Жақында Атыраудағы Абай орталығындағы кездесуде ақын шығармашылығындағы құндылықтар үндестігі атап өтілді. Ақын өлеңдерінің астарынан ар алдындағы адалдықтың моральдық-этикалық идеалын ұғынуға болады. Ал махаббат пен достыққа, мейірімділікке үндейтін өлеңдері оқырманын адамгершілік болмыстан айнымауға, адалдыққа жетелейді.
Кездесуде ақын Мұхтар Шаханов ұлтты сақтаудың басты шарты – тіл мен дәстүрге қатысты ойымен бөлісті. Оның пікірінше, поэзияның басты ұстанымы – бұрын ешкім айтпаған сөзді оқырманға жеткізу.
«Менің шешем 13 баланы дүниеге әкелді. Бірақ менен басқасы сәби кезінде түрлі аурудан қайтыс болды. «Менің үш ұлым бар. Үлкені – Шәмші, екіншісі – Төлеген және кенжесі Мұхтар», деп отыратын еді шешем. Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбергенов ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Шәмшімен бірге ел-жұртқа танымал болған 16 ән жаздық», деді М.Шаханов.
Ақынның досы аз. Оның ішінде өзге ұлттың өкілдері де бар. Соның бірі – қазақты өз ұлтындай құрмет тұтқан қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов. Ал белгілі драматург, жазушы Рахымжан Отарбаев ақынды руханияттың белді өкілі ретінде сыйлайтын еді.
«Қазақ жерінің әр өңірі маған қымбат, оның ішінде Атырауды да жүрегімде сақтап жүремін. Бұдан 30 жыл бұрын жұмыссыз қалғанымда, атыраулық досым Орынбасар Еркіновтің үйінде алты ай тұрдым. Досым шығармашылығымды тоқтатпауыма бар мүмкіндікті жасады. Оның үйінде көптеген өлең жаздым», дейді ақын.
Оның шығармаларын тек аға буын ғана емес, жастар да қызығушылықпен оқиды. Мәселен, ерлі-зайыпты Дулат пен Назерке Хамзиндер ақынның лирикалық шығармасына орайластырылған «Махаббатты қорғау» қойылымын ұсынды.
«Екеуміз де – Мұхтар ағаның оқырманымыз. Біз ақынның поэзия кешінде танысқанбыз. Сол себептен мұндай кездесуді қалт жібермейміз. Бүгінгі кездесуге ақын туындысынан қойылым әзірледік», дейді Дулат Хамзин.
Ал Жанболат есімді тағы бір оқырман – техника саласындағы мамандықтың иесі. Мұхтар Шахановтың поэзиясын оқиды. Ол кездесуге ұлын ерте келіпті.
«Поэзиясын жақсы көретін Мұхтар Шахановтың Атырауға келгенін кездейсоқ білдім. Ұлымның мұғалімі WhatsApp желісіндегі статусында осындай жаңалықпен бөліскен екен. Ақынның өлеңдерін тыңдау үшін келдім. Отбасылық кітапханамызда сақталған жыр кітабына қолтаңбасын алдым», дейді ол.
Жергілікті оқырмандар ақынның қолтаңбасын алды. Естелік суретке түсті. Ал ақын адалдық пен достық, махаббат пен мейірімділік хақында пікір білдірді. «Әр адамның айнасы – адалдық. Дос-жаран мен ағайынға, Отан мен кәсіпке адалдықтың жөні бөлек. Ең бастысы, ар алдындағы адалдықтан айнымаған жөн», деді ақын.
Атырау облысы