АУЛА КЛУБТАРЫНЫҢ БАСТАМАСЫ
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Өткен аптада Тобыл жағасына шыққан адамның санында есеп болған жоқ. Олардың барлығы да әдеттегідей серуендеуді емес, Қостанай қаласын орап ағатын өзеннің жағасын қоқыстан тазартуды мақсат тұтқан еді. “Бірлігіміз жарасқан!” акциясының шеңберінде өткен бұл игілікті істі басқа емес, аула клубтарының балалары бастады.
“Тазалық” акциясына қатысқан балалар, қала тұрғындары, жастар алдымен Тобыл жағасындағы Ыбырай Алтынсарин бабамыз кесенесінің айналасын тазартты. Сонымен қатар жұртшылық суға шомылатын жағажайлар, адам көп жүретін жерлер қоқыстан тазарып қалды.
Экологиялық акция ауылдарда да жалғасын тапты.
ҚОСТАНАЙ.
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӨКІЛДЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ
Еркін ӘБІЛ.
Өткен жұмада облыс әкімі Болатбек Қуандықов Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Сыр аймағының белгілі шығармашылық өкілдерімен жүздесті. Бұл кездесу “Сыр өңірінің руханияты: кеше, бүгін, ертең” атты тақырып аясында өтті.
Облыстық шығармашылық интеллигенция өкілдерімен кездесуде облыс әкімі аймақтағы әлеуметтік-экономикалық бағыттағы атқарылып жатқан ауқымды шараларды егжей-тегжейлі баян етті. Әсіресе, Елбасының басты бақылауында тұрған индустриялық-инновациялық жобалардың аймақта жүзеге асырылуына баса мән берді.
Шығармашылық өкілдері де өз ой-пікірлерін ортаға салды.
ҚЫЗЫЛОРДА.
“БАЛА ШАҚТАН – БОЛАШАҚҚА, АНА ТІЛІМЕН”
Бақтияр ТАЙЖАН.
Қазақстанның болашағы – мемлекеттік тілінде. Оңтүстік –қазақы облыс дегенмен, орыс тілді балабақшаға барып, орта мектепті орыс тілінде тәмамдаған, ана тілінде тілі жаңа шыққан баладай бас жарып, көз шығарып сөйлейтін қандастарымыз мұнда да бар. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы “Ана тілі және отбасы” жобасы бойынша үлкен байқау өткізді. Оған орыс тілді балабақшаларда тәрбиеленіп жатқан 4-6 жас аралығындағы екі бүлдіршін, тәрбиеші және бір отбасы мүшесі топ құрап, жарысқа қатысты.
Осы байқауда Түркістандағы №33 балабақша атынан түскен топ бас бәйгені жеңіп алды. Ал, Мақтарал ауданындағы “Әсем” балабақшасы 1-орын, Түлкібас ауданының “Балдырған” және Шымкенттегі “Інжу-Маржан” балабақшалары екінші орын алса, Кентаудағы “Дәуір” мен Қазығұрт ауданындағы “Шолпан” балабақшалары үшінші орынға ие болды.
ШЫМКЕНТ.
ТҮРКІ ТІЛДЕС ТҮГЕЛ БОЛ!..
Фарида БЫҚАЙ.
Облыс орталығындағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінен бастау алған “Түркі тілдес халықтардың жазбалар күні” апталығы “Достық үйінде” балқарлар, башқұрттар, қарашайлар, қырғыздар, татарлар, түріктер, ұйғырлар, чуваштар, әзірбайжандар ән салған тамаша өнер фестиваліне ұласты.
Ал жалпы апталық “Түркі жазуы – өткенді тану” атты көрме, чуваш халқының жазбалары мен мәдениеті, түркі әлеміне арналған поэзия кеші, Махмұд Қашқаридің ұлы мұралары атты әдеби оқулар сияқты тарихи-танымдық шараларға арналды.
Апталық соңы қалалық саябақта “Қымызмұрындық” мерекесіне жалғасты.
ПАВЛОДАР.
БРАЗИЛИЯ ЕЛШІСІ – СЫР ЕЛІНДЕ
Еркін ӘБІЛ.
Бразилия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Федерико С.Дуке Эстрада Майер Сыр елінде болып, Байқоңыр ғарыш айлағы, Қорқыт Ата кесенесі, Көкарал бөгеті құрылысымен танысты. Осыдан кейін ол өңір басшысы Болатбек Қуандықовтың қабылдауында болып, екі ел арасындағы саяси-мәдени, достық қарым-қатынастар кеңінен сөз етілді. Облыс әкімі мәртебелі мейманды Сыр аймағында жасалып жатқан жобалардан да хабардар етті. Кездесуде облыс орталығында бірлескен өндіріс орындарын ашу да сөз болды.
Қабылдаудан кейін елші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы сұхбат беріп, екі ел арасындағы қазіргі таңдағы тауар айналымы 37,3 млн. АҚШ долларына жетіп отырғанын атап өтті.
ҚЫЗЫЛОРДА.
АРНАУЛЫ ӘНГЕ БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАНДЫ
Айқын НЕСІПБАЙ.
Бұл күнде кеншілер шаһарында “Біздер –қарағандылықтар” фестивалі өтіп жатыр. Осы шара аясында “Қарағанды саған арнаймыз әнімізді” байқауы жарияланды. Оның негізгі талабы бойынша қала туралы әң таңдалып алынады. Бұған бастамашы болушылардың бірі – Әлия Шошақованың ұйымдастыруымен жергілікті теле және радио арналары арқылы аталған тақырыпқа арналған әндер жұртшылыққа таныстырылуда. Байқау қорытындысы таяу күндері шығарылады.
Қала тұрғындарының қатысуымен таңдалған ән алдағы үлкен мерекелік шаралардың бірінде шырқалады. Ол қала әнұранына айналады. Сөзін жазушы мен әнін шығарушыға және алғаш орындаушыға арналған жүлде жеңімпаздарын күтіп тұр.
ҚАРАҒАНДЫ.
“АТАМЕКЕН” КӨРМЕСІ ШАҚЫРАДЫ
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
“Жастар” саябағындағы қазақ жазушыларының павильонында әдебиет зерттеуші, абайтанушы Қайым Мұхамедханов және жерлесіміз, биыл 70-ке толатын ақын Тохтарбек Қызықбаевқа арналған көрме ұйымдастырылды. Оны ШҚО сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай қорығы ұйымдастырды.
Көрмеде Абай мен Шәкәрімнің еңбектерін терең зерттеп жүрген Қайым ағаның еңбектері, шығармалары, құнды суреттер қойылған. Ал жерлес ақын, журналист Тохтарбек Қызықбаевтың киімдерін, құнды заттарын, құжаттарын, шығармаларын ақынның жұбайы Роза апай ұсынған көрінеді.
ӨСКЕМЕН.