Білім • 11 Наурыз, 2024

Дауға ұласқан аттестаттау

182 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жо­март Тоқаев VIII шақы­ры­лым­дағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында білім сапасын, әсіресе орта білім­нің деңгейін арт­тыру үшін батыл ше­шім қабылдау қа­жеттігін жайдан-жай айт­қан жоқ.

Дауға ұласқан аттестаттау

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Себебі Мемлекет басшысының бастамасымен 2019 жылы елімізде алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдер орынсыз тексерістер мен өз қыз­метіне тән емес жұмыстардан босатылғандығы және  жала­қы­лары соңғы төрт жыл ішінде екі есе көбей­тілгендігі білім беру саласының біршама ілгері басуына ықпалын тигізгенімен, оқушылар алған білім сапасы әлі де көңіл көншітерліктей емес. PISA-2022 халықаралық зерттеуінің нәтижелеріне сүйен­сек, отандық шәкірттер математикалық сауаттылықтан 425 балл жинап, 81 елдің ішінде 46-орынды, жаратылыстану бойынша 423 балға ие болып, 49-орынды, ал оқу сауаттылығы бойынша 386 балл алып, 61-орынды місе тұтқан. Сөйтіп, еліміз өзінің басты бағдары – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мү­ше мемлекеттердің орташа көр­сет­кіш­теріне қол жеткізе алған жоқ. Мәселен, ЭЫДҰ елдерінде мате­матика бойынша  5-ші және 6-деңгейлерден көрінген оқу­шы­лардың үлесі 9 пайыз болса, осы жөніндегі көрсеткіш біз­дің елде 2 пайыздан аспады. Жа­ра­ты­лыстанудан өте сауатты оқушы­лар үлесі ЭЫДҰ елдерінде 7 пайызды құраса, бізде 1-ақ пайыз болды. Оқу сауаттылығы жоғары оқушыларымыздың үлесі де – 1-ақ пайыз. Осы орайда тағы бір айта кетерлік жайт – еліміздің бірде-бір өңірі ЭЫДҰ-ның білім саласындағы орташа көрсеткіштерінің ешқайсысына қол жеткізе алмады.

«Білім беру саласында ұс­таз – ең басты тұлға. Оның қоғам­­дағы абырой-беделін арттыра бе­руіміз керек. Алайда мұғалімдер­дің, директорлардың және педаго­гикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады. Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайын­да­ған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ере­же болмауы керек. Бірақ негізі, ұстаздарға қойылатын талап жо­ғары болуға тиіс. Мұғалім тапшы­лы­ғын желеу етіп, мектепке кез кел­ген адамды жұмысқа ала беруге бол­майды. Мұндай әрекет ұстаз­дар­дың біліктілік деңгейін күрт тө­м­ендетеді», деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда мұғалімдерге қойы­лып отырған талаптың бірі –  ат­тес­таттаудан өту. «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес педагогтер Оқу-ағарту министрлігі айқындайтын тәртіппен аттестаттаудан өткізіліп, соның нәтижесі бойынша оларға біліктілік санаты беріледі немесе бұрын алған санаты расталады. Мұғалімдер бес жылда кемінде бір рет аттестаттаудан өтуге міндетті. Бұл үшін олар әуелі электрондық форматта Ұлттық біліктілік тестілеуінен (ҰБТ) өтуге тиіс. 

Президенттің тапсырмасына сәйкес биыл Оқу-ағарту министрлігі аталған талапты күшейтуді ұйғарып отыр. Осы мақсатпен «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтерді және білім және ғылым саласындағы басқа да азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» бұйрық жобасы әзірленіп, биылғы 29 ақпанда Ашық нормативтік құқықтық актілер порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Ұсынылған жаңашылдықтардың ішінде мұғалімдердің қазіргі 4 бі­ліктілік санатының санын бесеу­ге дейін көбейту көзделген. Атап айтқанда, алдағы уақытта білім ұйымдарына жұмысқа жаңадан қабылданатын жас мамандарға «Педагог» біліктілік санаты берілмекші. Бұған қоса, біліктілік санатын алу және бұрын алған санатты растау үшін белгіленген ҰБТ өлшемшарттарын өзгерту қарастырылып отыр. Мысалы, осыған дейін «Пәндік білімдер» бағыты бойынша «педагог-модератор» біліктілік санатын алу үшін  ҰБТ-дан 50 балл жинау талап етілген болса, енді бұл көрсеткіш 60 балдан кем болмауға тиіс. «Педагог-сарапшы» біліктілік санатын алу үшін бұрынғы 60 балдың орнына – 70 балл, «Педагог-зерттеуші» болу үшін бұрынғы 65 балдың орнына – 80 балл, ал «Педагог-шебер» атану үшін бұрынғы 70 балдың орнына 90 балл жинау қажет болады. «Оқыту әдістемесі» бағыты бойынша да жоғарылатылған өлшемшарттар енгізілмекші. Міне, осыған бай­ла­нысты қазір әлеуметтік желіде кейбір мұғалімдер шу шыға­рып, Оқу-ағарту министр­лі­гі­нің ұсыныстарымен келіспей­тіндіктерін ашық жазды. Ашық нормативтік құқықтық актілер порталындағы қоғамдық талқылау барысында да әртүрлі ұсыныс-пікір ортаға салынып жатыр.

«Мен педагог-зерттеуші, педагог-шебер санаты барлардың тестілеуден өтуіне қарсымын. Себебі шеберге – 90 балл, зерт­теушіге 80 балл жинау – өте көп. Біз робот, компьютер емеспіз. Қан­шама күнделікті жұмысымыз тұр, соның бәрін ысырып қойып, тестілеуге ғана дайындалу керек болады онда. «Бізде педагог-зерттеуші мен педагог-шебер аз», деп айтып жүрсіздер. Ал мынадай талаптарыңызбен, әрине, олар саусақпен санарлық болады. Қазір мұғалімнің жұмысы онсыз да бас­тан асады, тіпті отбасына, туған баласына қарауға мұршасы жоқ. Сондықтан мұғалімнің еңбегін оның қол жеткізген нәтижесіне қарай есептесеңіздер де жеткілікті деп айтар едім», дейді Анар Са­дықова.

Ал Индира Байғожина: «Әлеу­меттік желіде кейбір әріптесте­рімнің педагогтерді тестілеуге қар­сылық білдіріп жатқанын кө­ріп, таңғалдым. Әріптестер, біз 11 жыл оқытқан оқушымыздың Ұлттық бірыңғай тестілеуде 140 балл алғанын қалаймыз. Ала алмай жатса, ренжиміз. Ал біз өз пәнімізді оқытып жүріп, бар-жоғы 50 сұрақты қиынсынып отырғанымыз мұғалім деген атымызға сын емес пе? Мұғалім жоғары білімі бола тұра, өзінің сабақ беретін пәнінен тест тапсыра алмаса, оқушылар 5 пәннен қалай тест тапсырмақ? Оларды қандай мұғалімдер оқытып жүр? Ащы болса да шындық. Қазір мемлекет тарапынан педагог мәртебесін көтеруге көп қолдау көрсетіліп отыр. Алайда педагог өзінің білімі мен білігін растап отырғанда ғана шын мәнінде мәртебелі мұғалім атанбақ», дейді.

Пайымдап қарасақ, екі ұстаздың бір-біріне кереғар пікірлерінің қайсысының болсын жаны бар. Шынтуайтында, аттестаттау – кез келген мұғалім үшін оңайға соқ­­пайтын, көп дайындалуды қа­жет ететін сынақ. Бертінде сенім­ді дереккөзден Солтүстік Қа­зақ­­стан облысындағы бір қазақ орта мектебінің 8 мұғалімі «Ат­тес­­таттаудан оп-оңай өткізіп бере­мін» деген алаяқ әйелдің қолына әрқайсысы 300 мың теңгеден ұстатып жіберіп, кейін бармақтарын тістеп қалғанын естідік. Алайда олардың осы жөнінде құқық қорғау органдарына шағымдануға ар-ұяттары жетпеген. Бұл көптеген мұғалім өз біліміне сенімді емес екендігін көрсетеді. Себебі елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, ұстаздар қауымына мемлекеттік қолдау күшейтілгенге дейін мұғалім мамандығының беделі түсіп кеткен болатын. Оны көбінесе мектепте орташа оқыған түлектер таңдап келді. Соның сал­да­рынан, тұтастай алғанда, еліміз­дегі білім беру сапасы күрт төмен­деп кетті. «Ештен кеш жақ­сы» демекші, кейінгі жылдары Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған шаралардың нәтижесінде қоғамда мұғалім маман­дығының беделі артып, мектеп бітірген үздік түлектер  педагог мамандығын көбірек таңдайтын болды. Бұрын педагог мамандығы бойынша оқуға түскен студенттер орта есеппен 55 балл алған бол­са, былтыр осы көрсеткіш 110 бал­ға жетті. Бұл – алдағы жылдары мұ­ғалімдердің кәсіптік сапасы біртін­деп жақсаратындығының кепілі.

Сондықтан да Оқу-ағарту ми­нистрлігінің мұғалімдердің білік­ті­лігін арттыруға бағытталған жаңа­шылдықтары қоғамдық талқы­лау барысында айтылған сыни пікірлерді жан-жақты зерделеп, әрі ескере отырып қабылданса, құба-құп. Осы орайда көптен бері сөз болып келе жатқан Білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін құру мәселесін шешуді тездеткен жөн болар. Мұғалім Анар Садықованың жазғанындай, ұстаз еңбегін оның шәкірттерінің алған білімінің сапасына, қол жеткізген жетістіктеріне қарап бағалау ең әділ тәсіл болатыны сөзсіз.