Басылым • 08 Наурыз, 2024

«Айқын»: Ақпарат айдынында – 20 жыл

274 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кезінде ақпарат кеңістігіне жаңа леп, тың серпінмен қосылған басылым «Айқын» газетінің шыға бастағанына 20 жыл толды. Бүгінде бүкіл ел көлеміне таралатын, өзіндік бет-беделі бар қоғамдық-саяси газеттің алғашқы саны 2004 жылдың 6 наурызында жарық көрді.

«Айқын»: Ақпарат айдынында – 20 жыл

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Біздің буын арман қуып Алматыға келіп, журналистиканың әліппесін тани бастаған 2004 жылдың көкте­мін­де қазақ баспасөзінің кеңістігіне жыл құсындай жарқ етіп «Айқын» газеті кіріп келді. Сол кезде-ақ рес­пуб­ликалық «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Жас қазақ», «Түркіс­тан», «Ана тілі» газеттері қазақ тілді оқырман қауымды рухани байлықпен барынша сусындатып отырған еді. Бұл ұлы іске тәй-тәй басқан «Айқын» да білек сыбана кірісіп, тіпті өзінің жаңашылдығымен орыс тілінде шығатын, оқырманы көп танымал газеттердің де алдын орай бастады.

Газеттің алғашқы құрылтайшысы «Литер-Media» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі болды. Серіктес­тік­тің бас директоры танымал тележурналист Ерлан Бекхожин, оның орынбасары Сайын Шаймерден «Айқын» және «Литер» газеттерінің қа­лыптасып-дамуына көп еңбек сіңірді.

Ал жас ба­сылымның бас редак­тор­лық қыз­метінің тізгіні белгілі журналист Серік Жанболатқа сеніп тап­сырылды. Газетті алғашқы ұйым­дастырушылардың бірі, таны­мал журналист Әділбек Қаба «Айқын» газетінде жарияланған естелігінде алғашқы жылдардың оңай болмағанын айтады. «Көшпелі «Айқынның» көрмегені жоқ» деген шағын естелікте басылымның басынан өткен қызығы мен қуанышы да, көрген қиындығы да қатар өрілген.

«Бір күні Серік Жанболат ха­бар­лас­ты. Ол кезде «Жас Алаш» газетінде жұмыс істеймін. Мені бас редактордың шығармашылық жөніндегі бірінші орынбасары қызметіне шақырды. Заманауи жаңа жоба. «Қысқа әрі нақты ақпаратқа негізделген басылым жасауымыз керек», деді ол. Мықты журналистерден редакция қалыптастыруды тапсырды. Көп ойландым. Бір жағынан өрімдей жас кезімде тілші болып келіп, бөлім басшысы, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметін атқарған, 150 мың тираж жинайтын «Мыңнан бір мезетімді» дүниеге әкелген, 16 жыл тапжылмай қызмет еткен «Жас Алашымды» қимаймын. Барғым да келеді. Ақыры баратын болып шештім. Жай кетпей, өзіммен бірге қызмет ететін бір топ жасалаштықты ала кеттім. Сөйтіп, корректорлар Әйкен, Бағдат апайлар, майталман журналистер Жолдасбек Дуанабай, Берік Бейсенұлы, Роза Қараева, Айгүл Ақанбайқызы, Гүлнар Тәжиева, тағы да басқа жасалаштықтар газеттің са­уат­ты әрі кәсіби деңгейде шығуына біреулері алғашқы күннен, енді біреу­­лері кейін қосылып, үлкен үлес қосты», дейді газеттің негізін салу­шылардың бірі Ә.Қаба.

Жалпы, «Айқын» газеті – еліміз­дің барлық өңіріне тарайтын респуб­ликалық қоғамдық-саяси газет ретінде өзіндік тарихын қа­лыптастырды. Жастың да, жаса­мыс­тың да іздеп жү­ріп оқитын үнпарағына айналған басылымның алғашқы нө­мірі 2004 жылдың 6 наурызында Алматы қала­сын­да жарық көрді.

Сол жылдары редакцияда еңбек еткен аға буын әріптестеріміздің қай-қай­сысынан сұрасаңыз да «Айқын­ның» аяққа тұруының кездейсоқтық емес екенін айтады. Газет тігіндісін жас­тыққа айналдырып, жұмыста түнеп, редакция бөлмелерінде талай мәрте таңды қарсы алған күндерін сағыныш­пен еске алады.

Расында «Айқын» газеті алғашқы санынан-ақ құдды бір ұзақ жылдан бері үздіксіз шығып келе жатқан шежірелі басылымдай ақпарат аламанына кірді де кетті. Алғашқы санынан қанық қызыл түспен жарық көрген басылым газет-журнал сататын киоскінің сыртынан жалын сияқты сонадайдан көзге бірден түсе­тін.

«Айқын» ішкі мазмұнымен ғана емес көзтартар дизайнымен де әуел бас­тан көпшіліктің көңілінен шыға білді. Ұжым мүшелері ізденісін тоқ­татпай, тіпті Ресей астанасы Мәс­кеу­ден маман алдыртыпты. Сөй­тіп, газет бет­теудің көпшілік біле бермейтін қыр-сырына қаныққан айқын­дықтар кейін келе газетті 24-32 бет етіп шыға­руға да машықтанды.

Не керек, кіл «сен тұр, мен ата­йын» дейтін тәжірибелі тілшілер мен білікті басшылардан құралған газет қоғамның барлық саласында болып жатқан жаңалықтың жаршысына айналып, күрмеуге келмейтін күрделі мәсе­лелерді қысқа-нұсқа форматта, өткір тілмен, саяси салмақпен билік­тің назарына жеткізе білді. Тіпті материалдары өзіндік дизайнымен беттелген әр беті бір басылымның жүгін көтерердей болды.

Көп ұзамай-ақ, 2005 жылы Прези­дент сыйлығын иеленді. Бұл құрмет жас та болса өзіндік айтары қалыптасқан ай­қындықтарды қанаттандыра түсті. 2006 жылы «Алтын жұлдыз» сый­­­лығына ие болса, 2017 жылы «Үр­кер» сыйлығын қанжығаға байлады. Газет журналистері де ел Пре­зи­денті грантының және «Үркер» сый­лығының, Журналистер одағы сыйлығының, көптеген мерекелік медальдың иегерлері.

«Айқын» газетін әр жылдары елге белгілі журналист-публицис­тер басқарғанын айта кеткен жөн. 2004-2007 жылдар аралығында Серік Жанболат редакторлық етсе, 2007-2008 жылдары Бауыржан Омаров, ал 2008 жылдан 2019 жылға дейін Нұртөре Жүсіп бас редактор болды. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап 2022 жылдың сәуіріне дейін Нұрмұхамед Байғараев бас редактор болса, ал сол кезден осы күнге дейін Амангелді Құрмет жетекшілік етіп келеді.

Басылымның Астана қаласындағы редакциясынан бөлек, интернет-редакциясы және аймақтарда меншікті тілшілері бар.

Газет қазір «Amanat» партия­сы жанындағы «Нұр Медиа» медиа-хол­дингі құрамындағы «Айқын-Литер» серіктестігіне кіреді. Серіктестіктің бас директоры – белгілі журналист  Талғат Ешенұлы.

Бедерлі белеске қадам басқан «Айқын» осынау жылдар ішінде шын мағы­насында халықтың «көзі, құла­ғы һәм тілі» бола білді. Ақпа­рат айдынында жұртшылықтың тал­ғамын өсіретін сенімді дерек, са­палы ақпарат, салмақты сараптамамен ерекшеленіп, өзіндік орнын айшықтады. Бұл баспасөзде өзіндік мектеп қалыптастырған алдыңғы тол­қынның, олардың игі дәстүрін сәтті жалғастырған  қазіргі ұжымның ең­бегі деп білеміз.

Кезінде аптасына бес мәрте шығып тұрған басылым 2019 жылдан бастап апталық-сараптамалық үлгіге көшіп, бүгінде аптаның үш күнінде оқырман қолына тиіп отыр. Апталық таралымы – 40 мың дана.

Әріптестерімізді басылымның на­­ғыз жігіттің жасына толған айтулы мерейтойымен, үлкен беле­сімен шын жүректен құттықтай отырып, шығар­машылық тың табыстар тілейміз.