Мәселен, былтыр 25 желтоқсанда 64 жастағы әйел кешкі мезгілде өзеннің арғы бетіне өтпек болған. Алайда мұз ойылып, зейнеткер суға түсіп кеткен. Аудандық полиция бөліміне түскен хабарды естіген тәрбие және кадр бөлімшесінің инспекторы Роман Насихан жеке автокөлігімен оқиға орнына жеткен. Ол автокөлігінен арқан әкеліп, мұз үстіне шыққан сәтте көмекке келген өзге ер адам мұз ойығына түсіп кеткен.
Патрульдік полиция бөлімінің қызметкерлері Артур Кәрімов, Нұрхат Зұлқаров, Әділбек Темірболат, Жандос Ибатуллаев, Амандық Айдыналиев пен учаскелік полиция инспекторы Дархан Аманғалиев оқиға орнына жедел жетеді. Бірақ жұқа мұз үстіне бір мезетте 10-ға жуық адам шыққандықтан, мұз ойығы үлкейе түскен. Осындай қауіпке қарамастан, полицейлер өзенге құлаған әйел мен ер адамды құтқарып қалады.
Ал биыл 5 наурызда дәл осыған ұқсас оқиға тағы қайталанды. Бұл жолы 32 жастағы әйел Шарон өзенінің үстімен өтуге бекінген. Сол кезде мұз ойылып, өзенге құлаған. Әйелдің айқайлап, көмек сұраған даусын сол маңнан өтіп бара жатқан аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметінің инспекторлары, полиция аға лейтенанттары Шыңтас Әлисұлтан мен Батыржан Бақытұлы естіп, көмекке ұмтылған.
Полиция қызметкерлері өзенге құлаған әйелді жағаға алып шығып, оған сол сәтте алғашқы медициналық көмек көрсетеді. «Қазір ауа райының жылынуына байланысты су айдындарындағы мұз жұқара бастады. Сол себептен су айдындарының жағалауымен, жарқабақ пен жылғалардың үстімен өтуге болмайды. Өйткені жұқа мұз адам өміріне қауіпті. Осыған орай өзеннің үстімен өтіп, жол қысқартамын деу өмірге өте қауіпті екенін ескертеміз», деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Атырау облысы