Жиын барысында Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Күрішбаев дәстүрлі көктем мерекесі сұлулық пен нәзіктік, рухани даналық күні екенін атап өтіп, әйелдердің саясаттағы, экономика және әлеуметтік салалардағы жетістіктеріне тоқталды. Ал ел ғылымын дамытуға қосқан әйелдердің үлесі орасан. Бүгінде олар жалпы ғалымдардың 60 пайызға жуығын құрайды.
«Халықаралық әйелдер күнін біз әрқашан да көктеммен бірге келетін жылулық пен сұлулық рәмізі ретінде қабылдаймыз. Халқымыздың «Жұмақ – ананың ізінде, шуақ – ананың көзінде» деген даналығына назар аударар болсақ, бүгінде әйелдердің қоғамдағы алар орны ерекше. Олар жанұяның қамқоршысы ғана емес, қоғамның барлық саласының дамуына орасан зор үлес қосып отырған белсенді тұлғалар. Ғылым мен білім беру саласына қосып жүрген үлесі қомақты. Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын ғылыми жұмыстармен айналысатын әйелдердің қатары көбейіп келеді. Мысалы, 2015 жылы олардың үлес-салмағы 50 пайыз болса, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 54,5 пайызға жетіп отыр. Яғни саладағы жетістіктердің басым көпшілігіне нәзік жандардың еңбегінің арқасында қол жеткізіп келеміз», деді А.Күрішбаев.
Мемлекет басшысы ғылымды дамытуға байланысты ғалымдар алдына үлкен міндеттер жүктеп отыр. Бүгінде ел экономикасындағы еңбек өнімділігін 2 есе арттырудың стратегиялық міндетін ғылымның қолдауынсыз іске асыру мүмкін емес. Бұл зерттеу қызметін ұйымдастыруды түбегейлі қайта қарауға, ескі көзқарастардан арылуға, ғылымды басқару органдарының функциялары мен өкілеттіктерін нақтылауға және ғалымдардың зияткерлік әлеуетін толық ашуға ынталандыратын жаңа тетіктерді іске асыруға міндеттейді. Әлемдік ғылыми орталықтармен батыл интеграцияланып, олардың оң тәжірибесін қабылдап, бейімдеу уақыт талабынан туындап отыр. Осы түйткілді мәселелерді арқау ете отырып, ҰҒА президенті А.Күрішбаев бұл мәселеде ғылыми қоғамдастықтың әйелдер бөлігінің рөліне баса назар аудару қажеттігін алға тартты.
«Білім беру, кадрлар даярлау, білімді тарату және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу үрдісіне белсенді қатысатын әйел ғалымдарды қолдау, олардың кәсіби және мансаптық өсуіне жағдай жасау, перспективалы және креативті әйелдерді басшылық лауазымдарға батыл ұсыну жөнінде қосымша шаралар қабылдау уақыт талабынан туындап отыр. Осыны іске асырып, ғалым әйелдердің мәртебесін арттыру мақсатында Ұлттық ғылым академиясы Қазақстан мен Орта Азиядағы тұңғыш әйел-академик, көрнекті физиолог, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Наила Базанова медалін тағайындады. Бұл марапат алдағы уақытта ғылымдағы әйелдердің жетістіктері мен ғылыми саланың дамуына қосқан үлестерін ескере отырып беріледі», деді Ғылым академиясының президенті.
Мерекелік жиынға өңірлерден қатысқан 70-тен астам ғалым әйелдер ғылымды дамытумен қатар білім сапасын жетілдіру, өскелең ұрпақты заманауи біліммен сусындатып, ұлттық құндылықтарға баулу төңірегінде ой өрбітті. Мұнымен қоса ғалым әйелдердің мәртебесі, әлеуметтік ахуалы мен зерттеу жұмыстарына, ғылыми жобаларға қатысуына байланысты бірқатар ұсыныс айтылды.
АЛМАТЫ