Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Иә, заман өзгерді, қоғам нарықтық жағдайға көшті, бұрынғыдай жақсы жұмысқа тұруға диплом кепіл бола алмай қалды. Сондықтан «дипломы бар жұмыссыздар» деген статистикалық графа пайда болды, соған қарамастан оқу ақылы болса да қоғамда диплом жарысы бәсеңдемей тұр. Оқудың бағасы арзан емес, ең төменгі баға жылына 550-600 мың, орташасы 1 млн, ал қымбаты 7,5 млн теңге және грант арқылы тегін оқу бар. Ата-ананың арманын оңай орындау жолы грант екенін көптеген жас түсінді де, осы оңай жолға лап қойды.
Мемлекет оқу гранттарын беруді 2008 жылы бастаған болатын, бұл жөнінде үкімет арнайы қаулы қабылдады. Содан бері мыңдаған студент тегін оқып, диплом алды. 2017-2022 жылдары олардың саны 49,5%-ға көбейіпті. Бірақ алмақтың да салмағы бар дегендей, мемлекеттің есебінен оқығаннан кейін, алған мамандығың бойынша үш жыл қызмет ету керек екен. Орта мектепті бітіргендегі ұлттық тест балына сәйкес мамандық таңдау шектеуі болған соң, әйтеуір диплом алсам деген оймен өзі қаламаған мамандыққа түсе салғандар көп болды. Ал оқудан кейін қаланың баласы ауылға барғысы келмеді, ал ауылдың қыздары қалада тұрмыс құрып қалып жатты, міне, осындай түрлі себеппен «грантниктер» белгіленген шартты бұзушы болып шыға келді. Сөйтіп, «грант алдым, бәлеге қалдым» деушілердің саны 2019 жылы 50 пайызға жеткен.
Дегенмен бұл жерде бірталай жеңілдік жасалған. 2018 жылы үш мыңнан астам грант алушылар мәжбүрлі жұмыс істеуден босатылған. Сонымен қатар басында еңбек өтілін жасау педагогикалық, медициналық, ветеринарлық және басқа ауыл шаруашылығы мамандықтарына талап етілсе, 2017 жылы оқуға түсіп, бітіргендер тек мамандығы бойынша мемлекеттік органдарда ғана емес, басқа да салаларды еңбек етуге мүмкіндік берілді. Бірақ ауыл квотасымен оқуға түскендер міндетті түрде ауылда еңбек етуге тиіс.
Бұл жүйенің операторы министрліктің «Қаржы орталығы» болып табылады, ол Үкімет қаулысымен 2000 жылы 12 қазанда мемлекеттік мекеме ретінде құрылған. Басты жұмыстарының бірі грантпен оқу бітіргендердің жұмысқа тұруын қадағалайды, егер мамандығына сәйкес мекемеге бармаса оқу шығынын қайтарады. Бала ақшаны қайдан тапсын, көпшілік ата-анада жағдай жоқ, сонымен министрліктің қаржы орталығы мен кешегі студент арасында жағалай соттасу болып жатқан көрінеді.
Ендігі сұрақ сол дипломы барларға жеткілікті жұмыс орны бар ма дегенге саяды. Статистикаға жүгінсек, кейінгі жылдары республика бойынша жұмыссыздық – 5% асқан емес, өткен жылғы көрсеткіш – 4,7%, бұл шамамен еңбекке жарамды 9,2 миллион адамның ішіндегі 451,5 мың жұмысы жоқтары. Бірақ бұл статистикада жасырын жұмыссыздық ескерілмеген, «өзін-өзі жұмыспен қамтитындар», «формалды емес жұмысбастылық», «уақытша жұмыс істемейтіндер», «жасырын жұмыссыздық», «өнімді емес өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді» есепке алғанда жұмысыздық әлдеқайда көп (20% кем болмайды) деген сарапшылардың есебі бар.
Сондықтан 2017 жылдан бастап дипломы бар мамандардың 30%-ы жұмыссыз көрінеді, олардың саны қазір көбеймесе азайған жоқ.
Ал тегін грант алушылардың қатары азаймай тұр. Өткен жылы министрлік 73 мың грант бөлсе, 2023-2024 оқу жылына 88,2 мың грант бөліп отыр және министр Саясат Нұрбек жылына грант беру 10% артатынын мәлімдеді. Сонымен қатар бұл министрлік жарым-жартылай грант бөлу жүйесін енгізбекші. Бұл жаңалықтың мәні ҰБТ да алған бағасына сәйкес талапкер жоғары оқу орындарына студент бола алады және оған мемлекет оқу бағасының 30%–75%-ын төлеп отырады.
Жастарға жұмыс орындары жетпей жатқанда, дипломы бар мыңдаған жас өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүргенде бюджет қаражатын шашып, грантты үдете беру неге керек деген ой туады. Оның орнына бұл мәселені Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе шешу жолын іздестіргендері дұрыс болмай ма. Алғашқы қадам ретінде тегін грант тек мемлекеттік органдарға керекті мамандықтар дайындауға берілсе дейміз. Мысалы, ауыл әкімдіктеріне және басқа жергілікті басқару органдарына білікті қызметкерлер керек, медицина, экология, су шаруашылығы мамандарға зәру.
Шынын айтқанда, грантпен оқу бітірген студенттерді кейбір мекемелер қызметке алмай жатады, өйткені оқу орнының бағыты алған мамандықтарына сәйкес келмейді. Мысалы, педагогикалық оқу орындары заңгерлерді, қаржы, дизайн, графика, аспап жасау (приборостроение), клиникалық психология, медицина мен денсаулық сақтау мамандықтарын даярлап жатады, олардың алған білімдері сәйкес саланың талаптарына келмей жатады, сондықтан жас мамандар жарамсыз.
Мемлекеттік оқу грантынан басқа көптеген грант түрі бар. «Қазақстан халқына» 850 білім грантын жетім балаларға бөлген, TAIBURYL арнайы шәкіртақыны талантты жастарға, сол сияқты академик Ш.Есенов қоры, «ҚазМұнайГаз» белгілеген С.Өтебаев атындағы шәкіртақы мұнай саласының болашақ мамандарына, KazEnergy компаниясы энергетика мамандықтарына беруде. Ұлттық банк магистрлерді дайындауға арнайы грант бөліп отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткенде Алматыда студенттермен, жас ғалымдармен кездесуінде елімізде сапалы және қолжетімді білімді дамытуға басты назар аудару керектігін айтты. Кейінгі жылдары бұл бағытта әжептәуір ілгерілеу бар, дегенмен талапқа сәйкес келмейтін бірталай жоғары оқу орны мен колледж жабылды, бұл жұмыс онан әрі жалғасын табуға тиіс дей отырып, «біздің елге диплом тарататын кеңселер емес, бәсекелесуге қабілетті оқу орындары қажет. Қоғамда диплом алу емес, білім ғибадаты орын алуға тиіс», деген болатын.
Грант мәселесінде тек диплом алу емес, студенттердің терең білімге құштарлықтарының жоқтығы жатқан сияқты. Мұның екінші жағы бар, ол оқытушылар тарапынан да терең білім беруге құлшыныстарының жоқтығы, айлықтары студенттердің төлемдеріне байланысты болған соң, бұл саладағы кемшіліктерге амалсыздан көз жұмады. Студенттің сабаққа келмеуі, емтиханда аузын ашпайтындардың жақсы баға алулары салғырттық туғызады. Осының бәрі білімсіз студенттің диплом алып шығуына әкеліп соғады. Бір сөзбен айтқанда, жоғары білім жүйесіне терең реформа қажет екендігі айқын болып тұр.
Атамұрат ШӘМЕНОВ,
экономика ғылымдарының докторы