Сұхбат • 14 Наурыз, 2024

Ербол АХМЕТЖАНОВ: Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды

311 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жүйелі түрде жүргізіліп жатқан сот реформасы азаматтардың құқы мен бостандығының, заңды мүддесінің әділ қорғалуын қамтамасыз ету, сол арқылы елімізде заң үстемдігін орнату мақсатын көздейді. 2023 жыл сот саласындағы әкімшілік қызметкерлері үшін қызмет сапасын жандандыруға бағытталған стратегиялық және операциялық менеджменттің жаңа моделінің енгізілуімен маңызды. Өткен жылдың басында Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Сот әкімшілігі ретінде қайта құрылып, ол айрықша мәртебеге ие болды. Айрықша деп отырғанымыз, Сот әкімшілігі атауын өзгертіп қана қойған жоқ, оның мәртебесі Үкімет аппаратының деңгейімен теңесті. Сот саласындағы, оның ішінде өңірдегі сот ісіне қатысты соны бастамалар мен қолға алынған қанатқақты жобалар жөнінде Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ербол АХМЕТЖАНОВҚА бірер сауал қойған едік.

Ербол АХМЕТЖАНОВ: Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды

– Ербол Ұлатайұлы, еліміздің сот саласында қандай өзгерістер жүріп жатыр?

– 2023 жыл сот саласындағы әкімші­лік қызметкерлер үшін қызмет сапасын жандандыруға бағытталған стратегиялық және операциялық менеджменттің жаңа моделінің енгізілуімен маңызды болды. Өткен жылдың басында соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті сот әкімшілігі ретінде қайта құрылып, айрықша мәртебе алды. Айрықша деп отырғанымыз, сот әкімшілігі атауын өзгертіп қана қойған жоқ, оның мәртебесі Үкімет аппаратының деңгейімен теңесті.

2023 жылдың қыркүйек айынан бастап кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарына қосымша санаттар беріліп, құзыреті кеңейтілді. Алдағы уақытта елімізде Отбасылық соттар құрылмақ. Қазақстан Респуб­ликасы Жоғарғы сотының бастамасымен 2019 жылдан бастап соттарда Отбасылық сот қанатқақты жобасы іске қосылып, көптеген жұмыс жүргізілді.

Бүгінгі таңда елімізде Отбасылық соттарды құрудың маңызы зор. Өйткені ажырасу фактілері көбейді. Мұн­дай жағдайда тараптар да, олар­дың балалары да моральдық тұрғы­дан зардап шегеді. Осындай қиын кез­де мемлекет тарапынан тегін құқық­тық және психологиялық көмек көрсе­тіледі.

2023 жылдың 27 наурызында Прези­дент «Қазақстан Республи­ка­сының кей­­бір заңнамалық актілеріне процестік заң­на­маны жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойып, осы түзетулерге сай балалардың мүддесіне қатысты заңдардың жекелеген ережелері нақтыланды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған аудан­аралық соттардың құзыретіне азаматтық істердің кейбір санаты берілді.

Бүгінгі таңда сот реформасы бо­йынша заңнамалық түзетулердің екінші блогі қолға алынып жатыр. Түзетулерді Сенат алаңында арнайы құрылған жұмыс тобы әзірлеген. Өзгерістер «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, процестік кодекстерге, сондай-ақ бірқатар арнайы заңға енгізіледі. Негізгі жаңа­шылдық – қылмыстық және азаматтық істер бойынша касса­циялық өтінішмхаттарды алдын ала қарауды алып тас­тау. Президент тапсырмасымен дербес кассациялық сатылар құру мәселесі де пысықталып жатыр.

– Қазіргі уақытта араздасқан аға­­йын дауын Билер кеңесі арқы­лы шешу жөнінде көп айтылып жүр. Бастама қаншалықты нәтиже береді?

– Билер кеңесінің басты мақсаты – қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті насихаттау, дау-жанжал көрсеткішін төмендету, құқықбұзушылыққа жол бермеу, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтау, жастарға, тұрғындарға құқықтық және адамгершілік тәрбие беру. Сондай-ақ аса ауыр емес қылмыстарды, отбасы­лық-тұрмыстық және еңбек дауларын сотқа жеткізбей медиация тәртібімен тараптарды татуластыруға басымдық беру.

Қазіргі таңда осы бағытта медиаторлармен, Билер кеңесімен жұмыс істеп жатырмыз. Жергілікті әкімдіктер­дің жанынан «Бастау» жұмыс тобы құрылған. Неке бұзуға шағым жазған отбасы иелерін әуелі сол жұмыс тобына жібереміз. Сол жерде билер, медиа­торлар, психологтер, әкімдік өкілдері сөйлеседі. Тараптарды татуластыру­ мүмкін бол­ма­ған жағдайда тиісті ұсыныстар беріледі.

Билер кеңестерінің құрамына беделді, абыройлы, білікті, өмір­лік тәжірибесі бар ардагерлер тар­тылған. Олар даулы мәселелерді мүм­к­індігінше бейбіт жолмен шешіп, екі тарапты татуластыруға қабілетті екендігін көрсетіп отыр. Аудандық, ауылдық Билер кеңесінің төрағалары болып есімі елге белгілі, халық сыйлайтын, тыңдайтын, құрметтейтін ардагерлер бекітілді.

Облыстық Билер кеңесі респуб­ликалық «Дәнекер» қанатқақты жобасын басшылыққа алып, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Облыстық Билер кеңесі іске кіріскен алғашқы күннен бастап облыстық сотпен бірлесе отырып, «Билер кеңестері туралы ереженің» жобасы жасалды. Аталған ереже 2019 жылдың сәуір айында Шымкент қаласында өткен арда­герлер ұйымдарының республикалық жиынында мақұлданды.

Ереже қабылданғаннан кейін Билер кеңестерінің мүшелерін оқы­ту­ды, бұрын айна­лысып көрмеген істің қыр-сырымен таныс­тыруды қолға алдық. Бұл жұмыс төрт жыл бұрын қаңтар айында басталды. Об­лыстық соттың ұйымдастыруымен облыс­­тық Билер кеңе­сінің мүшелері мен ау­дан­­­дық Билер кеңестерінің төр­аға­ла­рына арналған семинар өткізілді. «Ме­диа­­ция туралы» заңды бас­шы­­лыққа алып, жұ­мысты жүргізу үшін 85 ардагерге «Кәсіби емес медиатор» сертификаты тапсырылды.

– Қазір әкімшілік әділет кәсіп­кер­лер мен бизнесті мемлекеттік орган­дардың заңсыз әрекеттерінен қорғауда тиімділігін көрсетіп отыр. Жаңа кодекс облыстық сот жұмысына нендей өзгеріс әкелді?

– Мемлекет басшысының Жар­лы­ғымен 2020 жылдың 29 маусы­мында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданып, құжат 2021 жылдың 1 шілде­сінен бастап қолданысқа енгізілді. Әкімшілік әділеттің басты мақсаты бір жағынан азаматтарға басқарушылық шешімдер қабылдау үдерісіне белсенді қатысуға мүм­кін­дік беретін кепілдіктерді қамтамасыз ету болса, екінші жағынан – жоғары тұр­ған мемлекеттік органда немесе сотта жария-құқықтық даулар­ды қарау кезінде азаматтардың құқық­тарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеу.

Кодекс қабылданбай тұрып, азаматтық сот ісін жүргізуде жария-құқықтық даулардың 85 пайызы мемлекеттік органдардың пайдасына шешілетін. Әкімшілік әділет азаматтардың өтінішін қарау тиімділігін арттырып, құқы мен заңды мүддесін қалпына келтіруге ық­пал еткенін тәжірибе көрсетіп отыр. Себебі қазіргі таңда әкімшілік істер бойынша сот шешімдерінің 50 па­йыз­­дан астамы азаматтардың пайдасына шешіліп жатыр.

Әкімшілік істерді қарау барысында судьялар азаматтар мен бизнес субъектілерінің сотқа шағымдары мен өтініштеріне негіз болған лауазымды адамдардың, әкімшілік органдардың жүйелі проблемаларын анықтады. Алты айдағы соттармен істерді қарау кезінде анықталған заң­бұзушылықтар бойынша әкімшілік орган мен лауазымды тұлғалар атына 40 жеке ұйғарым шығарылды.

– Тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­ құқықбұзушылық әрекет­тері әлеу­мет­тік желіде өткір тақы­рыптың біріне айналды. Осы мәселе туралы пікіріңіз қандай?

– Сот жүйесінің негізгі бағыт­тары­ның бірі – отбасы құнды­лығын наси­хаттау, адам құқын қор­ғау және заң үстемдігін нығайту. Статистикаға сүйен­сек, 2023 жылы Жамбыл облысы сот­тарымен отбасы-тұрмыстық қа­ты­настар аясындағы құқыққа қар­сы әрекеттер бойынша 10 083 іс қа­ра­лып, 2607 іс татуласуға байланыс­ты қыс­қар­тылған. Денсаулыққа қаса­қа­на жеңіл зиян келтіру бойынша 4097 іс қаралып, 1 110 іс татуласуға бай­ла­нысты қысқартылған. Ұрып-соғу бойынша 4183 іс қаралса, 789 іс тату­ла­суға байланысты қысқар­тыл­ған.

Заңнаманы қатаңдату мәселесі күн тәртібінде тұр. Айталық, ұрып-соғу, жеңіл дәрежелі дене жарақатын кел­тіру істері бойынша қылмыстық жауап­кер­шілікке тартуды енгізу ұсынылып отыр. Құқық бұзушының мінез-құлқына қойылатын талаптар аясында қысым көрсетушіні үйден уақытша шығару мен психологиялық курсқа жіберу құқығын да сотқа беру жоспарланған.

– Азаматтық, қылмыстық әкім­­ші­лік сот жүргізуде қарал­ған­ істер, шығарылған ақтау үкім­де­рі туралы қысқаша айтса кет­се­ңіз.

– Жамбыл облысының соттары 2023 жылы 1646 адамға қатысты 1356 қыл­мыс­тық істі қарап, үкім шығар­ды. 19 адам­ға­ қатысты ақтау үкімі шы­ға­рыл­ған, 2022 жылы бұл көрсеткіш 31 адамды құра­ған.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерде облыс соттарында 2023 жылы әкімшілік құқық­бұзушылық бойынша 13 096 адамға қатысты 13 096 іс қаралды, бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп. Былтыр 10 411 іс қаралған.

Әкімшілік істер бойынша әкімші­лік әділеттің аясында 2023 жылдың 12 айын­да 1205 әкімшілік іс түсіп, 1002 іс қаралған, ол 83,1 пайыз­ды құрап отыр. 2022 жылы 1176 әкімшілік іс түскен еді.

Жыл сайын шағымның өсуі байқалады. Азаматтар мен бизнестің пайдасына 56,5 пайыз шешім (187) шығарылды. Азаматтық істер бо­йынша 2023 жылы облыстағы бірін­ші сатыдағы соттармен 17 929 іс өндірі­сімен аяқталған, оның ішінде 10 018 іс шешім шығарумен қаралған. 2023 жылы Жамбыл облысының соттары республика соттары арасында азаматтық істер бойынша сот төрелігін атқаруда ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

– Сыбайлас жем­қор­лық­қа жол берген судьялар туралы не айтасыз?

– Мұндай жағымсыз жайттар облы­сымызда болғанын жоққа шығара алмаймыз. Өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті қызмет­кер­лері Тараз қалалық №2 соты­ның судьясы Ф.С.Утешованы пара алды деген күдікпен ұстап, оған Қыл­мыс­тық кодекстің (ҚК) 366-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, бұлтартпау шарасы «еш­қай­да кетпеу» қолхатында болған.

Жамбыл аудандық сотының 2023 жылғы 1 желтоқсандағы үкімімен, сотталушы Ф.С.Утешова ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігімен кінә­лі деп танылып, оған 3 жыл бас бос­тан­­дығынан айыру жазасы таға­йын­далды. Үкіммен келіспеген сотта­лу­шы және оның қор­ғау­шысы апелляциялық саты­дағы сот­қа апелляциялық шағым түсір­ген. Жам­был облыстық сотының қыл­мыс­тық істер жөніндегі сот алқа­сының 2024 жылғы 24 қаңтардағы қау­лы­сы­мен Ф.С.Утешоваға қатысты үкім өзгеріссіз, оның апелляциялық шағы­­мы қанағаттандырусыз қалды­рылды.

– Судьялық бос орындарға бі­лік­­­ті мамандар тарту барысында қан­дай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Қазіргі таңда облыста судья лауазымына 12 бос орын бар. Жам­был облыстық соты тарапынан сот жүйе­сін реформалау бағытында судьялар кор­пусына білікті кадрларды тарту үшін біраз іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Мәсе­лен, өңірде орналасқан мемлекеттік ор­ган­­дарға, сот қызметкерлеріне, адвокат­тар мен нотариустарға судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсыруға ниет біл­дірген тұлғалардың тізімін алдырдық. Нәти­­жесінде, сот қызметкерлерінен – 24, мем­­лекеттік кіріс органдарынан – 2, сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл де­пар­таментінен – 3, тексеру комиссиясы­нан – 2, жеке сот орындаушылардан – 8, әді­­лет басқармасынан – 4, адвокаттар алқа­­сынан – 8, Жамбыл облысы бойынша эко­­но­микалық тергеу департаментінен – 2, по­ли­ция департаменті зейнеткерлерінен – 2 – бар­лығы 56 адам судья лауазымына бі­­лік­­тілік емтиханын тапсыруға қызы­ғу­шы­­лық білдірген.

Оларға облыстық соттың судьялары семинар сабақтар, кездесулер өткізіп тұрады. Бұл кездесулерде азаматтық, әкімшілік, қылмыстық іс жүргізу тәртібін түсіндірумен қатар, конкурстық рәсім­дер мен судьяны тағайындау тәртібімен егжей-тегжей түсініктемелер беріледі.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Жамбыл облысы