Теннис • 10 Наурыз, 2024

Үздіктер – Индиан-Уэллсте

94 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері теннистен АҚШ-тың Калифорния штатына қарасты Индиан-Уэллс қаласында аса ірі халықаралық турнир өтіп жатыр. Жүлде қоры 8 995 555 долларды құраған дүбірлі додада Қазақстанның төрт ойыншысы өнер көрсетуде.

Үздіктер – Индиан-Уэллсте

Индиан-Уэллстегі жарыс өзінің мәні мен маңызы, мәр­тебесі мен дәрежесі ­жә­не жүлде қорының мөлшері жағынан «Үлкен дулыға» санатындағы сайыстардан ғана қалып қояды. 1974 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келе жат­қан осы турнирде әлемнің ең үздік теннисшілері үнемі өнер көрсетуде. Жарты ға­сыр уақыт аралығында ерлер арасындағы бәсекеде ең көп олжаға кенелген Швей­царияның мақтаны­шы Роджер Федерер (2004-2006, 2013-2014, 2017 жыл­­дары) мен Сербияның саң­­лағы Новак Джокович (2008, 2011, 2014-2016). Олар бес реттен топ жарды. Әйелдер сайысында бірде-бір ойыншыға үш мәрте топ жару бақы­ты бұйырмады. Атақтары алысқа жайыл­ған Мартина Навратилова (1990–1991), Мэри Джо Фернандес (1993, 1995), Линдас Дэвенпорт (1997, 2000), Серена Уильямс (1999, 2001), Ким Клейстерс (2003, 2005), Даниэла Гантухова (2002, 2007), Мария Шарапова (2006, 2013) және Виктория Азаренко (2012, 2016) сынды бұрымдылар бас жүлдені екі реттен ғана олжалады.

Былтырғы жарыста күллі әлем жұртшылығы Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыба­ки­­­на­­ның асқан шеберлігіне тәнті болды. Америкалық София Кенин, испа­ниялық Паула Бадоса, ресей­лік Вар­вара Грачева, чехиялық Каролина Мухова, польшалық Игва Свен­тек және беларусьтік Арина Соболен­ко­ға сан соқтырған жерлесіміз тең­дес­сіз деп танылды. Ерлердің айқа­сы Карлос Алькарастың жеңісі­мен аяқ­талды. Испанияның аса дарын­ды теннис­шісі ақтық сында ресей­лік Даниил Медведевті ұтты.

Биылғы жарыстың алғашқы айналымында бос болған Елена Рыбакина (№4) екінші кезеңде Надя Подороскамен (№84) кездесуге тиіс еді. Алайда дәл ойын болатын күні Еленаның денсаулығы сыр беріп, ол кортқа шықпады. Юлия Путин­цева (№79) тұсаукесер кездесуін гер­маниялық Тамара Корпачқа (№76) қарсы өткізді. Бұл ойында отандасымыз неміс қызын оңай ұтты – 6:2, 6:3. Келесі кезеңде отандасымыз WTA рейтингінде өзінен әлдеқайда жоғары тұрған ресейлік Екатерина Александровадан (№16) айласын асырды – 7:6, 6:1. Юлия енді америкалық Мэдисон Кизпен (№18) күш сынасады.

Ерлердің турнирінде де жағдай дәл солай. Александр Бублик (№20) жарысты екінші кезеңнен бастап, қытайлық Цзюнчэн Шанға (№139) шаң қаптырды – 6:4, 6:1. Үшінші айналымда жерлесіміз ТОП-10 ойыншының қатарына енген Аустралияның өкілі Алекс де Минормен айқасады. Ал Александр Шевченко (№45) үшін бұл турнир аяқталды. Германияның теннисшісі Доминик Кепферді (№49) қапы қалдырды – 6:3, 1:6, 7:6. Бірақ көп ұзамай ол Аргентинаның ойыншысы Франсиско Серундолоға (№22) жол берді. Екінші сетте есеп 1:3-ке жеткенде Шевченко бәсекені жалғастырудан бас тартты. Сөйтіп, жарыс жолында екі жерлесіміз ғана қалды.