Ғылым • 07 Наурыз, 2024

Зерттеуді емдеуге ұштастырған

92 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ләззат Ералиева – Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, педиатр, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Сонымен қатар ол – 150-ден аса мақаланың, 2 ұлттық нұсқаулықтың, монографиялар мен әдістемелік нұсқаулықтардың,
4 өнертабыс патентінің авторы.

Зерттеуді емдеуге ұштастырған

– С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне дәрігер боламын деген арманмен оқу­ғ­а түсіп, Педиатрия факультетін бітір­дім. Университетте үздік оқып көзге түскен­діктен, ординатураға түсерде мені әртүрлі факультетке шақырды. Өзім де балалар хирургиясы, балалар онкологиясы секілді бағытпен айналысқым келетін. Бірақ біреуін таңдау керек, сөйтіп, «Балалардағы жұқпалы аурулар» бағытына бет бұрдым, таңдауымның дұрыстығына кейін көзім жетті. Ординатурада ғылыми зерттеу­лермен айналысып, зерделеу, сараптау, сандармен жұмыс істеу, статистика жүргізу маған ұнайтын. Түнгі ауысымдағы дәрігерлік қызметімді атқара жүріп оқуымды, зерттеу жұмыстарымды аспирантурада жалғастырдым. Аспирантураны уақытынан ерте аяқтап, кандидаттық диссертациямды қорғадым. Ондағы ғылыми зерттеуім сол кездері өте сирек қозғалатын «Балалардың ішек микрофлорасы» тақырыбы еді. Бұл уақытта тіпті дисбактериоз туралы да көп айтылмайтын. Сөйтіп, балалардағы жұқпалы аурулар кезінде ішек микрофлорасы жұмысының қалай өзгеретінін зерттедім, – дейді Л.Ералиева.

Кейіпкеріміз кейін қоғамда қызу тал­қыланған, балалардың денсаулығына зиян келтірген менингококк қауіпті инфекциясына назар аударды. Осылайша, ол балалар арасындағы менингит инфекциясын зерттеу бағытына келді. Өйткені сол уақытта аталған инфекцияны жұқтырған балалардың өмірімен күні-түні күресіп жүрген дәрігерді бұл мәселе қатты алаңдатып, оның себебін анықтауға, зерттеп, шешімін табуға білек сыбана кіріскен. 2010 жылы докторантурада «Бактериалды менингит» тақырыбында диссертациясын қорғады.

– Қазір Қазақстанның ұлттық екпе күнтізбесінде пневмококк инфекциясына қарсы вакцина бар, бұл пневмококк менингитіне де қарсы қолданылады. Мен докторлық диссертациямды қорғағанда,  ол аталған тізімде болған жоқ және балалар бұл инфекциядан қорғалмаған еді. Менің пневмококк  менингитіне арналған ғылыми-зерттеу еңбегім оған қарсы вакцинаны Қазақстанның ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілуіне негіз болды. Кейін өзім бітірген жоғары оқу орнында  Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының профессоры ретінде, содан соң сол университетке қарасты Б.Атшабаров атындағы іргелі және қолданбалы ғылы­ми-зерттеу институтының директоры ретінде ғылыми жұмыстарға жетекшілік еттім. Бұдан әрі Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының ғылыми-клиникалық жұмыстар бойынша дирек­тор­дың орынбасары қызметінде жүріп те ғылыми және емдеу қызметімді қатар алып жүрдім. Өйткені білікті дәрігерлердің еміне мұқтаж пациенттердің әрдайым жанынан табылғым келеді, ал әрбір клиникалық жұмыс ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет етеді, – деді кейіпкеріміз.

Л.Ералиева былтыр Президент жанын­дағы Ұлттық ғылым академиясының «Өмір және денсаулық» бағытын басқару­ға шақырту алды. Еңбек жолын сонау 2000 жылы дәрігер болып бастаған ол академия­да жүріп те клиникалық қызметіне қоса ғылыми жұмысын, ғылыми мақала жазып, жариялауды жалғастырып жүр.

– Мұның бәрі қажырлы еңбекті талап етеді, өйткені ғылыммен айналысу үшін ғылыми әдебиеттерді көп оқуға, халықаралық конгрестер мен конфе­рен­цияларға қатысып, ғылыми қауым­дастықпен араласып, отбасы тірлігін қоса атқаруға тура келеді. Көбі ғалым әйелді көзәйнектегі, қартайған адам ретінде елестетеді. Бірақ қазір заман басқа, осы күнгі ғылымда жүрген әйелдер образы әртүрлі, бір типте емес, олар заманауи қажеттілікті меңгерген. Мысалы, мен де қоғамдық қызмет ретінде әлеуметтік желідегі парақшамда ата-аналарға арнап балалар ауруларының алдын алуға бағытталған  кеңестерімді ұсынамын. Бұл да қоғам алдындағы жауапкершіліктен туған, – деп түйіндеді ол сөзін.