Табиғат • 14 Наурыз, 2024

Табиғатқа ден қойған

150 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Син Цзяло – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті География және табиғатты пайдалану фа­куль­тетінің докторанты. Ол елімізге Қытайдан үкі­мет­аралық алмасу бойынша оқуға келді. Қазір табиғат пен ауыл шаруа­шылғын зерттеп жүр.

Табиғатқа ден қойған

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Син Цзяло қазір еліміздің ғылыми әдісі аясында зерттеу жасап жүр. Оның айтуынша, ҚазҰУ – Орталық Азияда­ғы ең үздік университет, ал Қазақ­станның ғылыми әлеуеті – қуатты. Қазір ол ғылыми зерт­­теулермен толыққанды ай­на­­­лысады. Себебі Син гео­ло­гия – жер бетіндегі табиғи және адам элементтерінің өз­ара әрекеттесуі мен рөлін зерт­тейтін практикалық ғылым деп ойлайды.

– Қазақстан мен Қытайдың оқыту үлгілерінде айтарлық­тай ерекшелік бар. Сіздерде жас ғалымдар мен студенттерге үлкен құрметпен қарайды. Оларға оқуда, ғылыми зерт­теуде еркіндік берілген. Менің ғылыми жетекшім – Сәнім Бегімқызы. Қазір мен «Жерді пайдалану» тақырыбында зерттеу жүргізіп, жұмыс істеп жатырмын, – деді Син.

Ғылым мен білімнің пайдасы – елге игілік әкелу. Адам қызметінің қоршаған ортаға әсері біршама. Бұл тақырып­ты зерттеу адамға қоршаған ортаға тиетін зиянды әсерді азайтатын тиімді шаралар қа­былдауға мүмкіндік береді. Қытайдан келген жас ғалым табиғат пен өнеркәсіптер­дің, шаруашылығын зерттеу­де мұқият болуымыз керек деген мәселе көтерді. Сондай-ақ «Менің туған жерім Дацин – өнеркәсіп пен ауыл ша­р­уашылығы дамыған жер. Бі­рақ, өкінішке қарай, бұл қор­шаған ортаның жағдайына жақ­сы әсер етпейді. Егер мүм­кіндігім болса, алған білімімді туған қаламдағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін пай­даланғым келеді», деген ойын айтты.

Шегініс жасап, осы мәселені тарқатып көрсек. Жас ғалым көтерген мәселенің біздің елге қатысты тұсы көп. Соның бірі мұнайлы аймақтағы, өнер­кә­сібі бар жердегі халықтың жағдайы. Мысалы, Майами университетінің ғалымдары мұнай-химия өнеркәсібін қа­терлі ісік ауруының ошағы, ма­ңызды қауіп факторы деп атаған. Зерттеу нәтижелері «JAMA Oncology» журналында жарияланды. Расында да, табиғатты зерттеу қажет-ақ. Ғалымдардың зерттеуі мен шолу мақаласында мұнай-химияны өңдеудің барлық ке­зеңінің адам денсаулығына әсе­рі көр­сетілген. Соның ішінде шикі­зат өндіру, тазарту, өңдеу, тасымалдау, пайдалану және кәдеге жаратуды кезеңдері­нің әсерін жеке-жеке талдаған. Мысал ретінде Миссисипи өзе­нінің бойында орналасқан 200-ден аса мұнай-химия кәсіпорындары бар учаске келтірілген. Бұл жерде басқа өңірлерге қарағанда қатерлі дерт орташа деңгейден 50 есе жоғары. Мұнай-химия өнеркәсібі климаттың өзгеруі­не әкелетін парниктік газ­­дар­дың көп мөлшерін шыға­ра­­­­­­ды. Ал қатты ыстық, дала өрт­тері, дауылдар мен су тасқыны онкологиялық науқастар­дың денсаулығына кері әсер етеді. Халықаралық ғалымдар тобы соңғы 30 жылда 50 жасқа толмаған адамдар арасында қатерлі ісіктің жа­һан­дық өсуін тіркеді. Болжам­ға сәй­кес, 2030 жылға қарай қатерлі аурудың ерте жаста басталуы тағы 31 пайызға артады. Ең үлкен қауіп 40 жастан асқан адам­дарға төніп тұр. Ауру­дың кө­беюі көбіне генетикалық ­бе­й­ім­ділікке байланысты емес, өз­ге­ретін, сыртқы факторларға бай­ланысты дейді ғалымдар.

Қазір докторант «Scopus» ғылыми журналына өзінің зерт­теулерін дайындап жүр. Оның тағы бір зерттеу бағыты – «әртүрлі агроэкожүйелердегі қашықтықтан зондтау және гео­графиялық ақпараттық ­жүйе технологияларын пайда­ла­на оты­рып, ауыл шаруашы­лы­ғын интенсификациялау­­дың ке­ңіс­тіктік заңдылықта­ры­­ның дег­радациясы мен су ре­сурс­тарын басқарудағы сал­да­­­рын талдау». 2-курс докто­ран­­ты «География» білім беру ­бағ­дарламасында білім алып жүр. Еліміздің жоғарғы оқу орны­на түскенге дейін Хейхэ уни­верситетінде оқыған. Өзінің айтуынша, елінде жүрген ке­зінде Алматы қаласының гео­графиялық ерекшеліктері­не қат­ты қызыққан. Табиғат ғы­лымының қыр-сырына құш­тар Син барлық емтихан­ды сәт­­ті тапсырып, еліміздегі үкі­мет­аралық грантын жеңіп ал­ған. Диплом алғаннан ке­йін өз еліне барып тек зерттеу емес оқы­­тушылық қызмет­пен де айна­­лысқысы келеді. Құба-құп!