Жетісу облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында инсультті емдеуде алғаш рет инновациялық тәсіл қолданылды. Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана дәрігерлері сол жақ ортаңғы ми артериясы бассейнінде жіті ишемиялық инсультпен ауыратын науқасқа бірегей операция жасады. Өңірде түңғыш рет қолданылған емдеу әдісі «стент-ретривердің көмегімен механикалық рентгенэндоваскулярлық тромбоэкстракция» деп аталады.
Аталған тәсіл мидың бітелген тамырынан тромбты механикалық түрде алып тастауға мүмкіндік беретін арнайы медициналық құрал «стент-ретриверді» қолдануға негізделген. Процедура рентгендік бақылау арқылы жүзеге асады. Бұл дәл және қауіпсіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Нейрохирург Айрат Жүнісовтің айтуынша, бұл әдістің бірегейлігі оның минималды инвазивті сипаты мен жоғары тиімділігінде жатыр.
«Процедура барысында біз мидың бітеліп қалған тамырына стент-ретриверді енгіземіз, ол тромбты ұстап, оны алып тастайды, қалыпты қан айналымын қалпына келтіреді және мидың зақымдануын болдырмайды. Бұл әдіс қан ағымын тез және тиімді қалпына келтіруге мүмкіндік береді, инсульттің әсерін айтарлықтай азайтады және науқастың денсаулық жағдайын жақсартады. Операция үш сағатқа созылды, науқас нейрохирургия бөліміне ауыстырылды», дейді А.Жүнісов.
Дәрігер атап өткендей, бұл операцияны инсульт басталғаннан кейінгі алғашқы 6 сағатта ғана жасауға болады, сондықтан ауруханаға уақтылы бару және инсультті ерте анықтау өте маңызды.
«Жасанды интеллект негізінде инсультті автоматты түрде диагностикалайтын қазақстандық өнім біздің жұмысымызға көп көмегін тигізеді. Ол бас миында ишемия ошағының бар-жоғын анықтауға көмектеседі. Қарапайым сөзбен айтқанда, мидың қай аймағының өлгенін анықтап береді. Ишемия ошағы болмаған кезде көмек көрсетуді бастауға болады. Бұл – тромболиз немесе тромбоэкстракция, яғни тромбты жою операциясы. Сонымен қатар мен барлық «CerebraAi» командасына көрсеткен көмегі мен медицинаға қосқан үлесі үшін алғысымды білдіргім келеді. Мүмкіндікті пайдалана отырып, үкіметтен осы бағдарламаға назар аударып, көмектесуін сұраймын. Өйткені бұл – сырқаттарға нақты көмек көрсететін бағдарлама. Жасанды интеллект негізінде инсультті автоматты түрде диагностикалайтын қазақстандық өнімнің қызметін кеңінен тарату керек. Бұған шетелдіктердің өзі қызығушылық танытып отыр», дейді облыстық аурухананың нейрохирург-дәрігері Асылбек Әнуарбекұлы.
Оның айтуынша, бассүйекті ашпай операция жасау тамыр нейрохирургиясы деп аталады. Облыста мұндай операция 2022 жылдан бастап қолданысқа енді. Бұл – өте қиын және қауіпті. Сол себепті операция жасау бір дәрігердің қолынан келмейді. Мұндай жағдайда операцияны бірнеше дәрігер бірлесіп жасайды. Бұл қатарда Мақсат Мұсабеков пен Айрат Жүнісов те бар. Кейінгі екі жылда өңірде 150-ден аса науқасқа операция жасалған. Соның 95–97 пайызы сәтті өткен.
Жалпы, өңірде әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында инсультті емдеу әдістерінің қарқынды дамуы байқалады. Инсультпен ауыратын науқастар сапалы емделуге мүмкіндік береді. Қосымша қаржылық шығындарсыз қалпына келуге жағдай жасайды.
Осы орайда айта кетейік, өңірдегі психикалық денсаулық орталығының қызметкерлері синтетикалық есірткіден уланған адам өмірін құтқарып қалды. Наркологтер химиялық қоспадан жасалған синтетикалық есірткі тұтынған науқасты емдеген. Оны бір рет пайдаланғаннан кейін тәуелді болады. Бүгінде мекеме қызметкерлері ішімдік пен әртүрлі зиянды заттарға әуестігі бар 3600-ден аса адамды тіркеуге алған. Қазір орталықта солардың 64-і емделіп жатыр.
«Бірнеше күн бұрын ауыр халде түскен науқасқа дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетті. Ем-дом шаралары нәтижесінде науқастың денсаулығы жақсара бастады. Былтыр Жетісу облысының психикалық орталығы 1 712 науқасты емдеп шығарды. Соның ішінде синтетикалық есірткімен емделгендердің пайыздық үлесі 15 пайызды құрайды. Синтетикалық есірткіні пайдалану кезінде адамның уақытқа бағдары, қоршаған ортаға, өзінің іс-әрекетіне деген есеп беруі жоғалады. Сонымен қатар психикалық денсаулығына өрескел зиян келеді», дейді облыстық психикалық денсаулық орталығының нарколог дәрігері Еркебұлан Молдаханов.
Жетісу облысы