15 Маусым, 2010

АЙТМҰХАМЕД АБДУЛИН

1464 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
2010 жылдың 2 маусымында  86 жасқа қараған шағында ауыр науқастан  көз жұмды. А.А.Абдулин – қазақстандық жетекші геолог-ғалым, Ұлы Отан соғысының ардагері, геология-минералогия ғылым­дарының докторы, про­фессор, Қазақстан Респ­уб­ли­касы Ұлттық Ғылым ака­де­мия­сының академигі, Халықаралық ин­женерия академиясының ака­демигі, Қазақ КСР (1978),  КСРО (1985) мемлекеттік сыйлықтарының  лау­реаты, академик Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлықтың бірінші иегері, ҚР еңбек  сіңірген ғылым қайраткері, Қ.И.Сәтбаев атындағы Геологиялық институттың құрметті директоры. Айтмұхамед Абдулин 1924 жыл­дың 24 қарашасында Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Ұлытау ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталғанда  17 жасар жігіт өз еркімен майданға аттанып, 3-гвардиялық артиллерия дивизия­сының құрамында Сталинград қор­шауын бұзған кеңес әскері құра­мында болып, бүкіл Еуропаны азат етуге қатысқан, соғыстың соңғы күнін Жапонияда қарсы алған. Ерлігі мен еңбегі үшін А.А.Абдулин  екі мәрте “Қызыл Жұлдыз” орденімен, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл ту, “Октябрь революциясы”, “Құрмет”, “Отан” ордендерімен, “Сталинград үшін шайқас”, “Кенигсбергті алғаны үшін” және басқа  медаль­дармен марапатталған. Соғыстан кейін, 1946 жылдан Шымкент облысында екі жылға жуық аудандық комсомол коми­тетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Содан кейін С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың геология факультетіне түсіп, 1953 жылы “геолог” мамандығын алып шықты.   Еңбек жолын Геологиялық ғылым­дар институтында бастап, лабо­ранттан  институт директорына дейін өседі. Көрнекті ғалым Қ.И.Сәт­баев­тың замандасы А.А.Абдулин  Қазақстан геология ғылымдарының дамуына орасан зор үлес қосты,     біз­дің елімізге және шетелге Құмкөлді алғаш ашып, аймақтық геология, геотектоника, стра­ти­графия, металлогения, мұнай және газ өндіру геологиясы саласының  кәсіби маманы ретінде кеңінен танымал болды. ХХ ғасырдың 60-шы жылдары  А.А.Абдулин Қаз­ақ­станның Орал аймағы бо­йынша Мұғалжар кешенді қазба жұмыс­тарын ұйымдастырды. Нәтижесінде орта масштабтағы геологиялық карта жасалынды, рифейден кайнозға дейінгі аралықтағы стра­тиграфия жасалды, Мұғал­жардың тектоникалық картасы құрас­ты­рылды және Орал, Тянь-Шань, Орталық Қазақстан бойынша қазба жұмыстары мәселелеріне байла­нысты тектоникалық құрылым құрастырылды, Қазақстанның тау­лы аймақтарында қазба жұ­мыстарын жүргізді, Арал-Торғай  жер қоры  рифтогендік үлгісі Оң­түстік Торғай мұнай газ тасымал бассейні мен ірі газ-мұнай орында­рын: Құмкөл, Арысқұм, Нұралы және тағы да басқа  ірі газ-мұнай орындарын табуға үлес қосты. А.А.Абдулин КСРО декембоия картасы  мен КСРО метам­мор­фикалық белдеулер картасы автор­ларының бірі болып табылады. Академик А.А.Абдулин қазақ­стандық ғылыми мектептің негізін қалаушы ғалымдардың бірі, оннан аса ғылым докторы мен ғылым кандидаттарын даярлады, 400 ғылыми жұмыстың, 10 моног­ра­фияның авторы. Айтмұхамед Абдоллаұлы әріп­тестері арасында, ұжымда, қоғам алдында үлкен құрмет пен беделге ие болды. Оның ең басты қасиеті – танымдық көкжиегі кең еді, ғылыми және тәжірибелік шара­ларда белсенділік танытып, жаңа­шылдық көрсете білді. А.А.Абдул­лин Қазақстанның құрметті ин­женері, Қазақстан табиғатын барлаушы атақтарын, Халықаралық Геологиялық конгрестің Алтын белгісін алған. Айтмұхамед Абдоллаұлы Аб­дулиннің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Қ.И.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты ОҚҚА КЕУДЕСІН ТОСАТЫН Айтмұхамед Абдулинмен мені 35 жылдан астам Қазақстан Республикасы Ғылым академия­сының қабырғасындағы бірге атқарған еңбек, ондаған жылдарға созылған достық пен түсіністік байланыстырады. Ол Ұлттық Ғылым академиясының ақсақалдар кеңесін басқара жүріп, нағыз ғалымның мәртебесін биік ұстады. Шешуші сәттерде өзінің жеке қасиеттері мен профессионалдық біліктілігін көрсете білген. Ұлы Отан соғысы басталғанда А.А.Абдулин 17 жасында өз еркімен майданға сұранып, алғы шептегі бөлімдердің өтуіне жағдай жасау үшін жаудың шабуылын өзіне аударып отыратын бөлімшеге түскен. Осы міндетті ол өз майдандастарымен Берлинге дейін, одан кейін Жапонияға дейін мүлтіксіз атқарды. Болашақ академиктің қан майданда қалай соғысқанын оның көптеген жауынгерлік наградалары таны­тады. Оның бұл қайсар болмысы бүкіл өмірінде көрініс тапты. Бүгінде Қызылорда облы­сындағы Құмкөл мұнай кен орнын білмейтіндер кемде-кем. Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, Геология ғылымдары институтының директоры, геолог Қ.И.Сәтбаевтың сенімді әріптесі әрі ізбасары болған Айтмұхамед Абдоллаұлы Құмкөлді ашу ­ ба­ры­сында өмірі мен өсу жолын тәуекелге байлады. Кезінде қо­лын­дағы билікті пай­даланып, аймаққа мұнай іздеуде екі мәрте нәтижесіз болғанына қарамастан, қайсар да табанды ғалым үшінші экспе­дицияны жіберуге бел буып, тағы да оққа кеудесін тосты. Осы үшінші экспедиция тек қана Құмкөлді ашып қойған жоқ, одан басқа 20-дан астам кен орын­дарының ашылуына мұрындық болды. Академик А.А.Абдулиннің жарқын бейнесі біздің есімізде сенімді және дана дос, өзіндік аза­маттық ұстанымы бар ғалым ретінде сақталады. Нәдір НӘДІРОВ, академик, Ғылым және техника саласының еңбек сіңірген қайраткері. ПАТРИОТ. ГУМАНИСТ Органикалық синтез және көмір химиясы институтында директор болып қызмет еткен кезімде мен ол кісімен жақсы қарым-қатынаста жұмыс істедім. Ұйымдастыру мәселесі бойынша жиі кездесіп жүрдік. Қарағанды қаласындағы жаңадан құрылған академияның Орталық Казақстан бөлімшесі құрамына кіретін өзім басқаратын Органикалық синтез және көмір химиясы институтының ғылыми бағыты бойынша кеңес алып отырдым. Республика Ғылым академиясының вице-президенті қызметін атқарған кезінде Айтмұхамед Абдоллаұлы ғылыми-зерттеу институттарының дамуы мен нығаюы жолында мақсатты жұмыстар атқарды және аймақтық ғылыми-техникалық мәселелерді шешудегі рөлінің артуына көп еңбек сіңірді. Біздің оған деген құрметіміз шексіз болатын. Ол кісі нағыз талантты ұйымдастырушы, көрнекті ғалым, қарапайым, адамгершілігі мол, ақжарқын адам болатын. Өзіне ұстаздық еткен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты өмір бойы ұстазы санап өтті. Халықаралық дәрежеде отандық геология ғылымының көрнекті өкілі болды және оған бар ғұмырын арнап, бүкіл күш-жігерін өркендеуіне жұмсады. Қ.И.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтының директоры және Ғылым академия­сы­ның вице-президенті ретінде ол Мәскеу мен басқа да КСРО жетекші ғылыми орталықтарында үлкен беделге ие болды. КСРО ведомствоаралық стратиграфия ко­митеті комиссиясының қазақстандық аймағының тө­рағасы, КСРО Ғылым академиясы ведомствоаралық тек­тоника комитетінің мүшесі, Қазақстан гео­лог­та­рының ғылыми ұлттық комитетінің президенті болды. Айтмұхамед Абдоллаұлы Ұлттық ғылым академиясының халықаралық беделінің жоғары болуына көп еңбек сіңірді. Оның бастамасы бойынша геология ғылымы саласы бойынша шетелдердің ғылым академиялары арасындағы байланыстар нығайды. Айтмұхамед Абдоллаұлы ұлылығымен және қарапайымдылығымен кіршіксіз таза жақын жолдас ретінде біздің жүрегімізде әрдайым сақталып қалады. Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҚР ҰҒА президенті, академик. ЕСІМІЗДЕ МӘҢГІ САҚТАЛАДЫ Ол қарапайым азамат, талантты ғалым және ғылымды ұйымдастырушы, академик Қ.И.Сәтбаев­тың шәкірті, замандасы, ісінің жалғастырушысы еді. Қазақстанның геологиялық ғылымы дамуының біртұтас кезеңі әрқашанда оның есімімен тығыз байланысты. Ол 1953 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің геология факультетін, содан кейін Геология ғылымдары институтының аспирантурасын үздік бі­тіріп, академиктер Қ.И.Сәтбаев, Р.А.Борукаев, Г.Н.Щерба және еліміздің басқа да танымал ғалымдарынан тәлім алған. Ғалымның ғылыми жетістіктерін тоқтаусыз тізе беруге болады – Солтүстік және Орталық Қазақ­стан­ның геологиялық формациясын зерттеді, Оралдың Мұғалжар-қазақстандық бөлігін, Қазақстанның тау-кен аймақтары үшін аса маңызды кешенді зерттеулер жүр­гізді. Аталған зерттеулер ғалымның іргелі еңбектерінің аса мықты базасын қалыптастырып, егеменді Қа­зақстан үшін пайдалы қазбаларды іздеудің басым бағыттары туралы мәлімет беретін және басшылыққа алатын, жас геологтардың ең басты кітабына айналды. Ол егеменді жас елдің инженерлік қоғамдастығы мен ғылымының шоғырлануына белсенді ықпал етіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік ака­де­мия­сының негізін қалаушы және патриархтарының бірі болды. Уақытының тым тығыздығына қарамастан, ол жастарды қолдауға әрқашанда көңіл бөліп, түсіністік танытып, көмек көрсетіп, қолдап отыратын. Айтмұхамед Абдоллаұлының бойындағы ең басты қасиеті биік парасаттылық, адамдарға деген сүйіс­пен­шілік пен құрмет еді. Осындай тамаша тұл­ғамен араласу мен үшін тағдырдың маған берген үлкен сыйы болды. Көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Айтмұхамед Абдоллаұлының жарқын бейнесі Қазақстан инженерлері және барлық ғалымдарының жүрегі мен істерінде әрдайым сақталады. Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ. ӨМІР ЖОЛЫ ӨНЕГЕ Айтмұхамбет Абдоллаұлының арамыздан өткеніне сену қиын. Кеше ғана Айтекеңнің биязы, ақылға толы асықпай сөйлейтін байсалды үнін естіп жүрген едік. Амал қанша… Ұлы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың шәкірті әрі әріптесі Айтмұхамед Абдоллаұлы бүкіл саналы ғұмырын ғылымға арнады. Ол – ғылымның нағыз  май­талманы, Отанының азаматы, өзі қажырлы еңбек еткен ғылым саласына шынайы берілген көрнекті ғалым. Айтмұхамед Абдоллаұлы  ауыз толтырып айтуға тұрарлық адам­дармен дос болып, жақын ара­ласты. Өзі соғысқан артиллериялық батареяда Кеңес Одағының Ба­тыры, Т.Әшімбаевтың курстасы В.Алхи­миовпен бірге болды. Осы достықты өмір бойы сақтай білді. Оның өмір жолы жастар үшін Отанына қызмет етудің үздік үлгісі. Айтекең бар ғұмырын Қа­зақстан жер қойнауының тау­сылмайтын құпияларын зерттеуге, ашқан жаңалықтарын болашақ ұрпағына аманат етіп қалдыруға арнаған. Ол зерттеген геология саласы – ұлттық құндылық, қазіргі нанотехнология заманында Ота­нымызға әлі де көптеген жылдар бойы қызмет жасайды. Академик Айтмұхамед Абдол­ла­ұлы Абдулиннің бейнесі  қазақ­стан­дықтардың барлық қазіргі ұрпақтарына үлгі.  Жауынгер, Патриот, Ғалым, Интерна­цио­налист, Азамат, Дос – міне ол біздің жадымызда дәл осы қалпында сақталады. Көрнекті ғалымды өз қойынына қабылдаған Жер-анадан бойындағы талантты гендерді келесі ұрпақтарға дарыт деп тілейік. Оның тірісінде жасаған жақсылықтары Отаны­мыздың болашағы үшін жалғасын тапсын. Қош бол, Аға, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын. Рахман АЛШАНОВ, ҚР Жоғары оқу орындары ассоциациясының президенті.