Туризм • 14 Наурыз, 2024

Этнотуризм өріс алмай тұр

161 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Маңғыстау – еліміздегі туризмді дамытуға әлеуеті зор облыстардың бірі. Осы саланы өрістетуге қолайлы ондыққа кіретін өңірде этнотуризмнің де салмағы басым. Тасын түртсең, тарихты ақтаратын далалық мешіттерді көруге ынтық туристердің шоғыры да қалың. Бірақ жақынды алыс ететін жол азабы сынды инфрақұрылымның ақсауы өңірдің этнотуризмнен түсетін табысын жұқартып тұр.

Этнотуризм өріс алмай тұр

Ілгеріде Туризм және спорт ми­нистрі Ермек Маржықпаев ту­ризмді дамыту жолында был­тыр­ғы атқарылған шаруаны тия­нақ­тап, биылғы жоспарды түзген алқа отырысында осы саланы өріс­тетуге басымдық берілетін ау­мақ­тың тізімін 10-нан 20-ға есе­ле­ген еді. Елдегі 20 туристік ай­мақтың ішінде Маңғыстаудың Жылы жағажайы да бар. Ішкі туризм­ге серпін беру мақсатында министр­лік жергілікті атқарушы орган­дармен тізе қосып, осы бағыт­тар­дың инфрақұрылымын дамыту мақсатында жол картасын да әзір­леді. Маңғыстау облысының әкімі Нұр­лан Ноғаев өңірде туризм­ді дамы­тудың маңызы зор екенін үнемі айтады. Былтыр жазда Түп­қа­раған ауданының тұрғын­да­рымен жүздесуде облыс әкімі жаңа туристік нысандарды құру осы саланы дамытуға серпін болатынын да атап өтті. «Біздің аймақ – елі­міздегі турист ең көп келетін ай­мақ­тың бірі. Маңғыстау облысын­да туризмді дамытуға барлық мүм­­кіндік бар. Кәсіпкерлерге көр­сеті­летін қолдау сервисті, келе­тін туристердің сапалы демалысын қамтамасыз етуге тиіс», деді Н.Ноғаев.

Облыста туризмді дамытуда негізгі басымдық жағажайдағы демалыс кешендеріне берілетіні белгілі. Себебі кейінгі жылдары Каспий жағалауындағы турис­тік кешендердің бой көтеруі қонақтардың қатарын молайтуға серпін беріп отыр. Бірақ туризм бұл өңірде тек жағажаймен тұйықталып қалмайды. Тарихи-мәдени орындар, әсіресе далалық мешіттерді де этнотуризмнің өрісі ретінде игілікке жаратуға болады. 362 әулие дарыған киелі өңірде жер­­асты мешіттері жайлы айтқанда Бекет атаның өз қолымен бой көтерген құлшылық үйі тілге оралады. Бұған қоса Оғланды тауын бетке алып жолға шыққан жолаушы Ақтау мен Жаңаөзеннің арасын жалғайтын күре жолдың бойында Шопан ата үңгірлі мешітіне де соғып, көп жайтқа қаныға алады. Дәуренінде Маңғыстау мен Хорезмнің арасын жалғаған Жібек жолы керуенінің ат байлап аялдар сәулет өнеріне арналған үңгірлі мешіт бүгінде тарихи ескерткіш саналады. Х-ХІІІ ғасырдың озық үлгідегі сәулетті кешендері саналған жерасты мешіт­теріне қамқорлық керек. Бұл мәсе­лені Сенат депутаты Дар­хан Қы­дырәлі көтеріп, қоғамға ой сал­ды. Тарихи-мәдени орындар­ды сақтап қала алғанда ғана этно­ту­ризмді дамытуға даңғыл жол ашыл­мақ. Бірақ ақиқатын бауы­ры­на бүккен тарихи орындар қарау­сыз қалғандықтан да уақыт көшін­де­ сыры кетіп, өшіп бара жатыр.

«Қазақстандағы 25 мың ес­керт­­кіштің жартысына жуығы орна­ласқан Маңғыстау өңірінде мұра­лардың көбі тарихи-мәде­ни ескерткіштер тізіміне енгі­зіл­генімен, оларды қарауға маман же­тіспейді. Мәдени қабаттарды «қара археологтер» мен бұзақылар түрлі вандализм арқылы бүлдіріп жатыр. Жеті жұрт көшкен маңғаз мекендегі қорымдардың қоршау аумағына заңсыз құрылыстар, бейіттер салынып кеткен. Оларға қарсы қолданыстағы «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану» заңы қауқарсыз. Айыппұлы – небәрі 30 мың теңге ғана. Ұлытауда Жошы кесенесінің жанына әлдебір қалталы жақынын жерлеп кеткен, енді нысанды ЮНЕСКО тізіміне енгізу мүмкін болмай тұр. Киелі жерлер шырақшылардың күнкөріс көзіне, бақсы-балгерлердің ордасына айналған. Олардың кей­бірі тарихи орынды сақтап отыр­ғанымен, арнайы білім, ереже-қағи­даттары мен стандарты жоқ. Тіпті ұлтқа ұран болған Бекет ата – жекенің меншігінде. Пір Бекет – бір­ әулеттің ғана айбары емес, ол – бар қазақтың байрағы. Халық­­­тың рухани қалпы мен салтын қалып­тастырған мұндай тұлғалар мекені мемлекет қарауында болуға тиіс», деді Д.Қыдырәлі.

Былтыр Маңғыстау облысында туризм саласы бойынша 325 мың қызмет көрсетілсе, оның ішінде өз елімізден – 290,9 мың, шетелден 35 мыңға жуық турист келген. 2027 жылға дейін 100 млрд теңге сомасына 13 туристік жоба іске асырылып, 700-ден аса жаңа жұмыс орны құрылады. Мұны Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев өңір халқымен кездесуде мәлім етті. Маңғыстау облысында 100 орналастыру орны болса, жол талғамайтын көлікпен жүретін турлар саны да 100-ге жеткен. 346 тамақтану орындары келетін туристерді сапалы сервис ұсынады. Тарихи-мәдени кешендерді де қалыпқа келтіріп, этнотуризмнің тамырына қан жүгіртіп, туристердің үнемі тоқтауына бар мүмкіндік жасау да түсетін табысты арттырудың қайнары екенін естен шығармаған жөн.