Сұхбат • 14 Наурыз, 2024

Тұрсынғали ЕДІЛОВ, бапкер: Куба қабыландарының «құпиясын» аштым

273 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов 1997–2001 жылдар аралығында еліміздің ұлттық құрамасының тізгінін ұстады. Білікті бапкердің тұсында отандық былғары қолғап шеберлері орасан зор табысқа қол жеткізді. Ғасырлар тоғысында Сиднейде алауы тұтанған Олимпия ойындарының финалында қазақтың төрт бірдей боксшысының өнер көрсетуі – сөзіміздің айқын дәлелі. Сол кезде жер-жаһан жанкүйерлері бізге қызыға да қызғана қараған еді. Жасыл құрлықта екі алтын мен екі күмісті олжалаған жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленді.

Тұрсынғали ЕДІЛОВ, бапкер: Куба қабыландарының «құпиясын» аштым

– Тұрсынғали аға, 2000 жылы елі­міздің былғары қол­ғап шеберлері алыстағы Аустра­лияда айды аспанға шы­ғарды. Сол кездері боксшылармен бірге сіздің де даңқыңыз шартарапқа тарады. Десек те Еділов есімді білікті бапкердің барын біз 1996 жылы Атланта Олимпиадасы қарсаңында білген едік. Аталған додаға сіз Ермахан Ыбырайымовты баптап апарды­ңыз. Әңгімеміздің әлқиссасын содан бастасақ...

– Өткен ғасырдың 80-жыл­дарының екінші жартысында Ермаханды жат­тығу залы мен түрлі жарыс жиі кө­ретінмін. Сырттай оның дене бітімі, шойын жұдырығы, рингтегі қимыл-қозғалысына қызықтым. Содан 90-жылдары табалдырықтан аттады. Заманның апай-той кезі. Қиын уақыт. Жоқшылық. «Бай­тал түгіл, бас қайғы» болған ке­зең. Сол тұста Ермахан шаршы алаң­нан мүлдем көрінбей кетті. Бірде оны кездейсоқ кезіктіріп қалдым. «Ермахан, жоқ болып кеттің ғой. Боксты мүлдем қойғансың ба?» десем, «Аға, ара-тұра дайындалып жүрмін», деп тіл қатты. Оны естігенде көңілім құлазыды. Екеуміз далаға шығып, біраз әңгімелестік. Сыр суыртпақтасам, толыққанды жат­тығу жасауға жағдайының жоқ­тығын алға тартады. Ол кезде менің жеке кәсібім бар, жай-күйім жаман емес еді. «Бокс – киелі өнер. Оған жүрдім-бардым қа­рауға болмайды. Сен «Динамоға» кел, сол жерде дұ­рыстап дайындал. Ал бас­қа мәселелерге бас қатырма, ол жағын өзім шешемін», деп жас жігітті жігер­лендірдім.

ап

Көп ұзамай Ермахан жат­тығуға келді. Даңқты бапкер Станислав Болдырев­тің «Міне, залға Олимпия ойындарының қола жүлдегері келді...» деп айтқаны сол кез еді ғой. Біз тек езу тарттық. Ермахан ыңғайсызданып қалды. Расында да, Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Валерий Рачков бастаған бір шоғыр жұлдызды тәрбиелеген бапкер­дің аузы дуалы екен. Арада екі жылдан аса уақыт өткенде шәкіртім 1996 жылы Атлантада алауы тұтанған Олимпия ойын­дарында қола медальды мойнына ілді. Шыны керек, әу баста мен Болдыревтің сөзін кекесін ретінде қабылдадым. Кейін­нен ойланып көрсем, көпті көреген қарт бапкер егер Ермахан жанын салып жаттығып, осы спорт түріне адалдық танытса, оның болашағы жарқын болатынына сенген екен. Ал жоғарыдағы сөзді Станислав Михайлович өзінің алтын уақытын зая қылып, көшеде босқа далақтап жүрген дарынды боксшының намысына тиіп, қамшылау үшін көпшілік алдында әдейі айтқан екен ғой.

– Шаршы алаңға қайта оралған­нан соң, Ыбырайымовқа бұрынғы дең­гейінен көріну оңай болмаған секілді. Олай деуге негіз 1995 жылы Берлинде өткен әлем чемпионатында сәтсіз өнер көр­сетті емес пе?

– Өткен ғасырдың аяғында 71 кг сал­мақ дәрежесінде бәсекелестік өте күшті болды. Ол салмақта кілең «сен тұр, мен атайындар» еді. Әлемнің екі дүркін чемпионы, румыниялық Франчик Вэстаг пен әлем чемпионы, Панамерика ойындарының жеңімпазы Альфредо Духерхельді Ермаханның жеңе алмайтынын білдік. Ойлана-толғана келе 75 кг салмаққа ауысуды жөн көрдік. Содан 1995 жылы Берлиндегі әлем чемпионатына аттандық. Өкінішке қарай, Ыбырайымов тұсаукесер кездесуін­де Мажарстанның марқасқасы Жолт Эрдейден жеңілді. Осы сәтсіздіктен кейін үйреншікті салмаққа қайта оралып, Таш­кенттегі Орталық Азия ойындарына қатыстық. Ол жақта да жолымыз болмады. Соның кесірінен шәкіртім ұлттық құрамадан шығып қалды. Тіптен, «Ермахан Ыбырайымовтан жақсы бокс­шы шықпайды» деп айтқандар да табылды. Бірақ біз «битке өкпелеп, тонымыз­ды отқа жаққан» жоқпыз. Қайта әдеттегі­ден екі-үш есе артық дайындалдық. Алдағы маңызды жарыс Римде алауы тұтан­ған Дүниежүзілік әскерилер ойындары еді. «Мәңгі қала» атанған Италияның астанасына мен өз қалтамнан қаржы шығарып, Ермаханмен қоса, Марат Мәзімбаев пен Нұрлан Қалыбаевты апардым. Дүбірлі додада Ыбырайымов бас жүлдені олжалады. Сөйтіп, ұзаққа созылған сәтсіздіктің сеңі сөгіліп, қайта «атқа қондық». Римдегі өнерімізге риза болған ұлттық команданың бас бапкері Әбдісалан Нұрмаханов шәкіртімді Азия чемпионатына қатысатындардың тізімі­не қосты. Ташкентте Ермахан ерледі. Осы­ның алдында ғана жеңілген өзбек бокс­шысын бұл жолы көгала қойдай сабап, жарыс жеңімпазы атанды.

– Хош, сонымен Америкаға да жет­тіңіздер. Шәкіртіңіздің Атлантадағы өнері көңіліңізден шыққан болар?

– 1996 жылы АҚШ-та алауы тұтанған Олимпия ойындарында Ермахан жақсы өнер көрсетті. Мүйізі қарағайдай бокс­шыларды айқын ұтқан Ермаханның тек Альфердо Дуверхельге әлі жетпеді. Негізі кубалықпен ол екі раунд бойы тең дәрежеде айқасты. Бірақ шешуші тұста шаршап қалды. Бұл ретте Ыбы­ра­йымовтың кезінде екі-үш жылдай бокс­тан қол үзіп қалғаны кері әсерін тигізді. Нәтижесінде, Атлантада ол қола медальды мойнына ілді.

аыо

– 1997 жылы Қазақстан құра­ма­сының тізгінін ұстадыңыз. Сол кезде Куба құрамасы біз үшін алынбас қамал еді. Олай деуге негіз, Атланта Олимпиадасында қара қабыландармен жолыққан төрт жерлесіміз де жеңілістің кермек дәмін татты.

– Оныңыз рас. Атлантада Болат Жұмаділов Майкро Ромеродан, Болат Ниязымбетов Гектор Винеттен, Нұржан Сманов Хуан Эрнандестен, Ермахан Ыбырайымов Альфердо Дуверхельден ұтылды. Басқа да жарыстарда соларға үнемі есеміз кетіп жүрді. Ұлттық коман­даның тізгінін ұстаған бетте «Неге куба­лықтардан қайта-қайта жеңіле бере­міз?» деген ой мені қатты мазалады. Сол тығырықтан шығудың жолын қарас­тырдық. Ал оның жолы біреу ғана – Куба құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізу. Осындай қадам арқылы Бостандық аралы боксшыларының біраз құпиясына қанығу еді.

– Оларды елге кімдер арқылы ша­қырттыңыздар? Ит арқасы қиянда Кубаның жұлдызды құрамасы қазақ­тардың ұсынысын бірден қабылдады ма?

– Жоғарыдағыдай шешімге келгеннен соң, досым, танымал таеквондошы Қабибек Мұхитовпен осы мәселе туралы кеңінен ақылдастым. Іскер аза­мат дереу шешімін тапты. Екеуміз Кубаның консулы Марсело Кабалероның қабылдауына бардық. Әңгіме барысында мен аты аңызға айналған боксшы, Олимпиада мен әлемнің үш дүркін чемпионы, Баркер кубогінің иегері Теофило Стивенсонмен бірге түскен суретімді көрсеттім. Ол аң-таң. Лезде: «Біздің ұлттық батырымызды сіз қайдан танисыз?» деп сұрақтың астына алды. Мен шімірікпестен: «Теофило – менің жан досым!» деп жауап бердім. Содан Кабалеро Кубаға хабарласып, жергілікті федерация басшыларының рұқсатын алды. Келісім бойынша бар­лық шығынды Қазақстан жағы көтерді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Куба қабыландары Қазақстанға келді. Ала­тау баурайында оқу-жаттығу жиынын өт­кізіп, соңында қос мемлекет­тің гүрзі жұдырықты жігіттері арасында матчтық кездесу ұйымдастырдық.

– Осындай ауқымды шараны ат­қару үшін қыруар қаржы қажет. Ол тұста ел экономикасы әлсіз күйде еді. Тығырықтан қалай шықтыңыздар?

– Мен Алматыдағы «Беккер» ком­па­ниясының басшысына кірдім. «Сіз­дерге мықты жарнама керек болса, кілең жұлдыздардан жасақталған Куба құрамасын Алматыға шақыртуға мүм­кіндігіміз бар. Олармен бірге жаттыға­мыз, сосын жарыс өткіземіз. Сіздер бас демеуші болсаңыздар, мархабат!» дедім. Алғашында олар сенбеді. Сосын кездесуге өздері шақырды. АИБА-ның бірінші вице-президенті Бекет Махмудовпен бірге келісілген жерге бардық. Ол жерде бізден бөлек Алматы қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Бөкенов те болды. Бәрін айттық, түсіндірдік, ұғындырдық. «Беккердің» басшысы 70 мың доллар берді. Бөкенов мырза да осы бастаманы қолдап, барынша көмек көрсетті.

Незігі, бұл жиынның бізге бергені көп. Біріншіден, 2000 жылы Сидней Олимпиадасында қазақтың қайсар ұл­дарымен жолдары қиысқан кубалық бокс­шылардың үшеуі де жеңілістің кермек дәмін татты. Екіншіден, Қазақстанның сол кездегі Премьер-министрі Нұрлан Балғымбаев осы жарысты тамашалауға спорт сарайына арнайы келді. Дәл сол кезде Бекет Махмудов АИБА-дағы бас­шылық қызметке ауысып, респуб­лика­лық бокс федерациясының орны бос тұрған. Мен соны Балғымбаевқа айттым. Лауазымды тұлға еш ойланбас­тан отандық бокстың тізгінін ұстауға келісімін берді. Міне, кубалық былғары қол­ғап шеберлерін елге шақырғанның ар­қа­сында біраз мәселе оң шешімін тапты.

– Бір кездері өз шәкірттеріңізді жарысқа апару үшін базарда макарон сатқан екенсіз. Сол әңгіме қан­шалықты рас?

– Оның еш өтірігі жоқ. 1997 жылы Таиландта өтетін Король кубогіне қа­ты­су үшін қаражат таппай қиналдық. Содан газет беттерін парақтай отырып, ұн өнімдерін сататын бір фирма­ға кө­зім түсті. Ермаханды ертіп алып, Алма­­тының іргесіндегі Байсерке ау­лын­­да орналасқан кәсіпорынның басшы­сы Әкежан Ізімбаевпен кездестік. Ол кісі бізді сырттай біледі екен. Не жағ­даймен келгенімізді айттық. Әке­жан: «Ақшаның бәрі айналымда, қазір қо­лымда қаржы жоқ. Қаласаңыздар, ұн өнім­дерін берейін. Соны сатсаңыздар біраз пайда көресіздер», деді. Содан екі КамАЗ-ға макаронды тиеп алдық та, көк базарға тарттық. Ол жерде бокстан КСРО чемпионатының жүлдегері Талғат Бердібеков басшылық қызмет атқаратын. Ол сөзге келмеді. Талғат тауарымызды өткізіп, тиесілі ақшамызды санап берді. Содан түскен қаражатқа Бангкокке барып, жақсы нәтиже көрсетіп қайттық.

– Ғасырлар тоғысында алауы тұ­танған Сидней Олимпиадасында бокс­­­­шылармен бірге сіздің де жұл­ды­зы­ңыз жарқырай жанды. Сол дода­­ға қатысқан қазақтың жеті жігіті­нің төртеуі жеңіс тұғырына көтері­ліп, жалпыкомандалық есепте үшін­ші орынға табан тіредік. Жасыл құрлық­тағы жарысты жадыңызда жиі жаң­ғыр­татын шығарсыз.

– Ондай сәттер еш уақытта ұмытыл­майды. Сиднейде алғашқы алтынды Бекзат Саттарханов олжалады. Өзімнің төл шәкіртім Ермахан Ыбырайымовқа да тең келер ешкім болған жоқ. Болат Жұмаділовтің де Олимпиада чемпионы атанатынына күмәнданғандар кем­де-кем еді. Алайда финалда ол таиланд­тық Вижан Понлиндіге есе жіберді. Мұхтархан Ділдәбеков шешуші тұста ағылшын Одли Харрисонның осал тұсын таба алмады. Қалған үш боксшымыз да жаман жұдырықтасқан жоқ. Олар ширек финалға дейін жетті.

– Бізді бір ерекше қызықтыра­тын жайт, сіз Сидней Олимпиадасына 20 жастағы Бекзат Саттархановты апардыңыз. Сол кезде ол ел чемпионатында әлі топ жармаған еді. Бекзатқа айрықша сенім артуыңыздың сыры неде?

– Иә, ол кезде Бекзат Қазақстан чемпионы атанбаған. Қостанайда өткен ел біріншілігінің жартылай финалында оның сақа спортшы Марат Мәзімбаевтан ойсырай ұтылғаны есімде. Бірақ бапкерлерде ішкі түйсік болады. Жалпы, өз басым Бекзат Саттархановтың суырылып шығатынына кәміл сендім. Ал Бекзат болса, көп жарыстың бірі емес, Олимпия ойындарының алтын тұғырына көтерілді. Сонымен қатар Сиднейде бесінші орын алып, кейіннен жазғы Азиаданың жеңімпазы атанған Нұржан Кәкімжанов та 20 жаста еді. Сол межеден көрінген Данияр Мұңайтпасовтың жасы 22-де. Жалынды жастар жүлде алмаса да, жасыл құрлықта өздерін жақсы қырынан көрсетті.

– Әдетте дүбірлі додаларда керемет нәтиже көрсеткен бапкерлер өз орындарында қалады немесе қызметте жоғарылайды. Бірақ бокста мүлде керісінше болды. 1996 жылы Атлантада айды аспанға шығарған Әбдісалан Нұрмахановты зейнетке дұрыстап та шығарып сала алмадық. Сиднейден кейін сіз де сондай жағдайға душар болдыңыз. Тарихи табысқа қол жеткізген Тұрсынғалиды жұмыстан шеттеткенде басшылық қандай уәжді алға тартты?

– Оның себеп-салдарын маған ешкім айтқан жоқ. Барлық «шаруа» үн-түнсіз шешілді. Кейде ойлаймын, «түрлі жиын барысында менің шырылдап тұрып айт­қан ащы шындығым басшылар­дың шым­байына тиді-ау» деп. Әр басқо­су­да қаражаттың аздығын алға тарттым. Өзіңіз ойлап көріңіз, жаттығатын тұ­рақ­ты жеріміз жоқ. Штаттағы жат­тық­тырушылар мен спортшылардың саны шектеулі. Ал еліміздің бірінші нөмірлі боксшыларына үнемі спаринг-серіктер керек. Қаражаттың жоқтығынан қосал­қы құрамдағы жігіттер жиынға келе алмайды. Еңбекақымызды айтудың өзі ұят. Мәселен, бас бапкер бола тұра, мен небәрі 200 доллар алдым. Қатардағы жат­тықтырушылардың айлығы одан да аз. Нұрлан Балғымбаев Бокс федера­циясының басшылығына келгеннен кейін 1 000 доллар қолға тиді. Сәл болса да жағдайымыз жақсарды. Бірақ барлық мәселе түбегейлі шешімін таппады. Соны мен басшыларға үнемі айтып жүрдім. Бәлкім, осы бірбеткейлігімнің кесірінен арандаған болармын.

– Бас бапкерліктен кеткеннен кейін жағдайыңыз аса жақсы болмаған се­кілді. Сол кездері бәзбіреулерден «Сид­ней Олимпиадасында қазақ боксының абыройын асқақтатқан әйгілі бапкер жатақханада тұрады екен» деген әңгімені құлағымыз шалды...

– Ол рас. Кезінде жеке кәсібімнің барын және тұрмыс жағдайымның жақ­сы болғанын жоғарыда айттым. Үлкен спортқа оралғаннан соң, барлық жұмысым жайына қалды. Табысым кеміді. Әйеліммен ажырасып, үйімді отбасыма тастап, жеке кеттім. Бірер жыл Көлік және коммуникация акаде­миясының жатақханасында тұрдым. Осы­лай қиналып, жұмыссыз жүргенімде Ермахан хабарласып, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) жақсы бір жұмыс­тың барын айтты. Көп ойланбастан Парсы шығанағына жол тарттым. Сонда байқағаным, арабтар бокс, күрес секіл­ді жекпе-жек түрлеріне мүлдем қызық­пайды екен. Дубайға келсем, осы өнер­ді меңгеремін деп құлшынып тұрған ешкімді көрмедім. БАӘ-де жеті айдай еңбек еттім де, елге оралдым. Қазақстан­ға келгеннен соң, белгілі кәсіпкер, меценат Бауыржан Оспановтың қолдауымен Алматы облысы бокс федерациясының вице-президенті, кейіннен сол өңірдің аға жаттықтырушылығына тағайындалдым.

– Ермахан Ыбырайымовтан кейін жеке бапкер ретінде кімдерді тәр­биеледіңіз?

– Қырғызстанда туып-өскен қанда­сымыз Руслан Мырсатаевты елге әкеліп, онымен біраз жұмыс істедім. Аса ауыр салмақта айқасқан ол 2008 жылы Бей­жің Олимпиадасында өнер көрсетті. Бозбала кезінен Иса Ақпербаевты жат­тықтырдым. Марат Мәзімбаев, Юрий Чер­нобровкин, тағы басқа танымал был­ғары қолғап шеберлерінің елеулі табысқа жетуіне менің де қосқан үлесім бар.

– Қазіргі қызметіңіз қандай?

– Қатардағы қарапайым бап­кермін. Талғардағы спорт мектебінде жарты ставкада жұмыс істеймін. Сонымен қатар тұрып жатқан үйімнің маңынан жатақхана мен бокс залын салдым. Бір қуантарлығы, республикамыздың әр өңірінен арнайы іздеп келіп, қол астымда жаттығуды қалайтын жастар әлі де бар. Ара-тұра шетелдік боксшылар да келіп тұрады. Берісі Қырғызстан мен Өзбекстаннан болса, арысы Йеменнен келгендер. Соларды жаттықтырамын.

– Әңгімеңізге көп рахмет, аға! Халық­­аралық аренада атой салатын шәкірт­теріңіз көп болсын!

– Әмин! Көп рахмет!

 

Әңгімелескен –

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»