Экономика • 14 Наурыз, 2024

Каспий бізді біріктіреді

103 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Қазіргідей жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында Еуразияның жаңа көлік-логистика жүйесі құрылып жатыр. Бұл процесте Қазақстан мен Әзербайжанның тығыз әрі табысты ынтымақтастығы басты рөл атқарады» деді Мемлекет басшысы Әзербайжанға барған сапарында. Расында, бүгін Еуразияның экономикалық серпілуінің бастауында Қазақстан мен Әзербайжан тұр. Тап қазір екеуінің тізе қосып, іргелі істер атқаруы өңір үшін өлшеусіз пайда әкеледі. Биыл былтырғыдан да жемісті жыл болады. Ал ондаған жылдан кейін Еуразия мен жаһан арасын жалғайтын Транскаспий қантамырының қалай бүлкілдеп жататынын айтсаңызшы.

Каспий бізді біріктіреді

Тасымал артады, тариф төмендейді

Баку сапары барысында уағдаласқан айтулы келісім­нің бірі де бірегейі – Әзербайжан арқылы экспортталатын мұнай тасымалы көлемін ұлғайту. «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, мемлекеттік сапар нәтижесінде Әзербайжан арқылы мұнай экспорттау 50 пайызға артады. Айға шаққанда – 120 мың тоннадан 180 мың тоннаға дейін, жылға шаққанда – 1,5 млн тоннадан 2,2 млн тоннаға дейін. Мұндай мәмілеге «ҚазМұнайГаз» бен «SOCAR» Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясы қол қойды. Сонымен қатар тараптар арасында Қазақстан мұнайын сатып алу-сату бойынша ынтымақтастық стратегиясы туралы меморандум да жасалды.

Келісімді жүзеге асыруда «Баку-Тбилиси-Жейхан» (БТЖ) мұнай құбыры пайдаланылады. Құбырдың мүмкіндігі тәулігіне – 1,2 млн баррель, ал жылына 60 млн тонна мұнай тасымалдауға жетеді. ҚМГ мен «SOCAR» арасындағы қазіргі келі­сім бойынша Әзербайжан территория­сы арқылы 1,5 млн қазақ мұнайы тасы­мал­данады. Мемлекет басшысы бұл көрсет­кішті жүйелі түрде арттыру керектігін тапсырып, тікелей қадағалап отыр.

ҚМГ мен «SOCAR» біздің мұнайды БТЖ ғана емес, «Баку-Супса» арқылы тасы­мал­­дауды да ойластырады. Бұл жердегі мақ­сат – маршрутты әлде­қайда тартымды ету үшін Қазақстан мен Әзербайжан тер­ри­то­риясында транспорттық тарифтерді төмен­дету. Өйткені тарифті төмендетпей жет­­кізілімді ұлғайту мүмкін емес. Пре­зи­дент сапарының қорытындысынан кейін «Ақ­­­тау-Баку-Тбилиси-Жейхан» бағыты бо­йын­­­ша тасымал тарифтерін төмендетуге қа­тыс­­ты талқылау жалғасын табады.

«БТЖ құбыр желісін пай­далануға қатысты Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ық­­пал­дастықтың тереңдеуі қос та­рапқа да тиімді келешекті аша­ды. Шығын және тариф тұрғысынан БТЖ-ны пайдалануды оңтайландыра отырып, екі ел де ішкі тұтыну өсімі мен өндіріс көлемінің төмендеуі жағдайында да экспорттық мүм­кіндіктерін кеңейте алар еді. Мұндай ынты­мақ­тастық олар­дың әлемдік мұ­най нарығындағы позициясын нығайтып қана қоймайды, энергетикалық сектордағы ор­нық­тылық және жеткізуді әр­та­раптандыру бағы­тын­да келешекте табысты болуға жол ашады. Баламалы ұсыныстың бірі – Қазақстанды консорциумға акционер ретінде тарту. Бұл отандық мұнайды жеткізуді ұл­ғайтуға және құбыр өткізу қабілетін барынша пайдалануға ынталандыруы мүмкін. Консор­циум­дағы Қазақстанның қа­тысуы келешегі күшті идея ре­тін­де қарастырылады, алайда бұл ұзаққа созылатын талқыны, тиісті тараптардың бағалауы мен келіссөзін қажет етеді», дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов.

 

Еуропаға шығатын үш құбыр бар

Қазір еліміз батыс бағытқа қарай мұнай жіберуде негізінен үш бағыттың көмегіне жүгініп отыр. Оның біріншісі – Ресей арқылы өтетін Каспий құбыр консорциумы (КТК). Екіншісі – Ақтау портынан Бакуға жіберу, яғни әрі қарай БТЖ-ға тиеу. Үшіншісі – ресейлік «Транс­нефть» жүйесіндегі «Друж­ба» мұнай құбыры арқылы мұнай Беларусь пен Польша территориясы арқылы Германияға жіберіледі.

апр

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Ресейлік транзит проблемасы санк­ция­лық қиындықпен, сонымен қатар Новороссийскінің әскери қимылдардың әлеуеті аймағында орналасуы­мен байланысты. Саяси тұрғыдан қара­ған­да Ақтау – Баку желісі бо­йынша мұнай экспортының кеңеюі әлдеқайда тұрақты нұсқа са­налады. 2023 жылы біз осы желі арқылы 1 миллион­нан астам мұнай жібердік. Биыл қаңтар мен ақпанда 230 мың тонна аттандырдық. Әзірге жылдық жалпы лимит 1,5 млн тоннаны құрайды. Қазақстан тиісті транзиттік резервтерге ие Әзербайжан арқылы жеткізілім көлемін өсіруді жос­парлайды. Ал бұған кедергісін кел­тіретін бірқатар түйткіл бар. Ол негі­зінен – порттық және транспорттық ин­фрақұрылымды (терминалдар мен танкерлер) кешенді дамыту қажеттілігі. Бұл бағытта Қазақстан мен Әзер­байжан арасында жұмыс өте белсенді жүргізіліп жатыр. Екінші түйткіл – маршруттың қымбаттығы. Мәселен, КТК бо­йынша транзит Ақтау – Баку және БТЖ бағы­тынан екі есе арзанға шығады. Көп­теген келіссөздің нәтижесінде жыл­дық жеткізілім көлемін 2,2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға қол жеткізілді», дейді саясаттанушы Данияр Әшімбаев.

Әрине, жылына 56 млн тонна қазақ мұнайын экспорттауға сеп­тесіп отырған КТК-ның өт­кізу қабілетімен шендесу қиын-ақ. Дегенмен жеткізілімді әр­тарап­тандыру қай кезде де ма­ңы­зын жо­ғалт­пайды. Алдағы уақытта жоспар­лан­ған жұмыстар сәтімен атқарылса, Транскаспий бағытының әлеуетін 10-20 млн тоннаға дейін жеткізуге болады.

 

Ақтаудан – Апшеронға

Транскаспий арқылы тек мұ­най емес, сан алуан та­уар та­сы­­мал­­данады. Бұл ретте халық­­аралық көлік дәлізі Қытай тауа­­ры мен өнімдерін Еуропаға апаруда үлкен рөл ойнауға тиіс. Бұл – біздің көздеп отырған іргелі мақсатымыздың тағы бірі. Еура­зияның транспорттық-логис­ти­калық каркасын қалып­тас­тыруда теміржол әлеуеті ай­рықша маңызға ие. Бакуде президенттер қытайлық Сиань қаласынан шыққан контейнерлік пойыздың Қазақстан аумағын басып өтіп, Әзербайжандағы Апшерон стансасына келу сәтін тамашалады.

«Транзит тегін емес. Ғасырлар бойғы қағида. Кім керуен жолында тұрады, соның қаржы табу мүмкіндігі артады. Түйе керуендерін жүйткіген пойыздар алмастырды, бірақ заңдылық өзгерген жоқ. Сианьнан шыққан жүктің Ақтау арқылы Апшеронға жетуі – «Транскаспий бағыты ашылды және ол қарқын алады деген сөз», дейді сарапшы Асхат Қасенғали.

61 контейнерден тұратын по­йыз 7 мың шақырымды 11 күнде басып өтті. Мультимодальды тасымал (бірнеше транспорт түрі арқылы тасымалдау) барысында Қазақстан портында контейнерлер ауыстырып тиелді және олар Каспий теңізі арқылы Баку халықаралық теңіз сауда портына, ал сол жерден «Абшерон» стансасына жеткізілді. Алдын ала келісімге сәйкес осы мар­шрут арқылы Әзербайжанға айына 10 контейнерлік пойыз жіберу көзделеді. Солтүстік дәлізбен салыстырғанда жүкті Орта дәліз арқылы жеткізу тасымал уақытын 15 күнге немесе 2 000 шақырымға қысқартады. Әрі тауарды тек Еуропаға емес, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Жерорта теңі­зі өңіріне апаруға да толайым мүмкіндік ашқалы тұр. Әрине, ол үшін Түркиядағы порт байланыстарын біріктіру маңызды. Орта дәліздің стратегиялық оңтайлы орналасуы Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдеріне жыл сайын 600 млрд долларға дейін табыс түсіруі мүмкін. Дүниежүзілік банк болжамы бойынша, 2030 жылға таман Орта дәліз арқылы жүк көлемі – 11 млн тоннаға, контейнерлік тасымал 4,074 млн тоннаға (жалпы жүк ағынының 35,8 пайызы), мұнай және мұнай өнімдерінің тасымалы 3,5553 млн тоннаға (бүкіл тасымалдың 31,2 пайызы) жетеді.

Сонымен қатар Қазақстан мен Әзер­байжан теміржолдары интегра­ция­­ланған DTC цифрлық платформасы жұмыс істейді. «Track and Trace» функциясы көмегімен жүк жеткі­зі­лімін қа­да­­ғалап отыру мүмкіндігі де ұсы­­­­ныл­ды. Мұндай экожүйенің құ­рылуы Орта дәліздің тартым­ды­лығы мен ашықтығын арттыра түсе­ді дейді сарапшылар.

 

Транзиттен түсер табыс

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев­тің айтуын­ша, екі ел мұхитқа балама конти­нент­тік маршрутты дамыта отырып, үл­кен сауда жобасының негізін қалап жатыр.

«Әңгіме тек отандық тауар экс­порты туралы ғана емес. Қазақстан өз территориясы арқылы қытайлық тран­зит­тен миллиардтаған доллар табу үшін күресіп жатыр. Жүк жіберушілерге гео­саясатқа соншалықты тәуелді емес, әр­тарап­тандырылған қуатты жет­кізу арналары қажет. Әзербайжан бағыты тиісті әлеуетті нығайтады. Сапар кезінде Қ.Тоқаев пен И.Әлиев Сианьнан келген по­­­йызды қабылдау салтанатына қа­тыс­ты. Бұл – қы­тайлық өндіру­шілерден еуропа­лық тұ­­ты­­нушы­ларға жіберілген әр тауар­дан ақша түсетін маңызды жоба. Ол қаражат жинақтала келе қомақты со­маға айналып, мем­лекеттік бюджет пен ел азамат­тарының қалтасын толық­­тырады», дейді сарапшы.

 

Баянды Баку сапары

Мемлекет басшысы Әзер­бай­жанға сапары алдын­да АПА агенттігіне берген сұхбатында Транскаспий халықаралық транс­порт­тық маршрутының трансконтиненталды сауданы ілге­рілету мен дамытудағы рөлі айтар­­­лық­тай өсті деп батыл мә­лім­деді.

«Бұған 2022 жылы 2 есе өскен, ал 2023 жылы – 65 пайызға, 2,7 млн тонна жүкке дейін өскен жүк тасымалы көлемі дәлел бола алады. Алдағы жылдарда бұл көрсеткіш 10 млн тоннаға жетеді деп күтеміз. Бұл үшін сұраныс та, технологиялық мүмкіндік те бар. Сол себепті Астана мен Баку осы салада ке­шенді қадамдар қабылдайды», деді Президент.

Қазақстан 2030 жылға дейін 11 мың шақырым жолды жөндеп, 5 мың ша­­қы­рым жаңа теміржол салуды жос­парлап отыр. Бұл елдің транспорттық мүмкіндігін әжептәуір еселейді.

Жалпы, Мемлекет басшы­сы­ның Әзербайжанға мемлекеттік сапары аса табысты өтті, Қазақ­станға жаңа экономикалық мүм­кіндіктерді сыйлауымен есте қа­латын болды. Прези­дент айт­қан­дай, Еуразияның жаңа кел­бетін қалыптастырудағы баянды мис­сия ретінде тарих жадынамасына жазылмақ. Әлбетте, қолға алған жобалар мұнымен тоқтамайды, керісінше, мем­лекет басшыларының уағдасы екі ел арасындағы қарым-қаты­настың жаңа белесі болды деу­ге толық негіз бар. Біз үшін айрықша маңызды болып отыр­ған Транскаспий бағытының әлеуетін арттыру енді мүлде тың қарқынмен, серпінді жүргізілмек.