Денсаулық • 11 Наурыз, 2024

Семіздіктің салдары

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет тарапынан кәсіп ашуды көздегендерге қолдау көп. Ал шағын және орта бизнеске бет бұрғандар арасында донер, бургер, самса секілді тағамдарды жылдам дайындап, тұтынушы қатарын көбейткендер жетерлік.

Семіздіктің салдары

Фото: el.kz

Бұл да – кәсіптің түрі. Алайда тұрғындар тез дайындалатын та­ғам­ның денсаулыққа зиянды еке­ніне мән бермейтін секілді. Дәрі­гер­лер тілі дәм үйіретін мұндай тағам­дардың денсаулыққа кері әсе­рі барын жасырмайды. Әсіресе семіз­дікке ұшыратуы ғажап емес.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Хусановтың айтуынша, «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында саламатты өмір салтын ұстанатындар санын арттыру мен бұқаралық спортты дамытуға басым бағыт берілген. Ұлттық жобада, әсіресе 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы семіздікке шалдығуды төмендету қарастырылған.

«Семіздік – ағзада артық май­дың жиналуы. Семіздіктің төрт сатысы бар. Бірінші сатыда адам­ның салмағы әдеттегі қал­пы­нан 29 пайызға артады. Ал екін­шісінде – 50, үшіншісінде – 100, төр­тінші сатыда 100 пайыздан асып кетеді. Семіру тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйесін өзгеріске ұшыратады. Өкпе мен жүрек қызметін әлсіретеді», дейді Н.Хусанов.

Ал жоғары санатты эндокринолог Бибігүл Айтмағанбетованың пікірінше, артық салмағы бар адам түрлі ауруға ұшырауы мүмкін. Мәселен, кейінгі 20 жылда артық салмақтан зардап шегетін балалар саны екі есеге өскен.

«Көбінесе 11 жастағы балалар артық салмақтан зардап шегеді. Былтыр Атырау облысында 10-15 жастағы 140 баладан семіздік диагнозы анықталды. Бұл 2022 жыл­ғы көрсеткіштен 31 балаға көп. Артық салмақтың салдарынан екінші типті қант диабеті, гипер­тония және жүрек-қан тамыр­лары ауруларының пайда болуы­на әсер етеді. Мұның салдары мү­гедектікке ұшыратуы әбден мүм­­кін», дейді Б.Айтмағанбетова.

Дәрігердің кеңесіне қараған­да, семіздіктен құтылудың бірнеше тиімді жолы бар. Біріншіден, бір орнында отырып қалмай, жиі қоз­­ғалу қажет. Екіншіден, дұрыс та­мақ­танған жөн. Үшіншіден, ұйқы ре­жі­мін сақтау керек. Сондай-ақ гор­­мондарға арнайы анализ тапсы­руды естен шығармаған абзал.

 

Атырау облысы