Шаруашылық • 12 Наурыз, 2024

Аграрлық сала алға бассын десек...

227 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауында фермерлерді отандық тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа сорттарды шығару және өсірумен айналысу туралы айтылды. Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келгенін еске салып, егіс түрлерін көбейтуіміз қажет деді. Президенттің егістіктерді әртараптандыру және тиімділігі жоғары дақылдар алқабын ұлғайту, сондай-ақ суды көп қажет ететін және монокультуралық егістерді қысқарту жөнінде берген осы тапсырмасы бүгінгі мақаламыздың негізгі өзегі болып тұр.

Аграрлық сала алға бассын десек...

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Ақмола облысына қарасты Ақкөл­де өткен «Егістікті майлы, дәнді-бұршақ­ты және жемшөп дақылдарымен әртараптан­дыру­дың өзектілігі» атты семинар кезінде «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егіз­баев ауыл шаруашылығы өнді­рісіндегі әртараптандыру, ең алды­мен, өндірілетін өнім түрін жаңа және дәстүрлі ауыл шаруа­шылығы дақылдары негізін­де кеңей­тумен бай­ланысты деді. Ауыл шаруашы­лығы вице-министрі Ербол Тас­жүрековтің айтуын­ша, солтүстік аймақ ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыруға және егістік алқаптарының құрылымын қайта құруға қолайлы өңір.

«Біз айтып отырған майлы дақыл­дар бұл өңірде жақсы өседі әрі эко­номикалық жағынан тиімді. Экс­порт бойынша да сұранысқа ие. Семинар бүгінге дейін қозғалған мәселелерді, сондай-ақ Қазақстанның солтүстігінде мал шаруашылығы жемшөп база­сы­ның тұрақты дамуына байланысты бірқатар экономикалық және ұйым­дас­тырушылық шаруаны шешуге мүмкіндік бермек», деді.

Ақмола облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов облыстың ауыл шаруашылығы бойынша жетекші өңір екенін айта келіп, Президент тапсырмасына орай егістік дақылдарын әртараптандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

«Өңірде саланы одан әрі дамыту және оның әлеуетін пайдалану үшін 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді. Құжатта қабылданатын шаралар мемлекеттік қолдау көлемін ұлғайту, заманауи технологияларды енгізу және агротехникалық шараларды жүзеге асырумен бірге өнім көлемінің ұлғаюын, ауыл шаруашылығы дақылдарының өсімін арттыруды қамтамасыз етеді. Өңірде өткен жылмен салыстырғанда майлы дақылдар (күнбағыс, соя, майбұршақ, т.б.) алқабы екі есеге жуық ұлғайтылып, жалпы алқап 400 мың гектарға жеткізілсе, алдағы бесжылдықта оны 600 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұған қол жеткізу үшін облыста майлы дақылдарға мемлекеттік қолдау көрсету мәселесі қарастырылып жатыр», деді.

Қызылорда облысында суды көп қажет ететін күріш көлемі 5,1 мың гектарға қысқармақ. Орнына суды аз қажет ететін әртараптандыру бағы­тын­да­ғы дақыл көлемін 2,3 мың гектарға ұлғайту межеленіп отыр. Мұның себебі де белгілі: Сырдарияда су жыл са­йын азайып барады. Былтыр өңірдегі диқандар өсірген күрішті суға бастыруда қиындық болмай қалған жоқ. Жергілікті билік бұған амал ойластырғанмен, алдын алар шаруасы да өте көп. Бұл жерде бір ғана мақсат тұр. Ол – егістікте суды аз қажет ететін дақыл түрін көбейту. Жай ғана көбейту деп айтқанмен, оларды өсіру технология­лары бар емес пе? Ұдайы күріш еккен егінші қауым бұрын қолға да, көзге де таныс емес өзге егінді егуге тосырқай қарайтыны шындық.

«Осы жерде анықтап айтатын бір нәрсе бар. Егінді әртараптандыру дегеннен гөрі шаруашылықты қайта мамандандыру деп айтқан жөн. Мысалы, мақсары, бұршақ, құмай, жүгері, соя сияқты дақылдарды егуді кейінгі жылдары қолға алдық. Оның жерін да­йындайтын, тұқымын себетін, жинайтын техникасы бөлек. Бізге алдымен осы қажет. «Мынадай егуді қолға алың­дар» деген тапсырма шаруаға қиындық тудырады. Сондықтан шаруа­шылықтардың мүмкіндігіне қа­рай біртіндеп, осыларды жергілікті топыраққа сіңіру керек. Шаруашылықты қайта мамандандыру дегеніміз сол. Оған үш-ақ техника жеткілікті. Куль­ти­ватор, дән сепкіш және өнімді жи­нағыш техникалар. Ал картоп егетін шаруашылықтарға бұл үшеуінен бөлек, сақтау үшін қажетті температура бере алатын қойма керек», дейді ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының кандидаты Қанағат Бегалиев.

Ауыспалы егістікте күріштен кейін жоңышқаны пайдаланып келген. Қазір оның орнын жоғарыда айтқандай түрлі дақыл басып жатыр. Бұған мысал, осы күндері аймақта күріштен бөлек, әртараптандыруға қатысты дақылдарды егуді қолға алған шаруашылық саны аз емес. Ірі күріш алқабын игерген серіктестіктер құрғақшылық пен тұзға төзімді дақылдарды да өсіреді.

Фермерлерде мүмкіндік жеткілікті. Тек барынша қолдау керек. Әсіресе ауыл – қаланың асыраушысы деп есептесек, мұндай елді мекендерді дамытуға басымдық берген дұрыс. Сондай-ақ тек агро салаға бағытталған жеке қаржы ұйымы болғаны мақұл. Екіншіден, тұқым институттарын дамытып, зертханаларды қайта заманауи үлгіде жабдықтау жағын қолға алған жөн. Үшінші түйткіл – лизинг мәселесі. Президент айтқандай, көптеген шаруашылық кеңес заманындағы тех­никаны пайдаланып келеді. Көбі тозған. Төмен пайызбен жаңа ауыл шаруашылығы машиналары берілсе, шаруасын жүргізіп отырған ағайынға тиімді көмек болары сөзсіз. Мұның бәрі – әр өңірдегі шаруалардың бір жерден тоғысқан пікірі.

Шаруалар айтқан уәж бен пікірді ауыл шаруашылығы ғылымдары­ның докторы Әсет Тоқтамысов та қостай­ды. Айтуынша, тиімді бағдарлама мен қаржылық қолдау болмай, сала жетістікке жетпейді. Сондай-ақ қазір тек шағын немесе орта деңгейдегі ша­руашылықтар жеке адамды ғана байытып жатыр.

«Ауыл шаруашылығына қаржылық қолдау жасалмай, даму болмайды. Олар техника, тұқым, тыңайтқыш алуға жеке инвестордың қаржысына жүгініп жүр. Әсіресе бұл – егістікке қатысты жағдай. Көктемде инвестордан ақша алады, күзде бидай не қара күрішпен өтейді. Техника алу үшін де қомақты ақша керек. Әр дақылдың өзіне арналған ауыл шаруашылығы машиналары болатынын ескерсек, мұның көбі шет мемлекеттерден келеді. Осының барлығы кедергі емей немене? Екіншіден, елімізде ауыл шаруашылығына қатысты 23 ғылыми-зерттеу институты болса, бұлардың да жағдайы мәз емес. Түрлі сортты шығару, су тапшылығы мен құрғақшылыққа бейім дақылдарды зерттеу, мал тұқымдарын қайта қарау – осы институттардың құзыретінде. Егер бұларға қаржылай һәм материалдық қолдау болмаса, онда олар қалай қар­­қын­ды жұмыс жүргізбек? Ғалымдар қандай сорт дайындайды? Біле білсеңіз, бір дақылдың сортын да­йындау үшін көптеген жылға созылған зерттеу жұ­мысы қажет. Үшіншіден, біз әлі су үнемдеуді үйренбедік. Мемлекет бас­шы­сының алаңдап отырғаны да осы. Әсіресе суармалы егістікпен айналысып отырған оңтүстік аймақтарда бұл – үлкен мәселе. Елде суды пайдаланудың озық технологиясын игеру – кезек күттірмеуге тиіс», дейді ғалым.

Аграрлық саланы алға жылжыту үшін қаржыны жеткілікті әрі әділ бөлу, тың технология әкелу, жаңа тұқым да­йындауда ғылыми жаңалықтарды қолдау, суды тиімді пайдалану, жер құнарын сақтау, ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыру айрықша маңызды. Салада еңбек етіп жүрген ғалымның да, фермердің де пікірі осыған саяды.