Тұлға • 13 Наурыз, 2024

Ғалымнан қалды ғибрат

235 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ экономика ғылымының қара нары атанған Арыстан Есентүгелов тоқсан жасында дүниеден озды. Ор­далы білім мен білік иесінің отандық экономика тарихында қал­­дырған қолтаңбасы айрықша. Ол саналы ғұмырында экономика ғылы­мының дамуына өлшеусіз еңбек сіңі­ріп, іргелі реформалардың бастауында тұрды.

Ғалымнан қалды ғибрат

Арыстан Есентүгелов өзі басшылық еткен, кейін құрметті профессоры атанған Экономикалық зерттеулер институтының қазіргі басқарма төрағасы Руслан Сұлтанов «Арыстан Есентүгелұлы Экономикалық зерттеулер институтының дана басшысы, сонымен қатар нағыз тәлімгер және ұстаз бола алды. Оның ғылымға деген адалдығы, тең­дессіз еңбегі мен өмірлік даналығы бә­рі­мізге үлгі», деп жазды қаралы хабарды бөлісіп.

Расында, ғалымның классикалық, моне­тарлық, ұсыныс экономикасы бойынша зерттеулері, сондай-ақ институционалдық және құры­лымдық механизмдерді зерттеу жұмыстары елдегі экономикалық сая­­саттың қалыптасуына айтарлықтай әсер етті. Ол әр жылдары халық ша­руа­шы­лығын тұрақтандыруға және Қазақ­станның нарықтық экономикаға көшуіне бағытталған жүйелі реформаларға бел­сенді қатысты. Экономиканы тиімді бас­қаруға бағытталған бағдарламалар мен жобаларды әзірлеуге қосқан үлесі баға жетпес болды. Кәсібилігі, объективтілігі, ел игілігі үшін жасаған жұ­мысы оны Қазақстан экономикасы тарихындағы басты тұлғалардың біріне айналдырды.

«Ол 1990–1995 және 1999–2002 жылдары Экономикалық зерттеулер институтының басшысы қызметін атқара жүріп, өзін дарынды ұй­ым­дастырушы және ғылыми жетекші ретінде көрсете білді. Оның тікелей бас­шылығымен нарықтық экономикаға көшу жағдайында экономикалық үдерістерді талдау мен бол­жауға бағытталған көптеген жоба жасалып, жүзеге асырылды. 200-ден астам ғылыми еңбектердің, монография­лар мен кітаптардың, соның ішінде «Ай­мақтық жоспарлаудағы жүйелік талдау», «Нарықтық экономика – Қазақстан таң­дауы», «Қазақстандағы экономиканың инс­ти­туционалдық және құрылымдық трансформациялары» сияқты маңызды басы­лымдардың авторы. Елдегі экономи­калық ойдың қалып­тасуына Арыстан Есентүгеловтің ықпалы зор екені анық.

Нарықтық экономикаға көшудің қиын-қыстау кезеңінде Арыстан Есентүгелұлы республиканың әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұрақтандырудың бірқатар тиімді шарасын ұсынып, өзін терең талдаушы, стратег ретінде көрсете білді. Оның «Ұлттық эко­номиканың дамуын тұрақтандыру және Қазақстанның нарықтық экономикаға көшу бағдарламасын» құру шеңберіндегі жұмысы кейінгі экономикалық реформаларға негіз болды», деп атап өтеді институт ұжымы.

Ел экономикасының еңсе тіктеуіне елеулі үлес қосқан тұлғаның парасатты пікірлері әлі қаншама ұрпақтың қажетіне жарайтыны сөзсіз. Әбден шикізаттық өндіріске арқа сүйеп алдық деген көзқарасқа қатысты да өз пайымын даралап жеткізе алған бірегей тұлға Арыстан Есен­түгелұлы еді. Ол осыдан біраз жыл бұрын «шикізаттық секторға ұдайы «қарғыс» айта бер­меуіміз керек» деп аталы сөзін айтқан-ды.

«Тәуелсіздік алғаннан кейін де бізде үлкен өн­дірушілік қуат болды. Әрине, б­ұның негізгі бөлігі шикізаттық секторды құ­рады. Осы ретте тоқтала кететін жайт, мен ши­кі­затқа қатысты ұдайы орынсыз «қарғыс» айта берудің қажеті шамалы деп айтар едім. Өйткені 90-жылдардағы дағдарыстан да, қазіргі әлемдік дағдарыстан да ең алдымен осы сектордың арқасында басқа елдерге қарағанда аз зардап шегіп отырмыз. Әрине, бұл бағытта біршама олқылық бар, бірақ осы сектордың экономикаға септігін ұмытпау қажет», деген еді ғалым.

Абзал тұлғаның мол мұрасы – игере білгенге игілікті байлық. Сарапшылар Арыс­тан Есентүгелұлының қашанғы пікірінің де замана түйткілімен тұтасып, астасып жата­ты­нын айтады. Интеллектуал кісінің қай көз­қа­расының да өміршең болып келетіні, сірә, рас.

Тау тұлғаның жаны жанатта, иманы жолдас болсын дейміз.