Диананы өзге өнерпаздардан оқшаулап көрсетіп тұратын бір ерекшелігі – ол сонау Жітіқара ауданында он бір жыл бойы орыс мектебінде оқып, өзге тілді ортада есейіп бойжетті. Бірінші сыныптан-ақ мектеп сахнасынан көрініп, «Жітіқара аруы», «Жітіқара даусы» сияқты өнер байқауларының жеңімпазы атанған балауса қыз мектепті тәмамдаған соң, тілдік қорының тайыздығына қарамастан, тәуекелге бел буып Алматыға аттанып, анау-мынау емес, Т.Жүргенов атындағы қара шаңыраққа келіп құжатын тапсырады.
«Алла қолдап, өзім арман еткен өнер академиясына да қабылдандым. Менің бойыма сахна мен тіл құдіретін қатар сіңірген – осы білім ордасы. Әр рөлді ойнаған сайын, туған тілдің қадір-қасиетін ұғынып, тереңіне бойлай бердім. Маған тіл үйреткен – сахна, театр десем болады. Кейін Қостанай сахнасында ең алғаш ақын қыз Зияш Қалауованың рөлін ойнадым. Сол кездегі театрымыздың бас режиссері Ерсайын Төлеубай ағамыз тәжірибемнің жоқтығына қарамастан, осы рөлді сеніп тапсырды. Бірінші қойылым. Сүйекті рөл. Алғаш жүрексінгенім де рас. Бірақ спектакль аяқталған соң, зал толы көрерменнің қошеметін көріп, көңілім орнына түсті. Содан бері көптеген қойылымда басты рөлдерді ойнап келемін. Кез келген рөл мен үшін жаңа әлем, жаңа өмір. Қай кейіпкерімнің де жан дүниесін, қуаныш-қайғысын, болмыс-мінезін өз жүрегіммен терең сезініп алмайынша, ол рөлді ойнай алмаймын», дейді сахна шебері.
Диананың бойындағы талант қуатын көпшілік көрермен ғана емес, кәсіби театр мамандары да жоғары бағалайды. Алла Тағаланың өзі тал бойына өнер біткеннің бәрін үйіп-төгіп бере салған сияқты: ән салады, би билейді. Өзі бейнелеген кейіпкерінің жан дүниесін терең түсінетін ішкі драматизмі өте мықты. Кез келген рөлді, мейлі комедия, мейлі драма, мейлі пластикалық, музыкалық спектакльдер болсын, жеріне жеткізіп ойнайды.
«Диана қызымыз көптеген үлкен рөлдерде ойнады. Мысалы, Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» трагедиясындағы Әлиманның рөлін айтуға болады. Мен жұмысқа келген жылы режиссер Нұрлан Әбдіқадыров осы спектакльді дайындап, пандемияға байланысты көрерменге қойып үлгермей кетіп қалған екен. Мен сол спектакльді алатынын алып, қосатынын қосып, өзімше қойдым. Репетиция барысында майданға кеткен күйеуінен қара қағаз келген Әлиманның өмірден түңіліп өз-өзіне қол жұмсамақ болып, орақты ала салып, өзінің тамағынан орып жібергісі келетін көрініс бар. Әлиман орақ алып жүгірген кезде әйелдер қолынан ұстап қалып жығылады. Содан кейін келетін бір мәтін бар: «Апа, мені соғысқа жіберіңізші! Мен фашистерді өлтіріп келемін» дейді. Осы бірауыз сөздің ішінен сондай бір шарасыздық, сондай бір қайсарлық, әйелге ғана тән нәзік әлсіздік тәрізді бірнеше бояу қатар шықты ғой. Репетицияда отырып өз көзіммен көрген сондай бір сәт бүкіл жан дүниемді жылатып жіберген еді. Бұл жағынан келгенде Диана өте керемет актриса. Жалпы, Диана қалалық, облыстық деңгейдегі мәдени іс-шараларға да үлгеріп жұмыс жасайды. Үйдегі отағасына, бала-шаға, ата-анасына – бәріне үлгеріп шапқылап жүріп бәрін тындырады. Диана театрға берілген жан. Қандай қиын сәттер болсын, кез келген сәтте осы Дианаға сенім артамыз. Сөзіңді жерде қалдырмайды. Мысалы, кеше ғана бір актрисамыз Астанадан Қостанайға жете алмай жолда қалып қалыпты. Енді оның орнына тез арада дайындалып, рөлді ойнап беру керек қой. Сол жауапкершілікті Диана өз мойнына алды. Ол «Сыған серенадасындағы» Изольданы, «Шолпанның күнәсіндегі» Шолпанды, әйтеуір біздің театрымыздағы басты рөлдердің бәрін ойнап шықты. Театр ұжымы көптеген халықаралық байқауларға жиі шығып тұрады. Мұндай шығармашылық сапарларда көрерменнің көзіне ең алдымен Дианамыз ілігеді. Сондықтан Диана Қостанай театрының бүгінгі бет-келбеті десек те артық болмайды», дейді І.Омаров атындағы Қостанай облыстық Қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Батырбек Шамбетов.
Қостанай облысы