Ұлттық спорт • 14 Наурыз, 2024

Жорық Петропавлдан басталады

129 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ұлы дала жорығы» марафоны биыл Петропавл қаласынан шығып, Астанаға дейін жетпек. Бұл жолы марафонның қашықтығы қысқа, бар болғаны 500 шақырымның төңірегінде.

Жорық Петропавлдан басталады

Бұрын осы марафон 1 мың ша­қырымнан артық қашықтықты ең­сер­ген. Биылғы марафон сол­­түстіктегі Көкшетау өңірі мен Ақ­­мола төңірегіндегі тарихи жер­лер­ді басып өтеді. Соның ішінде Абы­лайдың, Кене­сарының сол­түс­тік­тен оңтүс­тікке жүрген жолдарын, өзен-көлдер мен жазық даланы ке­­шеді. Бурабай курортының кө­рікті аймақтарын аралап, адам­ның ал­ғаш рет жылқыны қолға үйреткен ме­кені – Ботайға соғады, Астана тү­бін­дегі ежелгі қала Бозоқты басып өтеді. Сөй­тіп, кең даламыздың терең та­ри­хын бүгінгі ұрпаққа таныстыра түспек.

Жарысқа еліміздің бар­лық 17 облысы мен 3 респуб­ли­калық дә­ре­жедегі қалаларынан төрт адам­дық команда қатысады. Мара­фон Петропавл орта­лығын­дағы «Абылайдың ақ үйі» – хан­ның резиденциясынан 12 мамырда бастау алып, бес күнде Астана қаласына жетеді деп жос­парланған.

Биылғы марафонның ерекше­лігі, V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары қарсаңында өтуінде. Жеңімпаздар қатарына енген үш команда қыркүйек айына жос­парланған «Ұлы дала жо­рығы» халықаралық турына бе­рілетін лицензияны алады.

Бір қызығы бұл жорыққа ауы­сып мінетін ерулі аттар бір­ге жүреді. Сонымен қатар аттар­дың жасы алты жастан, яғни бесті аттан кем болмауы керек. Ұйым­дастырушылардың айтуына қарағанда, бұл – аттардың шектен тыс қажымауы, зорықпауы үшін қолданылатын талап. Сондай-ақ бұл шара қазақтың қандай жылқы тұқымы төзімді әрі мықты екенін анықтайтын далалық зертхана іспеттес. Осындай бірнеше мақсатты орындауды алдына қойған марафон мамыр айында сөреден өтеді.