді де дамытуға мүмкіндік бар. Оның тағы бір бағыты ретінде қазір қолөнер шеберлерінің туындыларын танытуға да көңіл бөлініп келеді. Еліміздің әр аймағында мемлекеттің қолдауымен қолөнершілердің көрмесін ұйымдастыру да дәстүрге айналды. Себебі қолөнер креативті индустрияның ажырамас бөлігі саналады», дейді Алтынай Тәңірбергенова.

Ақмола десе бірінші ауызға түсетіні де, ойға оралатыны да – Бурабай. Бірақ бұл өлкенің ғажабы онымен бітпейді. Ауасында арша исі бар ақселеулі аймақтың әр ауылы тұнған сыр. Ал оны көрсем деген саяхатшыларға ауылдық кәсіпкер азаматтар сапалы сервис жасап, нәпақасын айырып жатса құба-құп.