Қоғам • 13 Наурыз, 2024

Қолшалғы. Көк шалғын

206 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қолшалғы. Көк шалғын

Жексенбі күні базарға барғанда көрдім. Ұсақ-тү­йек сататын саудагердің сө­ре­сінің арғы шетінде елеу­­сіздеу жерде ілулі тұр екен. Көзіме оттай басылды. Төр­тінші, әлде бесінші сы­ныпта оқып жүргенімде атам осындай қолшалғының кіш­кентайын сатып әперген. Тай мінгізгендей қуанып едім. Мейіздей болып кепкен балапан қайыңмен саптап, жақсылап шыңдап, шөп шабуға алып барған. Ол кезде қалай шапқаным есім­де жоқ, кейін жетінші-сегізінші сыныпта оқып жүр­генімде ауылдағы мықты шалғышының бірі болдым. Өлшем бірлігі мынадай. Қол­шалғымен шабылған жердің енін табанмен өлшейміз. Ауылдағы жауырыны жерге тимеген балуан Әсет аға он екі табан тартады деп жұрт аңыз қылатын. Мен де же­теғабылмын. Әдісім өзгеше, әуелі белуардан келетін, хош исі мұрын жаратын көк шал­ғынды ұстарадай қылпып тұрған қолшалғымен бір тартып өтемін. Алты-жеті табан. Іле жығылған шалғынға жалғастыра екінші рет тартамын. Екеуін қосқанда он екі табанға жақындап қа­лады. Атамның іші сезсе де, менің қулығымды бетіме басып айта қоймайды. Қайта арқамнан қағып, мақтайды.

Сөреде ілулі, қаңсып тұр­ған қолшалғы көкіректегі уақыт шымылдығы тұмша­лаған көмескі суреттерді қоздатып жібергені.

– Мына шалғыны біреу­лер ала ма? – деп сұрадым сатушыдан.

– Жоқ, неше жылдан бері тұр, – деп қолын бір-ақ сілтеді.

Биылғы қыс жылқыға жайсыз болып тұр. Ақпанның орта шенінде ауылға жол түскен. Жылқы біткен қолға қарапты. Ауылдағы ағайын мал азығын таба алмай, мазасы кетіп отыр. Рас, өткен жылы қуаңшылық болып, шөп шықпай қалды. Әйтсе де техника түсе алмайтын ойпаң, Қамысақты өзенінің жағасы, орман-тоғайдың арасындағы шалғын қолшалғыға іліге­тін еді. Нағашымнан «үй­де балаларың бар ғой, айнал­дырған бір-екі жылқыға қолшалғымен шауып алма­дыңдар ма?» деп сұраған­мын. Балаларының тірлігінен түңілгендей, тіс жарып үн­демеді. Біздің шал жаз бойы тыным таппайтын. Ағаш ара­сындағы жоңышқа төлдікі. Өлең шөп қара малдікі, тіп­ті ұсақ малдың аузынан қал­ған қырқындыны да ертең қара­өзек шақта жылқы қолға қараса қажет болады деп бір талын ысырап қылмай жинап қоятын.

Ал қолшалғымен шөп шабу ғажап тірлік еді. Көкі­регің таза ауаға толады, қол­тығың сөгіліп, жұ­мыс іс­теп шынығасың. Қыста мал­ға шөп бергенде, көкпең­бек болып бабында тұрған шөп­тің арасынан жидектің исі аңқып тұратын. Ілкідегі жұрт қолшалғымен тірнектеп жүріп, төрт түлік малын өсірді. Бүгін техникаға иек ар­тып кеткеннен кейін елдің ырыздығын еселеген бұл да ұмыт болыпты.

Үйге жеткенше шалғы сіл­теген сол бір шақты аңса­ғаным-ай...