Көрме • 07 Наурыз, 2024

Күміс бұйымдар көрмесі

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы Ұлттық музейде мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің жеке коллекциясынан жасақталған «Зергерлік өнер» атты салыстырмалы көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Көрменің басты ерекшелігі – коллекцияда қазақтың зергерлік әшекейлерімен бірге Орталық Азия және Кавказ елдерінен табылған түрлі бұйым жинақталған.

Күміс бұйымдар көрмесі

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ұлт мәдениетінің алтын сәулесі оның зергерлік өнерінен айрықша көрінеді. Асқан шеберлікті талап ететін зергерлік бұйымдардан халықтың тарихы мен танымын, дәстүрі мен дәуірін бағам­дай аламыз. Сақ бабаның сауыты мен саусағындағы бұйымдар сонау ғасырдан бүгінге аман жетіп, жаңарып, түрленіп, халқымыздың сәніне салтанат қосып келеді. «Таққаным құлағы­ма күміс сырға, күмбірлетіп шығамын күнде қырға» деген қара өлең шумақтары жоғарыдағы ойымызды қуаттап тұр. Көрмені ұйымдастырушылар зергерлік өнер арқылы еліміздің бай дәстүрі мен тарихын таныстырып, аталған өнерді көпшілікке насихаттауды мақсат еткен.

п

Салтанатты шараның алғашқы құт­тықтау сөзін Мәдениет және ақ­па­­рат министрлігі Музей қызметі және материалдық емес мәдени мұра бас­қармасының басшысы Гүлзейнеп Пазы­лова жеткізді. «Ұлыстың ұлы күні – Нау­­рыздың онкүндігі осындай керемет көр­менің ашылуымен басталып отыр. Мұн­дай көрмелер арқылы қазақтың бол­мысын танытатын туындылардан өрісіміз кеңейіп, танымымыз толыға түсері анық», деді ол.

р

Суретші, этнограф Қалиолла Ахмет­­жан көрменің рухани маңыз­ды­лығына тоқталып, зергерлік бұйым­дардың көркемөнер үлгісі ғана емес, халқымыздың дүниетанымы, на­ным-сенімі, әдет-ғұрпы мен тарихы көрініс тапқан құндылығы жоғары мұра екенін атап өтті. Сонымен қатар Қ.Ахметжан ұлттық музей тарапынан қолөнер үлгілерін көрсетіп қана қоймай, оларды ғылыми тұрғыда зерттеп-зерделеп жатқаны – мемлекетіміз жарқын болашағына бастама екенін баса айтты.

им

Музейдегі қорды есепке алу бө­лімі­­нің жетекшісі әрі көрменің кураторы Тоғжан Әділбекова болса, қазақ хал­қы­ның қыз баланы тәрбиелеу және оны сән-сал­танатымен өсіру жайында ой сабақтады. Құттықтау сөздерден кейін көрме қонақтары назарына ұлт­тық әшекей бұйымдарынан дефиле ұсы­ныл­ды. Дефиле барысында мойын-самай әше­­кейлері, сырғалар, білезіктер, жүзік­тер, бұрым әшекейлері сияқты бұйым­дар көрсетілді. Әйел затының жас ерек­шелік­­тері, қоғамдағы мәртебесіне сай сән үлгісі таныстырылды.

И.Тасмағамбетовтің бұл коллек­циясы бас-аяғы 1382 бұйымнан тұ­рады. Бұдан бөлек музей қорында Болат Сарыбаевтың жеке коллекциясы сақ­талған. Онда үш жүзден аса музы­ка­лық аспап жинақталған.