Шаруашылық • 13 Наурыз, 2024

Ақбас сиырға сұраныс арта түсті

227 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біз ағарғанын көп тұты­натын түліктің бірі – мү­йізді ірі қара. Жалпы, қазақ жеріндегі сиыр тұ­қы­мының әрқалай екенін ес­керсек, жер ерек­ше­ліктеріне қарай олар­дың дене тұрқы мен төзім­ді­лігі де бөлек болады. Мысалы, ауа райы жылы болып келетін оңтүстік-шығыс өңірдегі сиырлар бойшаң, ірі денелі болса, қуаңшылық аймақтарда та­ралған ірі қараның де­несі шағын әрі олар қыс айындағы суыққа төзімді келеді.

Ақбас сиырға сұраныс арта түсті

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазақстандағы ірі қара мал тұқы­мының ішіндегі ең бірін­ші көзге түсетіні – ақбас сиы­ры. 1950 жылдан бері одақ көле­мінде бекітілген «Қазақтың ақ­бас сиыры» тұқымының не­гіз­гі ерек­шелігі – еттілігі, та­би­ғат тіршілігінен қолайлы және жайылым талғамайтыны. Әсі­ресе фермерлер мал басын асыл­дандыруда осы тұқымның бұқа­ларына көп қызығушылық танытып жүр.

Қазақтың ақбас тұқымының палатасы ұсынған мәліметте биыл 1 наурыз бойынша 8 312 ақбас сатылған. Орташа баға­сы – 450 мың теңге. Бұның ішінде бірінші санатқа кіретін бұқа­лардың бағасы өте қымбат. Мысалы, Қарағанды облы­сын­дағы «АгроСистема» ЖШС салмағы 350 кило тартатын бұқа­ның бағасын 950 мың теңге деп белгілепті. Сонда тірі салмақтағы бағасы 1 800 теңгеден айналып тұр. Екінші санаттағы 250 килолық  бұқашық немесе қашардың бағасы 350 мың теңгеден бас­талады. Ор­та­ша алғанда тірі сал­мағы килосына 1 500 теңге болады.

Асыл тұқымды ақбастарды сату бойынша алда Абай облысы тұр. Өңірде 3 217 бас бұқа мен қашар сатылымға шықса, одан кейінгі орындағы Батыс Қазақстан облысы 2 296 бас түлікті пұлға айналдырған. Бұл өңірде кеңес заманында жергілікті қазақы сиырды «герефорд» бұқамен будандастыру арқылы «Қазақтың ақбас тұқы­мын» құру жұмыстары жүр­гізілген селекциялық орта­лық­тар болған. Бір ғажабы – жергілікті түліктердің шыдам­дылығы, жайылымға бейім­ділігі, ал герефордтардан етті болу қасиеті бірігіп, осы тұқым дүниеге келгенін айта кетуіміз керек. Асыл тұқымды ірі қараны саты­лым­ға шығарған өңірлер арасында Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Жетісу, Жамбыл, Алматы, Ұлытау және Қостанай облыс­тары да бар.

– Деректерге сүйенсек, қазақы сиырдың тірілей салмағы 240-384 кило аралығында бол­ға­ны және бес жасар бұқаның таңдаулысы 520 килоға дейін салмақ тартқаны кел­ті­рілген. Осы деректер қаза­қы сиырдың шағын денелі бол­ғанын, дегенмен, жасы ұлғайған сайын салмақ қоса алатын қабілетін айқындайды. «Қазақтың ақбас сиыры» жаңа тұқым ретінде қабылданған соң, ең жоғарғы көрсеткіш Батыс Қазақстан өңіріне тән болған – асыл тұқымды құнажын 475 кило, сақа сиырлары 511 кило салмақ тартқан. Жиырма жыл бойы жүргізілген селекциялық жұ­мыс­тар үлкен жетістіктерге бас­тады. Жергілікті малмен са­лыстырғанда, жаңа сиыр тұқы­мы 200 кило артық салмақ бе­ріп, экономикалық тұрғыдан мал өсірудің тиімділігі артты. Жайылымдық технологияда мал бағуға жұмсалатын шығынның тұрақтылығын ескерсек, әр бас сиырға шаққанда қосымша 100 кило ет шығынсыз артық өндірілді. Бұл орташа көрсеткіш еді, – дейді профессор, ауыл ша­руашылығы ғылымдарының докторы Айбын Төреханов.

Профессордың айтуынша, жекешелендіру кезеңінде жаппай жақсартылған мал күйзеліске ұрынды. Әркім өз үлесін алып, шаруасын күйттеп, қолдағы малынан барынша табыс алуды мақсат тұтты. Асыл тұқымды мал­дың парқы еленбеді. Шаруа­шы­лықтар бөлініске түсіп, мал­дың есебі де дағдарысқа ұшы­ра­ды.

– Осы тұста сиыр етін экс­портқа шығарамыз деген саясат­пен сырт елден «кірме мал» келді. Әкелінген малдың тиімділігін арттыру мақсатында барлық мемлекеттік қолдау ре­сурстары осы бағытқа жұ­мыл­дырылды. «Кірме мал» әспеттеліп, ақбас сиыр «өнім­ділігі нашар» мал ретінде сипатталды. Осы бір ебедейсіз әре­кеттер мақтанышымыз бол­ған түліктің өрісін тарылтты. Дегенмен кейінгі жылдары қазақтың ақбас сиырының рес­­пуб­ликалық палатасы осы тұқым­ның дамуына бағытталған көптеген шаруа атқарып жатыр, – дейді белгілі профессор.

Статистикалық мәліметтер бо­­йынша, 1991 жылы «Қазақтың ақбас сиыры» саны жағынан шырқау шегіне жетіп,  1 млн 370  мың бас болды. Осы кезде елдегі ет бағытындағы сиыр саны 2,5 млн басқа жеткенін ескерсек, ақбас сиырдың үлесі 55 пайызды құрап, сиыр етін өндірудің көшбасшысы болған.