Жақсыбай САМРАТ – Солтүстік Қазақстан облысы
Көктем келгенде солтүстік жұртшылығы көңілі күпті болып отыр. Оның себебін бұдан бұрын бірнеше рет жазғанбыз. Алдымен күз бойы жаңбыр жауып, топырақтың ылғалдылығын қалыптағыдан 53 пайызға арттырып кетті. Мұндай топыраққа қарғын су сіңе алмай, тасқын болуы мүмкін. Оның үстіне биылғы қар қалың.
«Қазгидрометтің» Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Қымбат Мірғалымованың айтуына қарағанда, Сергеев су қоймасына құйылатын биылғы қар суының көлемі 1 600-2 400 млн текше метрден кем болмайды. Ал қалыптағы норма – 1 296 млн текше метр. 15 ақпаннан бастап қар әр бес күн сайын үзілмей жауып тұрды. Сондықтан су тасқыны жоғары болуы мүмкін. Бір қызығы, Ақмола облысындағы Сілеті өзені мен Ақмола су қоймасы бассейніндегі қар суының көлемі жылдағы нормадан 26-40%-ға дейін төмен. Бұлар Есілдің Солтүстік Қазақстан облысындағы бассейніне құяды. Демек Есілдің Солтүстік Қазақстандағы облысы аумағындағы аңғарының көтерілуі, жергілікті салаларының тасуы 3-6 сәуір аралығында басталатын қар суының толықтыруынан ғана мүмкін болады.
«Біз Сергеев су қоймасындағы судың көтерілуі сәуір айының екінші онкүндігінен басталады деп болжап отырмыз. Ал ол Петропавлға 29 сәуір мен 1 мамыр аралығында жетуге тиіс», деді Қ.Мірғалымова.
«Қазгидрометтің» облыстағы филиалының 19 гидрологиялық бақылау бекеті бар. Бұлар Есіл өзенінің бойындағы Тоқсан би, Крещенка ауылдарында, Петропавл, Сергеевка су қоймасында және қалаларында, Покровка, Новоникольск, Долматово ауылдарында орналасқан. Сондай-ақ Есіл өзенінің салалары – Аққанбұрлық, Шарық, Бабықбұрлық, Мұқыр, Иманбұрлық өзендерінің бойына орналасқан Ковыльный, Андреевка, Рузаев, Возвышен, Гусаков, Мұқыр, Соколов ауылдарында қоныстандырылған. Есіл өзені мен оның салаларынан басқа Шағалалы, Қамысақты өзендері мен Үлкен Тораңғұл көлінің жағасындағы Северный, Ясновка, Корнеевка ауылдарында да «Қазгидрометтің» бекеттері бар.
Қ.Мірғалымованың айтуына қарағанда, бұл бекеттер судың деңгейін күніне екі рет тексереді, әрбір он күн сайын судың шығынын бақылайды, тәулігіне екі рет судың температурасын біліп отырады, қыс күндері күніне екі рет мұздың қалыңдығын, мұз үстіндегі қар биіктігін өлшейді, күніне екі рет ауа температурасын да біліп отырады, даладағы қардың қалыңдығын бақылайды.
Бекеттерден алынған гидрометеорологиялық ақпараттар Петропавл қаласындағы «Қазгидрометтің» филиалына түседі, ал олар төтенше ақпараттар болса, электрондық поштамен Астанаға жібереді. Биылғы қардың еруі қарсаңында Астанаға 10 рет көктемгі қарғын су туралы ақпарат жіберілген. Сондай-ақ әрбір бес күн сайын қардың қалыңдығы түсірілген фотоматериалдар жіберіліп тұр. Топырақтың қатуы, ылғалдылығы, желдің, боранның қаттылығы, ауаның температурасының бес күндік болжамдары т.б. берілген. Кейде адамның мазасын алып, тым көп түсіп тұратын ақпараттар осы бекеттер жұмысының жемісі екен.
Метеорологиялық мониторингті бекеттер ғана емес, бес автоматты және 11 стационарлық стансалар да жасайды. Автоматты метеорологиялық стансалар Петропавл қаласында, Мамлют, М.Жұмабаев, Аққайың, Ақжар аудандарының орталықтарында орналасқан. Ал стационарлық метеорологиялық стансалар Петропавл қаласында, сондай-ақ бұрынғы және қазіргі аудан орталықтары Возвышенка, Благовещенка, Сергеевка, Тимирязев, Явленка, Рузаев, Саумалкөл, Тайынша, Чкалов ауылдарында орналасқан.
Осы айда жауын-шашын мөлшері негізінен нормаға жақын, алайда кей жерлерде нормадан көп болады деп болжанады. Айдың басында қар аралас жаңбыр жаууы ықтимал, үшінші онкүндіктің ортасында тұман күтіледі. Батыстан соққан желдің күшеюі 15-20 м/с болып тұрады.
Баян ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ – Ақтөбе облысы
Ауа райы күрт өзгеріп, күн бірден жылынса, далада қар жылдам еріп, мұзы ерімеген өзен арналарына құйылуы мүмкін. Осы жағдайға байланысты Ақтөбе облыстық ТЖД барлық жеке құрамы жоғарғы дайындық режіміне ауыстырылды.
Наурыздың 9-10 күндері оңтүстік белдеудегі Ырғыз, Мұғалжар, Шалқар аудандарында далалықтағы қар күрт ери бастап, елді мекендер мен тасжолдарды су басу қаупі төнгендіктен, төтенше жағдайлар қызметкерлері далалық өзендер бетіндегі мұздарды жаруға кірісті. Мұнымен бір кезде республикалық, облыстық маңызы бар автожолдарда және теміржол бойында су өткізу құбырлары мен көпірлерді тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Осы кезге дейін 1 352 су өткізу құбыры тазартылды. Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынына дайындық жүргізілгеніне қарамастан, кей аудандар мен қаланың шеткі бөліктерін су басу жағдайы жылда қайталанады.
Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов облыс аумағында су тасқынына қарсы тиісті жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, бірқатар ауданда еріген қар суының жолдарды шаюы, жол үстімен ағуы деректері тіркеліп отырғанын айғақтады.
«Оның себебі су өткізу құрылғылары бетондалмай орнатылғандықтан, жылда көктемде шайып кетеді. Су тасқыны кезеңінде пайда болатын қауіп-қатердің себебін жою үшін қар шығару жұмыстарын күшейту қажет. Жол құрылысы кезінде қар суын бұру жүйелерін бірге салуды құрылыс компанияларына міндеттеген жөн. Сондай-ақ еріген қар сулары ағатын табиғи арналар үстінен тұрғын үйлер салуды тоқтату керек», дейді ол.
Күзде су тасқыны қаупі жоғары өзендердің жағалауларын бекіту, жолдар бойындағы өткелдерді тазарту жұмыстары жүргізіліп, 46,6 шақырым болатын арықтар мен каналдар тазартылып, 21 шақырым қорғаныс бөгеті мен 8,1 шақырым су бұру арнасы салынды, 5 гидротехникалық құрылыс жөнделіп, 3,1 шақырым жаңбыр суына арналған арық қазылды. Сондай-ақ 13 өткізу құрылысы салынып, 27 өткізу құбыры орнатылды. Автокөлік жолдарының бойында екі көпір салынып, алты көпірге күрделі жөндеу жасалды.
Ақтөбе облысында жыл сайын далалық өзендер сәуірдің 10-13 күндері тасиды. Алайда былтыр наурыздың ортасында күннің күрт жылынуынан Қобда, Ойыл, Жем өзендері мезгілінен ерте тасыды. Биыл да сондай жағдай қайталануы мүмкін. Өзен жағасындағы тұрғын үйлерге қауіп төнген жағдайда тұрғындарды көшіруге азаматтық қорғау күштерінен 1 638 маман мен 350 бірлік техника, 66 жүзу құралы, 232 мотопомпа дайындалып, жанар-жағармай, инертті материалдар әзірленді. Су тасу кезінде тұрғындарды құтқаруға ТЖД жеке құрамынан 41 құтқарушы әзір отыр. Оларға көмекке 10 бірлік техника, 2 жүзу құралы және 8 бірлік мотопомпа бөлінді.
Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ – Жамбыл облысы
Еліміздің басқа өңірлері секілді Жамбыл облысында да биыл қар қалың жауды. Ылғалдың шамадан тыс мол түсуі жамбылдық атқамінерлерді де алаңдатып отыр. Барлық жауапты құрылым қызметкерлері қауіп төнген жағдайда жұдырықтай жұмылуға дайын.
«Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде 113 су қоймасы мен бөгеттер тіркелген. Жалпы, су қоймаларының сыйымдылығы 136,6 млн текше метрді құрайды. Бүгінде су қоймаларында нақты 58 млн текше метр су жинақталған. 113 су қоймасының 60-ы каналдар арқылы, қалған 53-і еріген қар, жерасты сулары және өзендермен толтырылады. «Жамбыл су қоймалары» мекемесі су тасқынының алдын алу бойынша қажетті іс-шараларды жүргізетін құрал-жабдықтармен қамтылған. Онда 53 қызметкер жұмыс атқарып жатыр. Қажетті техника да жеткілікті. Мерзімдік су деңгейінің көтерілуіне орай, қазіргі уақытта су қоймаларының техникалық жағдайы мен судың мөлшері мекеме қызметкерлерімен қатаң түрде қадағаланып отыр. Сондай-ақ су қоймаларын қалыпты жағдайда ұстау мақсатында жыл сайын су қоймалары мен бөгеттерде жөндеу жұмыстары жүргізіледі», дейді облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев.
Ақпан айының аяқ тұсындағы дерекке жүгінсек, облыс аумағында су тасқыны жағдайының күрделенуіне жедел ден қою мақсатында 1 459 адамнан тұратын авариялық-құтқару бөлімшелерінің күштері жұмылдырылған. Қажетті құралдар топтамасы әзірленген. Оларға 364 арнайы техника берілген. Бұдан бөлек, 396 қабылдау пункті, 6 900 тонна инертті материал мен 16 140 тонна жанар-жағармай қоры дайындалған.
Жалпы, су тасқыны кезеңіне дайындық «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының болжамды деректері ескеріле отырып, талдау жасалған. Облыс бойынша 1 739 шақырым канал, 1 794 шақырым арық, 428 шақырым дренаж жүйесі мен 946 су өткізгіш нысан тазартылған. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі келтірген дерекке зер салсақ, 34 елді мекеннен су басу қаупі алынып тасталған. Екі елді мекенге төнген қауіп барынша төмендетілген.
«2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Ірі су қоймаларының толымдылығын бақылау және талдау, арық-дренаждық желілерді тазарту, инертті материалдардың қажетті қорларын дайындау, 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі инженерлік жұмыстар жоспарын әзірлеу іс-шаралар жоспарына сәйкес атқарылып жатқанын айта кеткен жөн. Қазіргі кезде облыс бойынша су өткізу құрылыстары мен дренаж жүйесінің 95 пайызы тазартылды. Жалпы алғанда жоспардағы жұмыстар талапқа сай атқарылып жатыр», дейді төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Жауапты органдар келтірген дерекке сенсек, барлық тарап көктемгі су тасқыны қаупіне сақадай сай дайын секілді.
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ – Шығыс Қазақстан облысы
Күн күрт жылып кетпесе игі. Шығыс Қазақстан халқының тілеуі – осы. Әйтпесе, қыстың соңына қарай түскен қардың қалыңдығы кейбір өңірлерде үш метрге дейін жеткен. Сол үшін де сала мамандары болуы мүмкін қарғын судың алдын алуға белсене кірісті.
Әсіресе, Марқакөл, Күршім, Алтай аудандарында қар қалың. Оның үстіне ауылдарды іргелей ағып жатқан өзен, бұлақ көп. Алда-жалда арнасы ашылмай қалса, жағаға жайылған су үйді-үйді оп-оңай басып кетеді. Сондықтан ең әуелі әркім тұрғылықты жеріндегі арықтарды қасат қардан, қатқан мұздан тазалағаны жөн. Кейбір арықтарға қоқыстың кептеліп қалатыны да белгілі.
Шығыстағы күн райды болжап отыратын «Казгидромет» мамандарының пікіріне құлақ түрсек, ауа температурасы жылынып барады. Қардың еруі қарқынды. Демек, тілсіз жаудың алдын алу үшін әзірлікті күшейте түсу керек.
Жуықта күн райының күрт жылуына байланысты Шығысқа Семей қаласындағы ТЖМ 68303 әскери бөлімінен қосымша 50 адамнан тұратын әскери келді. Олар жағдайға мониторинг жасау және су тасқыны орын ала қалса, шұғыл әрекет ету үшін жұмылдырылып, Алтай және Күршім аудандарына бөлінді. Себебі жоғарыда айтып өткендей осы өңірлерге қар қалың түскен. Мәселен, Алтай ауданында қар қалыңдығы – 126 см, таулы аудандарда – 138 см. Ал Күршім ауданында – бір метрдей. Марқакөл өңірі тіптен, қар астында жатыр. Кейбір ауылдарында апталап жауған қардың қалыңдығы екі метрден асып кеткен.
Дәл қазіргі уақытта өңірде жағдай тұрақты. Су тасқыны қаупі бар деген елді мекендердің тұрғындарына түсіндіру жұмыстары мен жалпы саны 188 рейд жүргізілді. Сонымен қатар жоласты су өту құбырлары қардан аршылды. Ал төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері инертті материалға дейін әзірлеп қойған. Қажетті асай-мүсейлері, техникалары сақадай сай.
– Қарғын суға қарсы қажетті техникалардың әзірлеп қойдық. Қауіп бар-ау деген ауылдарда қаптарға инертті материалдар да толтырылды. Тұрғындарға шамамыздың келгенінше түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүрміз. Мониторинг жұмыстарын үнемі бақылауда ұстап отырмыз, – дейді облыстық ТЖД баспасөз қызметінің басшысы Марина Лискова.
Иә, арқаны кеңге салуға болмайды. Тілсіз жаудың қай бүйірден келері тіпті арнайы мамандарға да беймәлім болуы мүмкін. Мәселен, қар қалың түскен Алтай қаласында сарқырап ағып жатқан 3 өзен, 7 бұлақ, 5 канал, 7 көпір бар. Сондай-ақ 23 жоласты су ағу құбырлары есепте. Яғни өзен аңғарлары секілді орындар қар еру кезіндегі қауіп төндіреді. Мұның бәріне мониторинг жасап отырған Алтай ауданы әкімдігі мен арнайы мамандар аталған орындарды қардан тазартуға кіріскен. Зубовка ауылында 68303 әскери бөлімінің 25 сарбазы қар күреу жұмыстарын жүргізіп жүр. Олар әсіресе суағарлар мен арық бойларын тазалаған. Айта кетейік, қазіргі уақытта қарғын су автожолдарға ғана жайылған. Бұл – қалыпты жағдай. Алда-жалда шамадан тыс су көтерілсе деп, дайындық жұмыстары қайта-қайта пысықталып отыр.
Нұрқанат ҚҰЛАБАЙ – Қостанай облысы
ТЖД мамандары өңірде күн райы күрт жылынып кетсе, 36 елді мекенді қызыл су басып қалуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Қауіптің алдын алу үшін жасалған арнайы тізімде Қостанай, Арқалық қалалары мен Алтынсарин, Денисов, Жанкелдин, Қамысты, Қарабалық, Қарасу, Наурызым, Сарыкөл, Федоров, Б.Майлин аудандарына қарасты бірсыпыра елді мекен бар.
Сонымен қатар өңірде арнасынан асқан өзен суларының салдарынан біразға дейін жол қатынасы үзіліп қалатын елді мекендер бар. Мысалы, Арқалық қаласына қарайтын Екідің, Федоров ауданындағы Запасное, Б.Майлин ауданына қарасты Майлин ауылы, Қарасу ауданындағы Степное, Герцен, Құндызды, Жангелдин ауданындағы Ақкөл, А.Байтұрсынұлы, Амангелді ауданына қарасты Қоғалыкөл, Ағаштыкөл, Ақкісі ауылдары жыл сайын су тасқыны кезінде аралда қалғандай күй кешеді.
Облыстық ТЖД төтенше жағдайдың алдын алу бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ескендір Құбаевтың айтуынша, биыл аталған елді мекендерге жақын ағатын өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілген.
«Былтыр бекітілген инженерлік жұмыс жоспары шеңберінде тығыздалған топырақтан қосымша жер үйінділері тұрғызылды. Олар табиғи бөгет ретінде пайдаланылады. Теректі өзенінің қарсы жағалауында екі су бұрғыш жасадық. Былтырғы су тасқыны кезеңінде зардап шеккендерге арналған үш тұрғын үй салынды. Өңірлерде нөсер кәрізі тазартылып, шалғай ауылдардағы бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілді», дейді Е.Құбаев.
Табиғи апат қаупі төніп тұрған 36 елді мекенде 3 мыңға таяу тұрғын, 836 үй бар. Облыстық төтенше жағдай қызметі қызыл судан келетін қауіптің алдын алуды қазірден бастап жатыр. Биыл бюджеттен төтенше және шұғыл шығындарға арналған қорға қомақты қаржы бөлінді. Өңірде наурыз айынан бастап қардың қалыңдығы мен су тасқыны болуы ықтимал аумақтардағы жағдайды бақылауда ұстап отыратын ғарыштық мониторинг жүргізіле бастады.
«Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін 278 тоннадан аса жанар-жағармай, 12 750 тонна инертті материал, 75 820 дана қапшық дайындалды. Зардап шеккен халыққа 16 тонна азық-түлік жеткізуге 147 шарт жасалды. Тұрғын үйлерді су басуына жол бермеу үшін 550 мың текше метр қар шығарылды. Су тасқыны жағдайының асқынуы жағдайында әкімдіктермен бірлесіп, жалпы саны 2 500 адам, 1 500 техника құрылды», дейді Е.Құбаев.
5 ақпаннан бері ауыл-ауылды аралауға шыққан ТЖД қызметкерлері мен қала және аудан әкімдіктерінің өкілдері тұрғындарға уақтылы қар шығару, су арналары мен арықтарды тазарту жайын ескертіп, су тасқыны бола қалған жағдайда қандай амал жасау керектігін түсіндіріп шықты. Құтқару қызметі өкілдерінің айтуынша, қызыл судан қауіп төнген елді мекендердегі тұрғындар эвакуацияланып, қорадағы мал қауіпсіз аймаққа шығарылады.
«Эвакуацияланған азаматтарды су басу қаупі бар аймақтан тыс жерлерге орналастыру үшін уақытша пункттер дайындап қойдық. Қауіпті аймақта қалған елді мекендерге азық-түлік жеткізу жағы да қарастырылып қойған. Қауіп туа қалған жағдайда эвакуацияланған тұрғындарды орналастыратын жайлар, үй жануарларын айдап апаратын орындар анықталды. Аймақта көктемгі су тасқынына қарсы күрес шараларын жүзеге асыратын 1 085 техника, 116 қайық, 365 су сорғы, 269 мотосорғы бар. 2 960 адамнан тұратын арнайы құтқару тобы жасақталды», дейді Е.Құбаев.
Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдай қызметі мен барлық азаматтық қорғаныс қызметтерінің апатқа қарсы бірлескен штабы жұмыс істейді.