Бүгінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға байланысты құқықтық мемлекет құру мақсатында арнайы институттарды одан әрі жетілдіру қажет болып отыр. Осыған байланысты 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасының қағидаларын іске асыру Республика Конституциясының негізгі идеялары мен қағидаттарын құқықтық мемлекет құрылымының жаңа кезеңінің аясында жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл орайда Құқықтық саясат тұжырымдамасының сілтемелік нормаларды азайту және тікелей қолданатын заңдарды қабылдау туралы ережесін іске асыру үшін Әділет министрлігі орталық мемлекеттік органдардың заңға тәуелді актілерді қабылдау құқықтарын шектеу барысындағы мүмкіндіктері мен орындылығын зерделеуге кірісті.
Бұл туралы кеше вице-спикер Владимир Бобровтың төрағалық етуімен Әділет министрлігінде “Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру аясындағы әділет органдарының қызметі” атты тақырыпта өткен Үкімет сағатының көшпелі отырысында айтылды. Депутаттар алдында баяндама жасаған Әділет министрі Р.Түсіпбеков Парламент қарауына енгізілетін нотариус қызметін мемлекеттік реттеуді жетілдіруді көздейтін заң жобасының жаңашылдығы туралы ақпарат берді. Жалпы аталған Тұжырымдама бойынша маңызды міндеттердің бірі нотариат қызметінің жүйесін жетілдіру болып табылады. Нотариаттың азаматтық айналымдағы қатынастардың қосымша тұрақтылығын және заңдық қауіпсіздігін, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін сапалы қорғауды қамтамасыз ететін құқықтық инфрақұрылымның бір бөлігі ретіндегі рөлін нормативтік-құқықтық айқындау қажет. Сондықтан да нотариаттың негізгі басымдығы оның көмегіне барлық ел аумағында қол жеткізу болып табылады.
Министр өз сөзінде айтып өткендей, жаңа жоба аттестациялық комиссияның нотариусқа үміткерлерден емтихан қабылдауда қызметінің айқындылығын қамтамасыз етеді. Квоталау интитутын жою көзделеді. Соған байланысты нотариаттық қызметті жүзеге асыру үшін лицензияның қолданылуы жеткілікті негіз болып табылады. Ал “Электронды үкімет” шеңберінде “Электронды нотариат” ақпараттық жүйесін енгізіп, қалыптастыру жұмысы жүргізілген соң ол арқылы барлық нотариаттық құжаттарды белгілеуге мүмкіндік туады. Сөйтіп, нәтижесінде нотариаттар жұмысының сапасы да артады деп күтілуде. Сол сияқты Құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес әділет органдарының алдында тұрған маңызды міндет заңнамалық актілердің құқықтық мониторингі институтын енгізу болып табылады. Бұл заңдардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, олардың тиімділігін бағалау, кемшіліктер мен қарама-қайшылықтарды, мерзімі өткен нормаларды уақтылы айқындау үшін аса қажет.
Көшпелі отырысқа қатысқан депутаттарға Әділет министрлігі Сот-сараптама орталығының Астана қалалық сот-сараптама өңірлік ғылыми-өндірістік зертханасы көрсетілді. Онда түрлі құқық қорғау органдарынан түскен мәліметтерге орай әрқилы сараптамалар жүргізіледі. Мәселен, биологиялық, филологиялық, фототехникалық, трасологиялық, баллистикалық, ЖКО, экономикалық, тауарлық, құрылыстық, өрт-техникалық сараптамалар, сол сияқты жарылғыш және есірткілік заттарға құжаттарға, суреттерге, бейнежазбаларға т.б. айғақтық заттарға сараптама жасалады. Жалпы “Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы” Заңына байланысты сараптама жасаудың 106 түрін қамтыған сот сараптамасының мемлекеттік реестрі дайындалған. Енді осы жылдың аяғына дейін аталған реестр қосымша 35 зерттеу әдістерімен толықтырылатын болады. Осыған байланысты Сот-сараптама орталығының алдына да үлкен міндеттер қойылып отыр. 148 сарапшыны қамтитын қосымша орындар ашылады. Орталықтың аймақтағы бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Сонымен қатар ең бастысы, сараптама өндірісінің сапа жүйесін сот-сараптамасы қызметіне енгізу барысында халықаралық стандарт жөніндегі аккредитация мен сертификаттарды алу болып табылады.
Александр ТАСБОЛАТОВ.