Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметтеріне қарағанда, биылғы жылы соғысқа қатысқан ардагерлердің үйлерін жөндеп беруге жергілікті бюджеттен 44 миллион 160 мың теңге қаржы бөлініпті. Ардагерлер, сонымен қатар, телефон орнатуға, отын алуға, тіс протездеуге, мерзімдік басылымдарға тегін жазылуға, жеңілдікпен дәрі-дәрмектер алуға, курорттарға барып емделуге қосымша көмектер ала алады.
Әлеуметтік бағдарламалар қызметкерлері аға ұрпақ өкілдерін құрметтеу, сый-сияпат көрсету жыл бойы жалғасын табатынын айтады. Қараша айында 108 пәтерлі ардагерлерге арналған жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі. Облыстың ауыл-қалаларында тұратын 12602 ардагер “Жеңіске – 65 жыл” мерекелік медалімен марапатталды. Астана мен Мәскеуде өткен салтанатты шерулерге қатысу үшін барған ардагерлерге түгелдей арнайы киімдер тігіліп, олардың бүкіл шығындары толық қамтамасыз етілді.
Ардагерлер енді жыл бойы қоғамдық көліктерде тегін жүре алады. Олардың тұрғын үй-коммуналдық төлемдері үшін 60 миллион теңге бөлінді. Жалпы, Жеңістің 65 жылдық мерекесі қарсаңында облыс аумағында тұратын 1340 соғыс ардагері республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен әрқайсысы 130 мың теңгеден, ал тың еңбеккерлері 10 мың теңгеден көмек алды. Ер-азаматтары соғыстан оралмаған 54 шаңырақтың әрқайсысына 90 мың теңгеден бөлінді.
Биылғы жылдың наурыз-сәуір айларында облыс бойынша өткен “Қамқорлық” айлығында да 12201 соғыс ардагерінің отбасыларына жалпы құны 92516,6 мың теңгені құраған ақшалай және заттай көмек түрлері көрсетілді.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.