Әйел әлемі • 08 Наурыз, 2024

«Алтын алқалы» полицейлер

133 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әйел адам қай салада еңбек етсе де, оны ең алдымен отбасының ұйытқысы, яғни Ана деп білеміз. Иә, ең бірінші кезекте ол – ана, ал қызметі мен лауазымы екінші кезектегі мәселелер. Еліміздің құқық қорғау саласында да еңбегімен талай жетістікке жеткен және аналық борышын ақтап жүрген жандар жетерлік.

«Алтын алқалы» полицейлер
  • Бұл сөзімізге елдің ішкі істер саласында «Алтын алқа» иегері атанған полиция қызметкерлерінің болуы дәлел. Солардың бірі – қоғам тыныштығын сақтауға өзіндік үлесін қосып жүрген нәзік жан Гүлжан Құралбекова. Ол ішкі істер саласындағы алғашқы қызмет жолын ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы болып бастаған.

Жұмысына жауапты полицей 2004 жылы Түркістан облыстық Полиция департаментіне қарасты көші-қон полициясының инспектор лауазымына тағайындалады. Содан бері көші-қон қызметінің тұрақты дамуына атсалысып жүрген білікті қызметкер. Дегенмен оның ең басты жетістігі – ел демографиясының жақсаруына қосқан зор үлесі.

Гүлжан Құралбекова – иығына ма­йор шенін, ал мойнына «Алтын алқа» таққан 8 перзенттің анасы. Оның 2-еуі ұл, 6-ауы қыз бала. «Әйелдің қырық жаны бар» деген бабалар сөзімен толықтай келісемін. Әйелдер қауымы бар қиындыққа шыдайды, олардың қолынан бәрі келеді. Ана адамды өмірге әкеледі де, оны өсіріп, дұрыс тәрбие беріп жетілдіреді және ел тұтқасын ұстар азамат болуына да үлесін аямайды. Отбасы мен қызметті қатар алып жүру әйелдің қырық жанды екенін көрсетсе керек. Менің де қызметіме қолдау білдіріп жүрген екінші анамдай болған енеме және асыл жарыма алғысым шексіз», дейді кейіпкеріміз.

Жалпы, елдің оңтүстік өңірі баяғыдан көпбалалы аналардың отаны­ десек, артық айтқандық емес. Қазіргі статис­тика көрсеткіштері де соны растайды. Еліміздің Түркістан және Маңғыстау облыстарында туу көрсеткіші ең жоғары. Ішкі істер саласында қызмет ететін нәзік жандар арасында да бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті жиі тербететін әйелдер қатары аз емес. Біздің келесі кейіпкеріміз де осы өңірдегі Ордабасы ауданында полиция қызметкері болып істейді.

  • Аудандық полиция басқармасының криминалист маманы Іңкәр Рашидқызы 7 баланы өмірге әкелген. Оның ішінде екі рет егізді дүниеге әкелген. Ол да – иығына «ма­йор» шенімен қатар мойнына «Алтын алқа» таққан батыр ана. Жұмыста кри­ми­налистік міндетімен қоса, отбасында ата мен ене алдындағы келіндік қызметін қалтқысыз атқарып жүр. Бір сөзбен айтқанда, «қазақ әйелі» дейтін мәртебелі атқа лайық, көпке үлгі ретінде көрсетуге болатын жан.

оо

Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, азаматтардың тыныштығын күзе­­тудің маңызын терең ұғынып, өз қыз­метін жауапкершілікпен атқарып жүр­ген Іңкәр Рашидқызы әйелдер қандай қиын­­дықты болса да көтеретінін, отбасы қа­мы мен жұмыс бабын қатар алып жүру өзіне ауыртпалық әкелмейтінін айтады.

  • Полиция қатарында көпбалалы ана атанған нәзік жандардан бөлек, өзі қара­мағына алған учаскедегі есепке қо­йы­лған барша балаға екінші ана бо­лып жүрген тәртіп сақшылары да аз емес. Бұл жерде әңгіме ювеналды полиция жайында болып отыр. Бұл лауазымдағы тәртіп сақшысы өзі­не қарасты учаскедегі барлық кәме­летке толмаған баланың өмірі мен қауіп­сіз­дігіне жауапты. Сол аумақтағы әрбір баланы жақсы таниды және әр­қай­­сы­­сының жағдайын жетік біледі. Қара­­ғанды облыстық ПД Жергілікті поли­ция қызметі басқармасының айрық­ша тап­­сырмалар жөніндегі аға инспекторы Әсел Омарова өз қызметі жайында айтып берді.

л

– Қарағанды облысының ювеналды полициясында 145 инспектор еңбек етеді. Олар өзіне қарасты учаскенің екінші анасы саналады, тіпті есепте тұрған көп бала үшін ана орнына ана болып жүр. Қиын жағдайға тап болған баланың әрбір эмоциясын өз жүрегінен өткізеді. Жасөспірімнің алғашқы махаббат сезімін де бірге басынан кешеді. Олардың жеткен жетістіктеріне, алған жақсы бағаларына бірге қуанады. Біздің инспекторларымыз бала тәрбиесін қолдан шығарып алған аналарға кеңесші болып келеді. Біз үшін бөтен бала деген жоқ, бәрі де өз баламыздай қымбат, – дейді полиция подполковнигі.

Оның айтуынша, бүгінде облыста 300 кәмелетке толмаған бала мен 500-ден астам ата-ана есепте тұр. Олардың тағдыры әрқилы, әр­қайсысы өмірдің қиын кезеңін де әрқалай өткізіп жатыр. Біреулері поли­ция қызметкерлерінің көмегімен қиын­дықтарын жеңіп, аяғына нық тұрса, басқалары сынақтан сүрініп жата­ды. Бірақ ювеналды полиция инс­пекторлары оларды ешқашан назар­дан тыс қалдырмай, көмегін аямай жүреді.

– Есепке алынған контингентпен профилактикалық жұмыс жүргізумен қатар жыл басынан бері біз 1000-нан аса әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 31 баланы орналастырдық, – дейді Ә.Омарова.

Ювеналды полиция инспек­тор­ла­рының қызметі шынымен жан-жақты әрі күрделі. Кейде жасөспірім үйіне уақтылы оралмай қалса да, облыстың бүкіл гарнизоны аяғынан тік тұрып, еріктілер шақырылады, барлығын қосқанда 3 мыңдай адам әлгі баланы іздеуге кіріседі. Әселдің айтуынша, бірде жас бала ата-анасына ескертпей достарының үйінде біраз уақыт отырып қалған, телефоны өшкен. Ата-анасының дабыл қағуымен полицейлер оны жоғалып кеткен деп есептеп, іздеуге кіріскен. Бір жылдың ішінде облыста осындай 19 оқиға тіркеліпті.

Міне, біреуге ана, біреуге жар, енді біреуге әріптес болып жүрген әйелдер қауымының халықаралық мерекесі де келіп жетті. Дегенмен қандай мейрам болсын, олар үйінде қарап отырмай, әрдайым антына адалдық танытып, қоғам тыныштығына құлағы түрік жүреді. Полиция қызметінің сыйлы да құрметті болуының да себебі осында болса керек.