Кино • 13 Наурыз, 2024

Адасқанның айыбы

1167 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Жолға түс, жол өзі апарады» дейді ілгерідегі данышпандар. Ал оны қысқартпақ болып, жолдан бұрылып кеткен жанның жағдайы не болмақ? Адасып кету қауіпті шығар, ал адасып жүргеніңді білмеу – қасірет...

Адасқанның айыбы

Режиссер Ақан Сатаевтың 2009 жылы жарыққа шыққан «Адасқан» фильмі көрерменді осындай ауыр сұрақтардың астына алып, қалың ойдың құшағына қалдырып кеткен болатын. Мис­ти­­калық триллер жанрында түсі­рілген көркем туындының маз­мұны кең, тағлымы терең.

Оқиға желісі бойынша бас кейіпкер әйелі және кіш­кен­тай ұлы­­мен бірге ұзақ жолға шыға­ды. Жанармайы таусылып жат­қа­нын байқаған ол, жолды қиып өтуге шешім қабыл­дай­ды. Көп ұза­май отбасы маң далада адасып, жолда қалып қой­ғанын түсін­генде, олардың көлік­те түнеу­ден басқа амалы қалмайды. Келесі күні кейіп­керіміз жалғыз ояна­ды. Әйелі мен баласын із­деу­ге шыққан ол жапандағы жал­ғыз үйді көзі шалады. Барса «бір­түрлілеу» шал мен жас қыз бір­деңені білетін сияқты. Бірақ екеуі де сөзге сараң. Ал арагідік ай­тып қалатын екіұшты дү­дә­мал ой­ла­ры жас жігітттің кү­ді­гін одан сайын арттыра түседі.

Осы тұста Тұңғышбай Әл-Тара­зи сомдаған шалдың бейнесі тым ерекше. Көзі өткір, өңі сұсты, тым тәкаппар. Ал үстіне киген сұр шекпені мен оралған жылан бей­несіндегі түймелері жігіттің құ­тын әбден қашырады. Жанында жүр­ген қыздың да қабағы қатулы, сәле­мі сатулы. Жігіттің артықтау сұ­ра­ғына ол «жауабы өкіндіретін сұ­рақ­ты не қыласың» деп қысқа қа­йы­рады.

Бірде жігіт шал мен қыздың құлыпталған бір бөлмесінен әйелі мен баласының киімдерін байқайды. Ал бір күні көлігі аяқ астынан өртеніп кетеді. Жігіт барлығын шалдан көреді. «Мұның барлығын сен істедің. Отбасымды сен өлтірдің», – деп ақырады. Шал болса асқақ қалпында қала береді де, бір-ақ ауыз сөзбен жауап береді: «Сен тағы әдеттегідей өзіңнен көрмей тұрсың...». Бұл сөздің артында әйгілі «Фауст» шығармасындағы әзәзіл Мефистофельдің ойы сығалап тұр. Онда залым күш иесі адамға удың неден жасалатынын үйретсе де, оны өзі дайындауға шамасы жетпейтінін жеткізеді. Расында, адам тағдыры өз қолында. Ешбір пенде ықтиярсыз жаман болмайды. Ол өзінің ынтасымен жаман болады және оны осы жолға түсуге ешкім мәжбүрлемейді. Хакім Абайдың «Өзімнің иттігімнен болды демей, Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек» деген ғақлиясы жоғарыдағы ойымызға ап-анық сәуле түсіріп тұр.

Жалпы, жоқ іздеу – адам табиғатында бар құбылыс һәм жақсы құбылыс. Мәселе – жоқты қайдан іздеуде. Біреу сырттан іздейді, біреуі іштен іздейді. Тарихи тәжірибеге сүйенсек, жоғын іштен іздеген жандардың рухани кәмелетке ертерек қол жеткізіп, кісілік биігіне көтерілгенін байқаймыз. Ал бұл жолы біздің кейіпкер өз ішіне үңілмеді. Бәлкім, қорықты. Жүректің қоп-қою қараңғы түнегіне тығылған жыртқыштар мен құбыжықтардан шошыды.

Жігіттің санасы сан саққа бөлініп, ақыл-есінен әбден адас­ты-ау дегенде шал барлық ақи­қатты айтатын болып шешеді: «Қайбір кезде сен бізден отбасымды көрдіңдер ме деп сұрадың. Жауап берейін, көрдім. Мен олардың тіпті қай жерде екенін де білемін. Білгің келсе, олар тым алыста. Зады, олардың рухы алыс­та. Ал мұнда олардың тәні ғана жерленген». Жігіт қанын ішіне тартып, сұрлана қалады. «Олар өлген. Дұрысы, өлтірілген... Сенің қолыңмен», дейді тәкаппар шал. Сөйтіп олардың көмілген жерін жігітке көрсетеді.

Иә, барлығын жасаған жігіттің өзі. Наркотрафикпен айналысаты­нын жасыру үшін көлікке әйелі мен баласын ала шыққан қыл­мыс­кер. Жолдан адасып, тауарды уақытында жеткізе алмай қалғаны үшін «із жасырған» сыңайы.

Жігіт өз әрекетіне өзі сенбей қалш-қалш етеді. Ал құла­ғында шалдың өктем дауысы жаң­ғырып тұр. Осы сәтте тапсырыс берушінің баскесерлері сау ете қалады. Жағасынан жұл­ма­лап, жігіттің ұнтақты қайда жа­сыр­ғанын сұрайды. Ал ол болса «Мен адасып қалдым...» деген сөзді қайталай береді.

Расында, ол адасып қалды. Адамшылықтан басқа жолға өз еркімен бұрылды. Сол жолда бәрін тәрк етті. Осылайша, өзін де жоғалтып алды. Ақыр аяғында тапаншаның нысанасына кезеліп тұрып, кенеттен «құдай, кешір мені» деді адасқан жігіт. Шал мен қыз шаңқ етті. Баскесерлер жігіт таппаған тасжолға бірден түсіп алып, жөнімен кете барды.

«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дейді халық. Ал біздің кейіпкер өз «үйірін» таба алмай қалды. Бәлкім, өзін таба алмады...