«Астана» халықаралық қаржы орталығында Орнықты даму жөніндегі директор болып тағайындалғанға дейін АХҚО Әкімшілігінде және оның Жасыл қаржы орталығында (green finance intelligence директоры, басқарушы директор, бас директорының орынбасары) әртүрлі лауазымда 7 жыл жұмыс істедім. Командаммен бірге Қазақстанның ұлттық жасыл таксономиясын және жасыл жобаларды субсидиялау схемасы туралы тиісті заңнаманы әзірлеумен айналысқан едік. Сондай-ақ 2022 жылдың желтоқсанында қабылданған Еуразиялық экономикалық одақтың жасыл жобаларының модельдік таксономиясын да әзірлеуге қатыстық. «Астана» халықаралық қаржы орталығына қызметке шақырған кезде, қуана келістім. Өйткені алған білімді, жинаған тәжірибені іске жарату, елдің қаржы нарығына үлес қосу үлкен арманым болатын. Оның үстіне ағылшын тілін жетік меңгердім. Бірақ оны қолданбасаң, жетімсіреп қалады. Бұл ретте АХҚО таптырмас жұмыс орны болды. Мұнда біз негізінен шетелдік инвесторлармен жұмыс істейміз, оның үстіне орталықтың ресми тілі – ағылшын тілі. Осында жұмыс істеу арқылы тілдік дағдым да, кәсіби біліктілігім де ширап, ашылып келе жатыр.
Орнықты даму саласы, ESG ұстанымдарын айқындау отандық қаржы нарығының маңызды саласына айналып келе жатыр. Осы бағыттың дамуына білімім мен тәжірибемді жұмсап жүрмін. «Жасыл» облигациялардың мәні мен маңызын қарапайым адамдар түгілі мемлекет, қаржы ұйымдарының өзі енді ғана түсініп жатқандықтан, қызмет аясын кеңейтуге біздің көмегіміз қажет. 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қолжеткізу туралы мемлекеттік стратегия қабылданғаны жалпыға мәлім. Әрине, ол үшін қомақты қаржы керек. Оның ішінде «жасыл» инвестицияның орны ерекше.
Сол стратегия қабылданғанға дейін де «жасыл» қаржы тұжырымдамасының төңірегінде жұмыс істедік. Еуропалық қайта құру және даму банкі мамандарымен бірлесіп Қазақстанға арналған «жасыл» қаржыландыру концептісін жазып шықтық. Сол кезде «жасыл» облигациялар АХҚО алаңында жаңа құрал ретінде енгізілуі керек деген тұжырымға келген едік. Пандемия кезінде «жасыл» ғана емес, әлеуметтік облигациялардың да әлеуеті түсіп кетті. Қазіргі уақытта «жасыл» да, әлеуметтік те кіретін орнықты даму тұжырымдамасының өсіп-өркендеуіне атсалысып келе жатырмыз. Еліміздегі «жасыл» экономиканың болашағы жарқын. Тиімді «жасыл» инвестициялау бастамаларын іске асыру біртіндеп басталып жатыр. Қазақстан Даму Банкінің былтыр «Астана» биржасында «жасыл» облигациялар орналастыруы – соның дәлелі. Сонымен қатар АХҚО былтыр қазан айынан бері Халықаралық қаржылық орталықтар қауымдастығына мүше. Соның шеңберінде біз Gender Finance Charter деп аталатын бастамаға қосылдық. Ол жерде гендерлік қаржы құралдарын алға тарту, қаржы саласындағы әйелдердің қызметін насихаттау деген міндеттермен айналысамыз. Биыл маусым айында өтетін дәстүрлі Astana Finance Days конференциясы аясында осы қаржы нарығындағы әйелдер белсенділігі жөнінде арнайы сессия ұйымдастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, соңғы уақытта нарықтағы әйел азаматтардың белсенділігі, іскерлігі жиі байқалып жатыр. Бұл өте жақсы үрдіс.
8 наурыз – мен үшін маңызы жоғары мереке. Мейрамда міндетті түрде анама және туған әпкеме хабарласып құттықтаймын, гүл жіберемін. Мереке кезінде Грузияда іссапарда болайын деп тұрмын. Бірақ жұмыс біткен соң кешкілік мейрамханаға барып, мерекелік көңіл-күйді сезінеміз деп ойлаймын. Биыл бұйыртса, сүйіктім екеуміз бас құрап, отау құруды жоспарлап отырмыз.
Айгүл Кусалиева,
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) әкімшілігінің Орнықты даму жөніндегі директоры