Қоғам • 14 Наурыз, 2024

Қамкөңіл балалардың қатары көбейген

193 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға билік тарапынан жан-жақ­ты қолдау көрсетіліп жатыр. Бір қарағанда оларды оңалту жұмыс­тары да ойдағыдай іске асып жатқандай көрінетіні анық. Ал өңірдегі жағдай қалай? Неден ұтып, неден ұтылып жатырмыз?

Қамкөңіл балалардың қатары көбейген

Еңбек және әлеуметтік қор­ғау коми­тетінің Жамбыл облы­сы бойынша депар­таменті бас­шы­сының орынбасары Жанар Нұр­бек келтірген дерекке сенсек, облыс бойынша мүгедектігі бар азаматтардың үлес салмағы 3,7 па­йызды құрап отыр. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, 1 980 ересек азаматтың және 841 баланың мүгедектігі бар екені анықталыпты.

«Медициналық оңалту шара­ларының тиімділігін көрсететін 10 мың халық санына шаққандағы алғашқы мүгедектіктің қарқынды көрсеткіші 2023 жылмен салыс­тырғанда 22 жағдайдан 23,1 жағ­дай­ға өскен. Кейінгі үш жылда еңбек­ке қабілетті жастағы мүгедектігі бар адам­дардың үлестік салмағы төмендеп, зейнет жасындағылардың саны өскенімен, еңбекке қабілетті жастағы мүгедектердің үлес салмағы жоғары болып тұр. Ересектер арасында алғашқы мүгедектіктің 77,3 пайызы (1 531 адам) – еңбекке қабілетті жастағылар, ал 22,7 па­йызы (449 адам) зейнет жасында­ғы азаматтар екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар салыстырма­лы түрде алсақ, топтық құрылым бо­йынша мүгедектіктің жасаруы, топ ауырлығының өсуі байқалып отыр. Мүгедектік топ құрамы бойын­ша алғашқы мүгедектіктің 20 пайы­зы – I топ, 48,4 пайызы – II топ және 31,6 пайызы III топтағы мүгедек­тер болып отыр», дейді Ж.Нұрбек.

Оның келтірген дерегіне жүгін­сек, кейінгі уақытта балалар ара­сындағы мүгедектік көбейіпті. Мәсе­лен, 2022 жылы мүгедектігі бар балалардың саны 753-ті құраса, 2023 жыл­дың қорытындысы бойынша 841 балаға жеткен. Балдырғандар ара­сындағы мүгедектіктің көбеюі кім­ді де болса ойландыра түссе керек.

«Балалар арасында алғашқы мү­ге­дек­тікке шығудың нозоло­гия­лық құрылымы бойынша ілгері­дегі нәтижемен салыстырсақ, пси­хи­калық бұзылулар мен мінез құлық­тың бұзылуы аурулары 20,1 пайыздан 27,7 пайызға дейін өскен. Есесіне туа біткен даму ақаула­ры, деформация және хромосомдық ауытқулар салдарынан мүгедек болып танылған балалардың үлес салмағы 30,8 пайыздан 24,4 пайызға кеміген. Сондай-ақ нерв жүйесі ауру­ларының салдарынан алғашқы мү­гедектікке шыққандардың үлес сал­мағы 20,7 пайыздан 19,5 пайызға тө­мендеген», дейді Ж.Нұрбек.

Жауапты маманның айтуынша, өңір­дегі оңалту жұмыстары арқы­лы бір­қатар көрсеткіш жақсар­ған. Мәселен, жүргі­зілген емдік-оңал­ту шараларының оң нәтижесі не­гі­зінде 414 ересек, 147 бала то­­лық оңалтылған және 465 ересек, 11 баланың мүгедектік тобы тө­мен­детілген, яғни жағдайы жарты­лай дұрысталған. Әйткенмен ден­сау­­лық жағдайының өзге­руі­не, оңал­ту шараларының тиім­сіз­дігі­­не бай­ланысты 420 ересекке және 7-18 аралығындағы 35 мүге­дек­тігі бар балаға жоғарғы топ таға­йындалыпты.

Денсаулығында ақау бар азаматтарды оңалту бойынша өңірде ауыз толтырып айтарлықтай жұ­мыс­­тар атқарылып жатқаны анық. Мәселен, өткен жылдың соңында аутизм дертіне шалдыққан бала­лар­ды сауықтыру мақсатында ар­найы заманауи құрылғылармен жаб­дық­талған орталық ашылды. Сон­дай-ақ облыстағы 45 мыңнан аса мү­ге­дектігі бар адамды қолдау мақ­са­­тында қазынадан 3,5 млрд теңге қарастырылған. Айта берсек, қолға алынған ауқымды жұмыс аз емес.

Жалпы алғанда, нақты атқа­рылып жат­қан жұмыстар арқылы көңіл көншітерліктей нәтижелер­ге қол жеткізіліп жатқанына ешкім­нің күмәні жоқ. Дегенмен ке­йінгі уақытта мүгедектігі бар балалардың саны көбейгені көңілге қаяу түсіреді.

 

Жамбыл облысы