Шаруашылық • 14 Наурыз, 2024

Мал азығының сапасын арттыратын өнім

502 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ ашытқыны нан пісіргенде ғана қолданатынын білетінбіз. Апаларымыз сүтке қосып, сосын үстіне ұн себелеп илейтін. Ашытқы қосылған соң, иленген нан бұрынғыдай емес биік болып күмпиіп, көтеріледі. Пісіргенде исі де жай қамырдікіне қарағанда анағұрлым жақсы болып, тәбетті аша түсетін.

Мал азығының сапасын арттыратын өнім

Фото: dairynews.today

Сол ашытқыны малдың жемазы­ғы­на қосып берсе де пайдалы болады екен. Анықтамаға қарағанда жоғары тиімді ашытқы комбинациясын жемазыққа қосып берсе, жануарлар мен құстардың иммундық қасиеті артып, түрлі ауруға қарсы тұра алады және тезірек ет алып, күйленеді екен. Бел­сенді ашытқыны шөпке, сабанға, жемге қосып берсе, жемазықтың дәмі де жақсарып, малдың тәбеті артатын көрінеді. Малдың, құстың иммундық қасиетін көтерген соң, оны антибиотик, фермент, аминді қышқыл және дәрумендердің орнын толтырушы деп қарастыруға болады.

Ақпан айында Петропавл қала­сын­да өткен «Qyzyljar Investment Forum» атты экономикалық жиында «Солтүстік» əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясы, «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы өкілдері мен инвесторлар арасында құны 128 млрд теңгені құраған 14 мемо­ран­дум­ға қол қойылған. Соның бірі – Италияның Милан қаласына жақын орналасқан биотехнологиялық өнім­дер шығаратын «Prosol» компаниясы. Қазір бұл компания Қытай жəне Америка нарығына шығуды жоспарлап отыр.

«Өндірісті кеңейту үшін «Qyzyl­jar» арнайы экономикалық ай­ма­­ғында зауыт құрылысын салуды қолға алдық. Онда белсенді жем­азық­тық ашытқы өндіріледі», дейді компанияның о­тандық директоры Сырым Әбілғазиев.

«Prosol Bioteh Kazakhstan» компаниясы 2023 жылдың қараша айы­нан бері «Qyzyljar» АЭА-да резидент болып тіркелген. Олар 2024 жыл­дың екінші тоқсанында жылына 3 мың тонна жемазықтық белсенді ашытқы өн­діретін зауыт құрылысын баста­мақ­шы. Құрылысты 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Құйылатын инвестиция көлемі – 2 млрд теңге. «Qyzyljar» АЭА аумағынан жаңа зауыт үшін 3 гектар жер берілмек. Жаңа зауыттың ашылуы арқасында 40 адам жұмыспен қамтылады.

Кәсіпкерлік және индустриалдық инновациялық даму басқармасының басшысы Елдар Ысмағұловтың айтуына қарағанда, зауыт өнімдері отандық фермерлер мен шетелдіктерге сатылады. Құрамындағы протеин мен белоктардың көптігінің арқасында мал төлі тез өсіп, жедел ширайды. Құстардың жұмыртқалауы артады. Терісінен құнды елтірі иленетін құндыз сияқты су аңдары да осы ашытқының арқасында тез жетіл­мек. Ашытқыны жемазық ретінде балыққа да беруге болады. Жемазықтық ашыт­қы­ның шикізаты – қызылшаның сір­несі.

«Qyzyljar» АЭА-да зауыт салу туралы шешімге келген себебіміз – мұнда логистикалық жағдай тартымды әрі шикізат көзіне жақын орналасқан. Біздің компаниямыз – биотехнологияның ашытқы өндіру саласы бойынша әлемдегі көшбас­шы­лардың бірі. Тірек зауытымыз Италияның Милан қаласының түбінде орналасқан. Өнімдерімізді әлемнің 50 елінде сатамыз. Болашақта Қытай мен АҚШ нарығына шығуды межелеп отырмыз. Әсіресе Қытай нарығы қызықтырады. Петропавлда зауыт ашу арқылы осы мақсатымызды іске асырғымыз келеді», дейді С.Әбілғазиев.

Сонымен қатар ол Қазақстанда агро­өнеркәсіптік кешеннің кеңінен да­мығаны да инвестордың қызығушы­лығын тудырғанын айтты.

«Өнімді алушы да, шикізат көзі де дәл жанымызда орналасқан. Алыс шетелге шығармақ болсақ, теміржол мен тасжол бар. Инфрақұрылым жоғары деңгейде дамыған. Сондықтан кәсіпорын салу біз үшін өте тиімді. Кәсіпорынға тек жергілікті кадрларды ғана жұмысқа аламыз. Оларды оқып-үйрету үшін Солтүстік Қазақстан университетімен келісімшарт жасаймыз», деп түсіндірді.

 

ПЕТРОПАВЛ